Депутаттар ел ішінде

Өткен аптада Қаражал-Жәйрем өңіріне Ұлытау облыстық мәслихаттың тұрақты комиссияларының көшпелі отырысы болып, өңірдегі проблемалармен танысып, халықты тыңдады. Қаражал қаласының және Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталықтарында облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов және облыстың тұрақты комиссияларының төрағалары жеке қабылдау өткізді.

Жәйрем кентіндегі жеке қабылдауға Қаражал қаласының әкімі Айқын Елеусізов, Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов, Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова, Қаражал қалалық мәслихатының депутаттары қатысты.
Кенттегі жеке қабылдауға келіп, сұрақ қоюшылар өте көп болды.
Жәйрем кентіндегі жергілікті қауымдастық төрағасы Асқарәлі Омаров бірінші кезекте көпқабатты үйлердің жертөлелерін күтіп ұстау жөнінде мәселе көтеріп, «Жәйрем Болашақ» КММ-не көпқабатты үйлердің жертөлелерін күтіп ұстау жұмысын беру немесе басқа жолдарын қарастыру туралы ұсыныс тастады. Екінші сұрағы электр жарығы мәселесі болды. Жәйрем кентінде «Казэнергоцентр» мекемесі қызмет атқарады. Бірақ, жарық сөнген жағдайда, аталған мекемеде апатты жөндеу үшін мамандары, арнайы техникалары, басқа да арнайы құралдары жоқ екендігін айтып өтіп, үшінші мәселе кентімізде салынуға тиісті дене шынықтыру-сауықтыру кешені жайлы сауал қойды.
Сұрақты мұқият тыңдаған Бауыржан Шыңғысов бірінші сауалға мемлекет бюджетінде көпқабатты үйлердің жертөлелеріне жөндеу жұмыстарын жүргізуге қаражат қарастырылмаған. Сол себепті, кент тұрғындарына өздері тұрып жатқан көпқабатты үйлердің жертөлелерін өздері күтіп ұстауы керектігі түсіндірілу қажет екендігін айтты.
Екінші сұраққа энергонадзор мекемесін Жәйрем кентіне тексеріспен жіберетінін, аналитикалық анықтама дайындалған соң, сол бойынша облыстық сотқа жүгінетінін айтып, сонымен қатар, Асқарәлі Боранбайұлының ғана емес, жалпы жәйремдіктердің көкейіндегі сауал ФОК құрылысы жүретінін кесіп айтты.
Келесі болып тыңдалған кент тұрғыны Хапар Қалибек өзі тұратын Жәйрем кенті, Асатов көшесіндегі 8/1 үйде әлеуметтік жағдайы төмен 16 отбасы тұратынын, үйдің шатырынан су ағатынын, кәріз жүйесі істен шығып тұрағанын айта келе, мемлекет тарапынан көмек сұрады.
Көшедегі қоқыстар мен жыл сайын көктемде ағынды су жиналатын Ш.Уәлиханов көшесінің жағдайын қозғаған Ғалым Нұрғалиевқа қоқысты лақтырмаудың алдын алу үшін қоқыс тастаған адамды фотоға, видеоға түсіріп, полиция қызметкерлеріне тапсыру керек, сол бойынша айыппұл салынатын болатыны түсіндірілді.
Әрі қарай, Қаражал-Жәйрем арасында спринтер жүрмейтіндігі, балаларды спартакиадаға апаратын көлік жоқтығы, апарып келуге берілетін қаражат кеш түсетіндігі, сол себепті ата-аналар өз қаражатын жұмсайтындығы, спортпен шұғылданатын балаларды ерте келген жағдайда спорт кешеніне кіргізбейтіндігін айтып, шара қолдануды сұраған жергілікті тұрғын Азамат Ахметовтың өтінішін қанағаттандыруды қала басшыларына тапсырды.
Жәйрем кентіндегі №30 жалпы білім беретін мектепке биылға жоспарланған жөндеу жұмыстары неге жасалмай жатқандығы жөнінде сауал қойылып, облыстан келген басшының сөзіне сенсек мектептің жөндеу жұмыстары 2 жылға жоспарланып, алдағы 2025-2026 жылдары жүргізілетін болады деген жауапты сұрақ қоюшымен бірге тыңдап, қуанысып қалдық.
Осындай басты-басты сұрақтармен қатар, көптеген сауалдар қойылып болған соң, Бауыржан Шыңғысов пен тұрақты комиссия мүшелері Жәйрем кентіндегі нысандарды аралады.
Бірінші кезекте жаңадан ашылған «Ажар» балабақшасына ат басын тіреп, балабақшаның заманауи ұлттық үлгідегі өмірімен танысып, тәрбиешілердің ұсыныстары мен тілек-наздарын тыңдап, тиісті жауаптарын беріп, әрі қарай жергілікті ауруханаға барды.
Кентіміздегі жалғыз аурухананың бар жағ­дайымен аурухана басшысы Дәурен Смағұлов таныстырып, тапшы мамандар мен шешілмей жүрген бірқатар сауалдарын ортаға салды.
Өңірімізге арнайы келген делегаттар қызметтік іс-сапарларын әрі қарай Қаражал қаласында жалғастырмақ ниетпен, ат басын сол жаққа бұрды.
Қаражал қаласында болған жеке қабылдауға алғашқы болып кірген Сәттібай Дүкенбаев Ақтай шағын ауданының маңындағы жайылым жерлерінің аумағын үлкейту туралы, Ақтай шағын ауданы жанындағы көпірдің салынуы туралы, асфальт үстімен үлкен жүк көліктерінің жүруі жайында мәселелер қозғалды.
Анжелика Ковалева 5 жастан асқан балалардың балабақшадан босатылуы туралы, Тәуелсіздік көшесі 8 үйдің бір бөлігін жөндеу мәселесі туралы сұрақтарын қойса, Алтын Молдабаева пәтерді жекешелендіру туралы, Мешітбай Омар «Жәйрем КБК»АҚ ауызсуды өндірістік мақсаттарға пайдалану жөнінде, Қылыш су қоймасынан тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға су тарту туралы, Қуантай Ақылбеков шаруа қожалығының маңындағы жайылым жерлерді геологтар қазып, орындарына рекультивация жасалмағанын және Байыр-Байғұл-Қараой жайылымдық жерлерінде жылқы өлекселерінің жатуы, эпидемиялық жағдай тудыруы туралы сұрақтарын қойды.
Жеке қабылдауға келушілердің барлық сұрақтарын мұқият тыңдаған Ұлытау облыстық мәслихаттың төрағасы Бауыржан Шыңғысов тиісті жауапты тұлғаларға міндеттемелер жүктеп, мерзімін нықтап белгілеп берді.
Тұрақты комиссия әрі қарай Қаражал қаласындағы нысандарды аралап, құрылыстары жүріп жатқан жабық жүзу бассейніне, өрт сөндіру депосына барып, құрылыс жұмыстарының жай-күйімен танысып, өз ұсыныстары мен ескертулерін жасады.
Қаражал қаласының орталық ауруханасына барып аурухана директорының міндетін атқарушы Асан Кабуловтың өтініштерін тыңдап, проблемаларына құлақ түріп, тиісті тұлғаларға тапсырма берді.
Бұл күнгі айтылып, қозғалған барлық мәселелер, көкейтесті шаруалар, маңызды проблемалар айтылған жерде қалмайтынына, оңтайлы шешімін табатынына үлкен үміт артамыз.

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА,
Қаражал қалалық
мәслихаттың депутаты.