Берекесін тапқан мерейлі әулеттер

Отбасы – адам баласының ең алғашқы аяулы бесігі, рухани қорғаны, сыйластық пен сүйіспеншіліктің мөлдір бастауы. Түтіні түзу ұшқан, берекесі мен бірлігі жарасқан әрбір шаңырақ – қуатты мемлекетіміздің берік іргетасы. Шаңырақтың биіктігі мен босаға беріктігін, ұрпақтар сабақтастығы мен ұлттық құндылықтарды ұлықтайтын дәстүрлі «Мерейлі отбасы – 2026» ұлттық конкурсының Қаражал қалалық кезеңі өз мәресіне жетті. Мәдени-сауық орталығында өткен салтанатты марапаттау кеші шын мәнінде ынтымақ пен адамгершілік мұраттарының мерекесіне айналды.

Биылғы байқауға қатысқан 6 отбасының қай-қайсысы болсын құрметке де, қошеметке де әбден лайық. Әрбір шаңырақтың өзіндік мағыналы тарихы, маңдай термен келген еңбек жолы, рухани биіктігі мен ұрпаққа берген өнегесі бар. Салтанатты кештің салмағын арттырып, шымылдығын ашқан Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Диана Оспанбекова өнегелі отбасыларға өзінің жүрекжарды лебізін білдіріп, былай деді: — Отбасы – қоғамның алтындіңгегі, ұлттың ұйытқысы, мемлекетіміздің басты құндылығы. Берекесі мен бірлігі жарасқан, ұрпағына өнеге болып отырған әрбір шаңырақ – еліміздің ең үлкен байлығы.

«Мерейлі отбасы» байқауы – тек үздіктерді анықтайтын жарыс қана емес, бұл – отбасы құндылықтарын дәріптейтін, ата-ананың еңбегі мен тәрбиесін, үлкенге құрмет, кішіге ізет секілді асыл қасиеттерді насихаттайтын маңызды жоба. Бүгін марапатталып отырған отбасылар – өздерінің адал еңбегімен, сыйластығы мен татулығымен, қоғамдық белсенділігімен көпшілікке үлгі болып жүрген жандар. Бұл күні ел дамуына үлес қосып, ұрпағын адалдыққа баулыған шаңырақтарға лайықты құрмет көрсетілді. Атап айтсақ, қала әкімінің Алғыс хатымен 4 бала өсіріп, 12 немере сүйіп отырған Рысалды апамыздың бастауындағы Макаевтар отбасы мен 17 немеренің қызығын көріп отырған Акишевтар әулеті марапатталды.

ІІІ орын жүлдесі өндіріс ардагері Рамазан Сәдуақасұлының өнегелі жолын жалғастырған, 2 бала, 7 немере тәрбиелеген Бейсембековтер отбасына бұйырды. ІІ орын төрінен Жәйрем кентінің өсіп-өркендеуіне елеулі үлес қосқан, «Ерен еңбегі үшін» медалінің иегері Марлан Рымбекұлы бастаған Шамбуловтар әулеті көрінді. І орынның биік тұғырына Ауған соғысының және еңбек ардагері Серік Ұзақбайұлының бастауымен 5 бала өсіріп, ел игілігіне қызмет еткізіп отырған Ұзақбаевтар отбасы көтерілді. Шараның ең толқынысты әрі ардақты сәті – Бас жүлде иегерін жариялау болды.

Қаражал қаласының атынан облыстық кезеңге жолдама алған жеңімпаз – Сағындықовтар әулеті. Елу жылдан астам уақыт бойы қол ұстасып, береке мен бірлікті ту еткен Есенбай ата мен Гүлзия апамыз – шынайы махаббат пен даналықтың айнасы. 4 ұл мен 4 қыз тәрбиелеп, оларға сапалы білім мен саналы тәрбие берген асыл жандар бүгінде 26 немере мен 2 шөберенің қызығына кенеліп отыр. Бұл әулеттің ұрпақтары тау-кен өндірісі, білім, медицина, мәдениет сияқты маңызды салаларда абыройлы еңбек етіп, әке өнегесі мен ана мейірімін қоғамға дарытып келеді.

Игі шара барысында 2-орын иегері, Жәйрем кенті ақсақалдар кеңесінің төрағасы Марлан Рымбекұлы бастаған Шамбуловтар отбасымен сұхбаттасудың сәті түсті. Отағасы ағынан жарылып, өз әсерімен бөлісті: — Отбасының беріктігі мен ынтымағы – кез келген жетістіктің негізі. Біз үшін ең басты байлық – ұрпағымыздың еліне, туған жеріне адал қызмет етуі, абыройлы болуы. Бүгінгі ұйымдастырылған байқау – отбасылық құндылықтарды насихаттауда өте маңызды.

Осындай құрмет көрсетіп жатқан қала басшылығына, ұйымдастырушыларға ақ жарма алғысымызды білдіреміз. Әрбір шаңырақта тек шаттық пен береке болсын! Сахна төрінде Бас жүлдені иеленіп, ел сүйіспеншілігіне бөленген Сағындықовтар әулетінің отағасы Есенбай ата мен Гүлзия апамызбен де тілдесіп үлгерген едік: — Елу жылдан астам уақыт бір шаңырақтың астында тату-тәтті өмір сүріп, ұрпақ өсірдік. Басты сырымыз – сыйластық, сабыр мен еңбекқорлықта.

Балаларымызды қашан да адал болуға, елге пайдасын тигізуге баулыдық. Бүгін Бас жүлдені иеленіп, облыстық кезеңге жолдама алғанымызға өте қуаныштымыз. Бұл – бүкіл әулетіміздің еңбегі мен бірлігінің жемісі. Сенім білдірген ел-жұртқа, комиссия мүшелеріне рахмет.

Ендігі мақсат – облыстық кезеңде де қаламыздың атын абыроймен қорғап шығу, — дейді жеңімпаз ата мен әже. Ұлттық құндылығымызды ұлықтап, кейінгі ұрпаққа үлгі болып жүрген барша отбасылардың шаңырақтары биік, керегелері кең, ошақтарының түтіні әрдайым түзу ұшсын. Бас жүлдені иеленген Сағындықовтар әулетіне облыстық кезеңде де жеңіс пен сәттілік тілейміз. Берекелеріңіз арта берсін, мерейлі отбасылар!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ