Еңбегіне сай құрметі  

Биыл Жәйрем кентімен іргелес жатқан Қаражал қаласының құрылғанына 60 жыл. Бүгінгі күні күн санап көркейіп келе жатқан қазыналы өңірдің өткені мен бүгініне шолу жасап, осы 60 жыл ішінде не өзгеріп, не жөнделгенін мерейтой иесімен қатар өскен, осы өңір үшін еңбек етіп, маңдай терін сіңірген жандардан естіп, білеміз.

Ия, «кешегісіз бүгін жоқ» демекші, бүгінгі күннің жетістігін жетік білу үшін кешегі күннің қыр-сырына үңілген дұрыс. Қаражалмен қатар өсіп, өзінің нағыз жалынды жастық шағын өрістес екі өңірдің өркендеп дамуына арнаған жандардың бірі- Қаражал қаласының Құрметті азаматы Шамбулов Марлан Рымбекұлы.

Марлан Рымбекұлы 1959 жылы Қарағанды облысы, Рудник кентінде көп балалы отбасында дүниеге келген. 1965 жылы мектеп табалдырығын аттап, 1975 жылы тәмамдап, алғашқы еңбек жолын Теректі станциясында Кеңгір СХОС-ында қосалқы жұмыскер болып бастап, 1980 жылдарға дейін Жезқазған қаласындағы Рембыттехника Басқармасында слесарь, автослесарь, жүргізуші қызметтерін атқарып, 1980 жылы Қарағанды политехникалық институтын аяқтап, қолына «Инженер-құрылысшы» мамандығын игерген дипломды алып шығады.

Дипломды алған соң жас маман ретінде «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ директоры Садық Асатовтың арнайы шақыртуымен Жәйрем жеріне келіп, қызметке кірісіп, 42 жыл бір орында тапжылмай еңбек етіп, бүгінгі таңда құрметті демалыста. 42 жыл ішінде Жәйрем кентінде бой көтерген қаншама құрылыс нысандарының барлығында Марлан Рымбекұлының алақанының ізі бар десек артық айтпаған болар едік.

Құрылысшы ағаның өндірістегі кәсіби шеберлігі өз алдына, ал шын мәніндегі оның азаматтық тұлғасы нық, парасат-пайымы өзгелерден биік. Сонау тоқсаныншы жылдары қаржы іздеп, қарын қамымен қаншама әріптестері, жолдастары үлкен қалаларға қоныс аударып кеткенде Марлан аға осы Қаражал-Жәйрем өңірін тастап кеткен емес. Өйткені, ол кісінің ертеңге деген сенімі зор еді. Өзінің бір сөзінде «Жәйрем дүркіреп тұрғанда келгенмін бұл өңірге, гүлденіп, көркейіп, жандануына үлесімді аз қосқан жоқпын, одан кейін тоқсаныншы жылдарғы тоқырау өз елімізге ғана емес, әлемге танылған Жәйремімізді тоздырып жіберді, енді қайтадан көркейіп, жарқырағанын көріп қана қоныс аударуым мүмкін басқа жаққа, Аллаға шүкір қазір жағдай күн санап жақсарып келеді», дейтін ісіне адал азамат «Amanat» партиясының мүшесі. 2007 жылы Қарағанды облыстық мәслихаттың депутаты, 2012 жылы облыстық мәслихаттың бесінші шақырылым депутаты, 2016 жылдан бастап Қаражал қалалық мәслихаттың алтыншы, жетінші шақырылымының депутаты, 2023 жылдан сегізінші шақырылым депутаты болып сайланды. «Астанаға 10 жыл», «ҚР Тәуелсіздігіне 20  жыл» және «ҚР мәслихаттарына 20 жыл, 25 жыл», І, ІІ, ІІІ дәрежелі «Еңбек даңқы» төсбелгілерінің иесі. 2013 жылы мемлекеттік «Ерен еңбегі үшін» төсбелгісін, 2018 жылы «Құрметті құрылысшы» атағын алған.

Бұл марапаттың барлығы еңбекқор азаматтың Қаражал-Жәйрем өңіріне сіңірген  зор еңбегінің бағасы. Облыстық мәслихаттың депутаты ретінде «Тұзкөл» су құбырының ІІ кезекте тартып, Қаражал-Жәйрем тұрғындарын ауызсумен толықтай қамтамасыз етуге бар күшін салды. Ол кездері облыстан бөлінетін қаражатты өз өңіріміздің керек-жарағына қарай бағыттай алу үлкен еңбекті қажет ететін еді. Самал-Қаражал жолдарының түзелуіне, ауруханалардың, жергілікті мектептердің жөнделуіне облыстан қаражат бөлінуіне көп еңбек етті. Қазіргі кезде де халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, қолынан келгенше бар көмегін көрсететін жанашыр азамат.

Өмірлік жары Нескен жеңгемізбен екі ұл, екі қызынан 10 немере сүйіп отырған бақытты отбасы.

– Бұрын  Жезқазған қаласындағы Горисполкомға қараған Жәйрем кенті 1986 жылы көктемде Қаражал қаласының құрамына берілді. Содан бастап Жәйрем кенті Қаражалға қарайды. Қаражал қаласының тоқсаныншы жылдардағы тоқырау заманынан кейінгі жай-күйін ақырындап көтерген Ерболат Каргин, Ғалым Мұқашев, Ахат Құрмансейітов, Ғалым Әшімов, Қайрат Шорманбаев сынды азаматтар. Соңғы алты жылда Қаражал қаласы қарқынды дамып келеді. Ол қазіргі әкім Тілектес Досаевтың ерен еңбегі деп білеміз. Алдағы уақытта да бұдан да керемет көрініске енеді деген сеніммен, Қаражал қаласына жарқын болашақ тілеймін, — дейді Қаражалдың кешегісі мен бүгініне куәгер азамат.

Болашақтың жарқындығына ғана сенетін, халық қалаулысы, Қаражал қаласының құрметті азаматы Марлан Рымбекұлына біз сәттілік тілейміз. Артынан еріп келе жатқан жас буынға үйретері көп азаматтың халық алдындағы абыройы асқақтай берсін!

 

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА