Жаңа облыс жастарына – 100 миллион теңге

Жаңа Қазақстанның дамуына серпін беретін қуатты күштің бірі әрі бірегейі жастар қауымы. Ел ертеңіне жауапты буынның осынау сенім үдесінен шығуына негіз қалау – Мемлекет басшысынан бастап, әр деңгейлі атқарушы биліктің назарында тұрған мәселе. Соған орай, биылғы жылы Қарағанды облысы әкімінің жас кәсіпкерлерді қолдау мақсатындағы грантының жиынтық сомасы 200 млн. теңгені құрап отыр. Бұл – 100 жас кәсіпкерге 2 млн. теңгеден тапсырылады деген сөз. Маңызды мәселе облыс әкімі Жеңіс ҚАСЫМБЕК төрағалық еткен Жастар ісі жөніндегі кеңестің жаңа құрамының алғашқы отырысында талқыға түсіп, пысықталды.

Облыстық кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаеваның мәлімдеуінше, аймақ аумағында 95 300 шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі жұмыс істесе, оның 15 560-ы – 29 жасқа дейінгі жастар өкілдері. «Биыл облыс әкімінің әр кәсіпкерге беретін гранты 2 млн. теңгеге ұлғайды. 100 грант беру – жоспарда. Ал, қала мен аудан әкімдерінің грантына 140 млн. теңге қарастырылды. Бұл шамамен 200 грант. Кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба мен облыстық бағдарламалар аясында биыл 800 жас азаматтың жобасын, оның ішінде, 385-ін облыстық жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармасы арқылы қаржыландыру жоспарлануда. Сондай-ақ, жаңа бизнес-идеяларды іске асыру мақсатында «Бизнестің жол картасы» бағдарламасы бойынша 6 мақсатты грантты кәсіпкерлік басқармасы бөледі. Бір грант сомасы 5 млн. теңгені құрайды. Байқау осы жылдың ІІІ тоқсанында «Электрондық үкімет» веб-порталының Qoldau.KZ платформасы арқылы электронды түрде жүзеге асырылады деп жоспарлануда» деді Татьяна Аблаева өз хабарламасында.

Гранттарды бөлу кезінде креативті салаларға, оның ішінде, дизайн және сән, өнер, теледидар, кино және музыка, баспа және журналистика, сәулет, маркетинг және коммуникация, шығармашылық индустриядағы білім, компьютерлік графикаға ерекше мән берілетіні белгілі болды. Биыл шағын қалаларда, сондай-ақ, ауылдық жерде жылдық өсімі 5 пайызбен микро және шағын кәсіпкерлікті қолдау шарасы басталады. Сонымен қатар, жылдық 6 пайызбен жеңілдетілген шағын несие беру үрдісі жолға қойылған. «Бизнестің жол картасы — 2025» бағдарламасы бойынша жас кәсіпкерлердің 50 жобасын субсидиялау жоспарлануда. Жастар кәсіпкерлігі жаңа жұмыс орындарын ашып, жұмыссыздық деңгейін төмендетуде айтарлықтай маңызға ие.

Осы ретте, грантты беру Ережесіне өзгерістер енгізілгенін айта кеткен жөн. Мәселен, жаңа талап бойынша грантты бұрын алған Бізге ұсынылған ақпараттық материалдарда облыс әкімінің жастар кәсіпкерлігін қолдау гранттарына құжат қабылдау маусым айында басталады деп көрсетілген. Демек, облыстарды ресми түрде бөлу туралы Президент Жарлығы шыққан уақыттан Ұлытау облысының құрамына өту ықтималдығы жоғары Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары және Ұлытау, Жаңаарқа аудандарының жас кәсіпкерлері грант алу үшін құжаттарды тапсыру мүмкіндігінен айырылып қалады деген сөз. Биыл қаражат көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 2 есе өскен. Биылғы жылға жоспарланған 200 млн. теңгенің үлестік бөлігін жоғарыда аталған аймақтарға нысаналы түрде бөлуді қарастыруларыңызды өтінемін, – деді Ақжол Ахатұлы өз сөзінде.

Жеңіс Махмұдұлы бұл ұсыныстың орынды екенін атап өтті. Облыстық жастар саясаты мәселелері жөніндегі басқарма басшысы Біржан Әлімжанов аталған аймақта облыс жастарының 17 пайызы шоғырланғанын алға тартып, үлестік бөлініс тұрғысынан жалпы соманың 40 млн. теңгесін бағыттауға болатынын айтты.

Облыс әкімі үлес салмағын есепке алмай, жаңадан құрылатын Ұлытау облысы жастарына қаралған қаржының тең жартысын, яғни, 100 млн. теңгені нысаналы түрде бөлу туралы тапсырма берді. Сонымен қатар, аймақ басшысы грант алу шарттарына қатысты ақпараттық-түсіндіру жұмыстарын күшейтуді және бюджет қаражатын бөлудің ашықтығын қамтамасыз етуді тапсырды.

– Ауылдық жерлердегі жастар грант алу мүмкіндігі, байқауларға қатысудың критерийлері мен индикаторлары туралы әрдайым біле бермейді. Грантты кім ала алады? Сонымен қатар, қандай жобалар қолдау табады? Олар бұдан бейхабар. Мұны ауыл жастарына жеткізу керек. Осы бағытта жүргізіліп жатқан жұмысты қайта қарау қажет. Гранттарды тек әлеуетті жобалар ғана алуы тиіс, – деп атап өтті Жеңіс Махмұдұлы.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ