Ұстаздар күніне орай «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының және филиал жанындағы Әйелдер қанатының ұйымдастыруымен «Ұстаз айтса» республикалық диалог алаңы аясында облыс ұстаздарымен кездесу өтті.

Кездесуге «Әділет» партиясы Ұлытау облыстық филиалының басшысы Ақжол Құрмансейіт, партияның Әйелдер қанатының мүшелері, облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Маратбек Төребеков, Қазақстан Республикасы білім беру ісінің үздігі және Жезқазған қаласының құрметті азаматы, ардагер ұстаз Нұрия Жұмажанова, білім саласына елеулі үлес қосқан ардагер ұстаздар мен жас мамандар қатысты.

Іс-шара барысында Ақжол Құрмансейіт ұстаздарды кәсіби мерекелерімен құттықтап, олардың қоғамдағы айрықша рөлін атап өтті. Сонымен қатар бірқатар ұстаз партия қатарына қабылданып, белсенді азаматтарға арнайы марапаттар табысталды.
«Партиямыздың қатарында білім саласының білікті мамандары, ұстаздар қауымы көптеп шоғырланған. Бұл – ұстаздардың ел болашағына деген жауапкершілігінің, қоғамдық өмірге белсенді араласуының айқын көрінісі. Ұстаз – ұрпаққа білім беріп қана қоймай, қоғамның дамуына бағыт-бағдар беретін тұлға. Баршаңызды кәсіби мерекелеріңізбен шын жүректен құттықтаймын!»-деді ол.

Еркін пікір алмасу, диалог форматында өткен іс-шарада ұстаздар білім беру жүйесіндегі өзекті мәселелерді ортаға салып, мектептердегі қазіргі ахуал, мұғалімдердің еңбек жағдайы, жас мамандарды қолдау, білім сапасын арттыру және саладағы басқа да маңызды мәселелер жөніндегі ұсыныс-пікірлерін жеткізді. Ардагер ұстаздар өздерінің мол тәжірибесімен бөліссе, жас педагогтар бүгінгі білім беру жүйесіндегі жаңа бағыттар мен заманауи талаптар туралы ойларын ортаға салды.
Кездесу соңында ұстаздар қауымына партия тарапынан сый-сияпат жасалды.
