Ұлытау облысында қоқыс шығару жұмыстарын бақылаудың цифрлық жүйесі енгізілді

Жезқазған және Сәтбаев қалаларында қатты тұрмыстық қалдықтарды шығару жұмыстарын цифрлық бақылауға арналған Waste Management платформасы енгізілді. 24 қарашадағы жағдай бойынша жүйеде қалдықтарды жинақтайтын 304 орын, 1 036 контейнер және қоқыс тасымалдайтын 12 көлік тіркелген, деп хабарлайды Ұлытау облысы әкімдігінің ресми сайты.
Жүйе Жезқазған қаласында 2026 жылғы 30 қазаннан, ал Сәтбаев қаласында 6 қарашадан бастап өндірістік пайдалануға берілді.
Платформа контейнер алаңдары мен көлік құралдарының есебін жүргізуге, жұмыс кестелері мен маршруттарды жоспарлауға, қоқыс тасымалдайтын көліктердің бағытқа шығуын және қалдықтарды жинақтау орындарына баруын бақылауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ жүйеде абоненттер туралы мәліметтер есепке алынып, полигонға жеткізілген қалдықтарды өлшеу нәтижелері мен олардың көлемі тіркеледі.
Цифрлық жүйе қоқыс тасымалдайтын көліктің қалдықтарды жинақтау орнынан оларды орналастыру нысанына дейінгі қозғалысын қадағалауға мүмкіндік береді. Өз кезегінде жергілікті атқарушы органдар қалдықтарды шығару жұмыстарының орындалуы мен көрсетілетін қызметтің сапасын бақылай алады.
Платформамен жұмыс істеу үшін қоқыс шығаратын ұйымдардың диспетчерлері, абоненттік бөлімдерінің қызметкерлері мен жүргізушілері оқытудан өтті. Жүйеге жүргізушілер, көлік құралдары және қалдықтарды жинақтау орындары туралы мәліметтер енгізілді. Сондай-ақ жүргізушілерге қосымшамен жұмыс істеу үшін 14 ұялы телефон берілді.
Платформа өндірістік пайдалануға берілген сәттен бастап 24 қарашаға дейін екі ұйым 178 маршруттық парақты іске қосты. Қалдықтарды жинақтау орындарына жоспарланған 4 825 сапардың 2 978-і орындалды. Бұл көрсеткіштер жүйе жұмысының бастапқы кезеңіне тиесілі.
Платформа «Жеке тұлғалар» мемлекеттік деректер базасымен және EcoQolday.kz жүйесімен интеграцияланған. EcoQolday.kz арқылы операторға инфрақұрылым, қалдықтарды шығару жұмыстарын жоспарлау және орындау, контейнер алаңдарына баруды фотосурет арқылы тіркеу, сондай-ақ қалдықтарды полигонға жеткізу туралы мәліметтер беріледі.
Жүйені енгізу қоқыс шығару қызметінің ашықтығы мен сапасын арттыруға, сондай-ақ өңірде қалдықтармен жұмыс істеуді бақылау тетіктерін жетілдіруге бағытталған.
