Үстіміздегі жылдың 19 қаңтарында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен барлық деңгейлердегі мәслихаттардың өкілеттігін тоқтату туралы Жарлыққа қол қойды. Сөйтіп, халық қалаулылары жылы орындарынан мерзімінен бұрын тұрды. Солардың бірі біздің жерлесіміз, Мәжіліске үш дүркін сайланған экс-депутат – Арман Қожахметовке қоңырау шалып, көңіл-күйін біліп, көкейіміздегі бірқатар сұрақтарды қойған едік.
– Арман Төлешұлы, өткен аптада Мемлекет басшысының Жарлығымен Мәжіліс пен мәслихат депутаттары таратылды. Мұны қалай қабылдадыңыз?
– Жалпы, бұл аяқ астынан бола салған нәрсе емес. Парламенттің төменгі палатасы мен барлық деңгейдегі мәслихат депутаттарының өкілеттігі мерзімінен бұрын тоқтатылатыны өткен жылдың қыркүйегінде айтылған болатын. Содан бастап, Парламент Мәжілісінің жаңа құрамын іріктеуге қатысты дайындық жұмыстары басталды. Парламент жаңа, әділетті Қазақстан құру жолындағы саяси реформаларды жүзеге асыруға бағытталған заң жобаларын пысықтады. Конституцияға, сондай-ақ Президент туралы, Парламент туралы, сайлау туралы, саяси партиялар туралы, және басқа да заңдарға көптеген түзетулер енгізді. Бұл түзетулер мәжілістің рөлін арттырды.
Мәжіліс пен жергілікті мәслихаттар депутаттарын сайлау жүйесіне де өзгерістер енді. Енді халық бұл органдарға саяси партиялар бойынша ғана емес, бір мандатты округтер бойынша да азаматтарды сайлай алады. Бұл Парламенттегі пікір бәсекелестігін арттырады. Сондықтан елдегі реформаларды одан әрі дамытуда үлкен жұмыстар жүретін болады.
Негізі бұл талап саяси партиялар тарапынан да туындады. Оны Президент естіді. Мұны барлық әріптестерім қолдады. Бәрі дұрыс қабылдады және оны жүзеге асыруға біркісідей қатысатын боламыз.
– Алдағы саяси додадағы басты өзгерістер мен ерекшеліктерді атап айта аласыз ба?
– Әрине, биылғы саяси додада айтарлықтай өзгерістер мен ерекшеліктер орын алып отыр. Сөзімнің басында айтып өткенімдей енді халық өз қалаулыларын партиялық тізім бойынша ғана емес, округтер арқылы да сайлай алады. Жалпы, бұл 2004 жылдан кейін алғаш рет қолға алынып отыр. Енді Мәжіліске депутаттар бір мандатты округтер арқылы сайланады және олардың мандаты да қысқарды.
Тағы бір ерекшелік — үміткерлерге партиялар мен Үкіметтік емес ұйымдар атынан ғана емес, өзін өзі ұсынуға мүмкіндік туды. Әйелдер, жастар және ерекше мұқтаждығы бар адамдар үшін қарастырылған 30 пайыздық квота партиялық тізім мен мандаттардың бөлінісі кезінде сақталады.
Айтпақшы, Мәжілістің жаңа құрамында Қазақстан халқы Ассамблеясының квотасы болмайды. Алғаш рет Мәжіліс пен мәслихаттар сайлауында «бәріне қарсымын» деген баған сайлау бюллетеньдеріне енгізіледі.
Міне, осында-осындай басты ерекшеліктер бар. Халыққа түсінікті қарапайым тілмен айтар болсам, мұндай, саяси реформалардың басты мақсаты мемлекеттік органдардың жұмысын тиімді ету. Жергілікті мәслихаттар өңірлердің дамуына қамқорлық жасауы, атқарушы органдардың жұмысын бақылауы керек. Ал, Парламент сапалы заңдар қабылдап, Үкіметті бақылауы керек. Елімізде белсенді, саяси азаматтар көп. Жеті саяси партия тіркелген. Мәжіліс пен мәслихатқа жаңадан келген депутаттар осыны ескеріп, партиялар мен депутаттардың күш-жігері осы мақсатқа жұмылуы керек.
– Өзіңіздің осы додаға қатысу жоспарыңызда бар ма?
– Мен үш шақырылымның депутаты болдым. Бұл үшін жерлестеріме менің алғысым шексіз. Мен үшін бұл үлкен мәртебе болды. Ел мүддесі үшін бар күш-жігерімді жұмсап, жауапкершілікпен еңбек еттім. Менің ойымша Ұлытау өңірінде елдің, аймақтың намысын қорғайтын лайықты азаматтар аз емес. Сондықтан ендігі кезекте соларға орын беруім керек.
Жалпы мен «Аманат» партиясының мүшесімін. Ал, егер, партия мені тізімге қосып жатса, мен одан әрине, бас тартпаймын.
– Халық қалаулыларының қатарына кімдердің келгенін қалар едіңіз?
– Жаңа депутаттардың арасында шынайы ел қамын ойлайтын азаматтарды көргім келеді. Белсенді және білімді, әрқашан білім алып, алдына зор мақсат қоятын жастардың келгенін қалаймын.
– Әділетті Қазақстан дегенді қалай түсіндірер едіңіз?
– Әділетті Қазақстан – бұл барлығымыздың заң алдындағы теңдігіміз, азаматтардың қай салада болмасын, мейлі дүкенде, жұмыста, әкімдікте, сотта құқықтарының сақталуы мен бостандығы. Осы қағидаттарды баршамыз мүлтіксіз орындағанда шынайы әділетті Қазақстан салтанат құра алады.
– Қазақстан әділетті болуы үшін қандай заңдар қабалдануы керек?
– Қазақстан әділ болуы үшін қазірдің өзінде қабылданған заңдар орындалуы керек. Біз көптеген заңдар қабылдаймыз. Бірақ, олардың орындалуы халықтың сынына ұшырап жатады. Сондықтан, заңның риясыз орындалуын бақылауды күшейту керек деп ойлаймын. Қазір мен осы тақырыпта диссертация жазып жатырмын. Бір жыл болды. Өкінішке орай, бұл мәселеге Үкіміт әлі де жете мән бермейді.
– Өткен шақырылымда қандай мәселелерге баса назар аудардыңыз?
– Мен жетінші шақырылымда заңнама және сот-құқықтық реформалар комитетінің төрағасы болғандықтан сот реформасы мәселелеріне көп көңіл бөлдім. Судьялыққа үміткерлерді реттеу, сот процесінде пікірлестікті арттыру, адвокаттардың құқықтарын арттыру мәселелері басты назарда болды. Біз комитетте сотталғандармен жұмысты ұйымдастыру мәселесімен де айналыстық. Және сондай-ақ, Жезқазған қаласын сумен қамтамасыз ету, Байқоңыр ғарыш айлағынан гиптилді зымырандарды ұшыруға тиым салу, Ұлытау өңіріндегі қатерлі ісік, экологиялық мәселелер, жол салу мәселелері де басым болды. Бұл мәселелер алдағы жылдары өз шешімін табады. Оған мен сенемін. Биылдың өзінде Үйтас-Айдос жерасты суларын пайдалану, су құбырларын тарту құрылысы басталады.
Менің өтінішім бойынша Үкіміт Байқоңыр ұшу айлағының адамдардың денсаулығына әсерін байқау үшін ведомствоаралық комиссия құрды. Ғылыми зеттеулерге тапсырыс берілді. 2026 жылдан бастап гиптилді зымыран ұшыру тоқтатылатын болады. Жезқазған–Қызылорда тас жолын жөндеуге қаржы бөлінеді. Алдағы уақытта да осы мәселелердің орындалысын қадағалайтын боламын.
– Соңғы сауал, Арман Төлешұлы, қазір немен айналысуды көздеп отырсыз?
– Жоғарыда айтып өткенімдей, мен диссертациямды тездетуді жоспарлап отырмын. Егер үлгерсем желтоқсан айында докторлық диссертациямды қорғағым келеді.
Мамандығым бойынша жұмыс іздеймін. Баршаға мәлім, мен – заңгермін. Менің де үлкен арманым бар. Сол арманыма жету мақсатында Ұлытау өңіріне ірі инвесторларды тарту мәселесімен айналысып жатырмын қазір. Ол арманым жайлы әзірге егжей-тегжейлі айтпаймын. Бірақ біз табысқа жетеміз деп үміттенемін.
– Әңгімеңізге рахмет.
Сұхбаттасқан Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ.