Тәуелсіздік – бабалар аңсауы, ұрпақтың қолы жеткен киелі кезең. Тәуелсіздік – таңбасы таста, қаны қара жердің тамырында жатқан құдіретті сөз. Еліміз Тәуелсіздіктің бесігінде тербелгелі 32 жыл.
32 жыл ішінде Қазақстан етек-жеңін жиып, шекарасын бекітіп, өз алдына дербес зайырлы ел болды. Бұл атадан келе жатқан ұлы жеңістің жемісі. 1991 жылы 16 желтоқсанда егемендігін алған еліміздің өз Президенті, ұлты мен ұлысы, салты мен дәстүрі, мәдениеті мен экономикасы болды. Желтоқсанның желі мен ызғарына қарсы тұрған жастардың жалынды рухы мен ерліктерінің арқасында шаңырағы биік, керегесі кең мемлекет болып қалыптастық.
Байтақ ел, күн сәулетті Қазақстан бүгінде дамудың даңғыл жолына түсті. Өлшеусіз табиғат байлығымен ғана емес, ең алдымен сан түрлі ұлттардан құралған халқының ауызбірлігімен аты шықты. Бүгінгі Қазақстан өзі орналасқан аймақтың ғана емес, бүкіләлемдік проблемаларды талқылауда және шешуде ықпалды рөл атқарып келеді. Дүниеде бақыт дегеннің өзі бағалай білгеннің, барға асып-таспай, жоққа сабыр сақтай алғанның ғана басына тұрақтайды екен. Тәуелсіздік те бақыт құсы сияқты емес пе, ендеше, басымызға қонған бақыт құсын бағалайық.
Гүлжазира ТӨЛЕУОВА,
Қаражал қалалық сотының
бас маман-сот отырысының хатшысы.