Мұхтар Әуезов – дәуір тұлғасы

Қаражал қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы орталықтандырылған кітапханада заңғар жазушы Мұхтар Әуезовтің 125 жылдық мерейтойына арналған «Мұхтар Әуезов – дәуір тұлғасы» атты аса тартымды әдеби-мерекелік кеш өткізілді. Іс-шара мақсаты – дара бітімді қаламгердің өмірі мен шығармашылығын кеңінен насихаттау, сонымен қатар, кітапхана қорындағы жазушыға қатысы бар барлық әдебиетті оқырман назарына ұсыну.

Мерекелік іс-шара оқушылардың қатысуымен ұйымдастырылған театрландырылған қойылым кешке қатысушыларды айрықша тәнті етті. Қойылымды Қаражал қаласының балалар өнер мектебі «Жауқазын» театрының оқушылары «Жетім» әңгімесі бойынша сахналады.

Сахнадағы көрініспен біте қайнап, сол шығарманың бір бөлшегі іспетті алапат күй кештірген туындыны Мұхтар Әуезов 1925 жылы жазған еді. Қараңғы түнде жападан-жалғыз тау ішін кезіп келе жатқан баланың қорқынышы, оның тағдырға налып, жетімдіктің қасіретіне лағнет айтқан өмірін жазушы қалай әсерлі суреттесе, балғын әртістер де соны көрерменге шынайы сезіндіріп, сендіре алды. Басты кейіпкер Қасымның рөлін сомдаған Мәдина Әрінова ішкі жан-дүниесін жарқырата көрсете білді.

Мұхтар Әуезовтің «Жетімі» бүгінгі қоғамда әр қазақ оқуы тиіс шығарма десек, қателесе қоймасымыз анық. Өйткені, бүгінгі таңда туған баласын қоқыс жәшігіне, ата-анасын қарттар үйіне тастап кету біздің қоғамда үйреншікті жағдайға айналған.

Ал, «Жетім» шығармасы сол замандағы жетімдіктің қиындығы мен зарын баяндайды. Жетім Қасымның тағдыр тауқыметін сыр шертетін шығармада қазақтың «Жетім көрсең, жебей жүр» деген мақалы еріксіз еске түседі. Әр бала өзінің ата-анасымен бақытты. Ата-ананың қадіріне жете білейік.

Автордың шығармасын таңдау, оны «тірілтіп» сахналау үшін де жылы жүрек пен нұрлы ақыл керек-ақ. Сондықтан, осынау шараның сәнін келтіріп, көрерменді риза еткен балалар өнер мектебінің «Жауқазын» театрының әртістері мен жетекшісі Ива Абиеваға алғыс айтқан жөн.

 Мөлдір ОРАЗАЛИНА,

Қаражал қалалық Сәкен Сейфуллин атындағы кітапхананың оқырмандарға қызмет көрсету бөлімінің меңгерушісі.