Ана болу сыйлығы

Қазақстанда 2023 жылдан бастап «Марапатталған аналар» жаңа мәртебесі енгізіледі.

Бүгінгі таңда алты баланы дүниеге әкеліп, өсірген аналар «Күміс алқа» алқасымен марапатталады; жеті бала туып, өсірген аналар «Алтын алқа» алқасын алып, екеуі бірдей жәрдемақы алады. Әлеуметтік әділеттілікті орнату үшін мемлекеттік жәрдемақы мөлшері сараланады. Осылайша, «Алтын алқа» алқасымен марапатталған немесе бұрын «Батыр ана» атағын алған, I және II дәрежелі «Ана даңқы» ордендерімен марапатталғандарға берілетін жәрдемақы мөлшері 6,4 АЕК-тен 7,4 АЕК-ке дейін өседі. Сондай-ақ, «Алтын алқа» және «Күміс алқа» алқаларының иелеріне «Наградталған аналар» жаңа мәртебесі беріледі.

Орайы келгенде айта кетейік, Қазақстанда балалы отбасыларды әлеуметтік қолдауды күшейту бойынша шаралар кешені әзірленді. Мәселен, 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап бала күтімі бойынша төлем мерзімі бір жылдан бір жарым жылға дейін ұлғайтылады. Бұл шара жұмыс істейтін және жұмыс істемейтін ата-аналарға да әсер етеді.

Келер жылдан бастап елімізде бір жастан алты жасқа дейінгі балаларға арналған кепілдендірілген әлеуметтік пакетті монетизациялау енгізіледі. Бұл шара атаулы әлеуметтік көмек алушылардың арасынан 190 мыңға жуық балаға қатысты болады. Монетизация ата-аналарға баланың жеке қажеттіліктерін ескере отырып, өнімдерді өз бетінше сатып алуға мүмкіндік береді.

Балалы отбасыларды мемлекеттік қолдаудың бұл түрлері Қазақстан Республикасының Әлеуметтік кодексінің жобасында қазірдің өзінде енгізілген. Бұл құжат мемлекеттік әлеуметтік саясаттың ортақ іргелі қағидаттары мен бағыттарын айқындайтын болады. Кодекс азаматтардың өмір бойы оларға кепілдік берілген әлеуметтік құқықтары туралы ақпараттың бірыңғай көзіне айналады.

Өз тілшімізден.