Мотоцикл жүргізушілеріне қауіпсіздік каскасы сыйға тартылды

Жол үстіндегі жылдамдық кейде еркіндік пен батылдықтың символындай әсер қалдырады. Желмен жарысқан мотоцикл, адреналинге толы сәт көпшілікке тартымды көрінуі мүмкін. Алайда, осы бір әдемі көріністің ар жағында адам өміріне тікелей қауіп төндіретін, өмір мен өлімнің арасын жалғап тұрған бір-ақ сәттік шекара жатқанын ұмытпауымыз керек.

Өкінішке қарай, бұл шындықты Жәйрем кентінде тіркелген мотоциклмен байланысты жол-көлік оқиғалары айқын дәлелдеп отыр. Ресми мәліметтерге сүйенсек, 2025 жылы мотоциклге қатысты 101 жарақаттану жағдайы тіркелген. Оның 91-і ересектерге, 10-ы балаларға тиесілі.

Ең сорақысы – 3 жағдай адам өлімімен аяқталып, 10 адам ауыр халде ауруханаға жеткізілген. Бұл – жай ғана сандар емес. Бұл – қара жамылған отбасы, үзілген үміт, орны толмас өкініш.

Осы тұста «Нағыз батылдық неде?» деген заңды сұрақ туындайды. Ол шектен тыс жылдамдықта ма? Әлде қауіпті маневрлер мен тәуекелге толы әрекеттерде ме?

Жоқ. Нағыз батылдық – жауапкершілікте. Өзіңе, өзгеге және ең бастысы – өмірге деген жауапкершілікте.

Саналы мотоцикл жүргізуші міндетті түрде қорғаныш каскасын киеді, арнайы қорғаныш киімді пайдаланады, жылдамдықты асырмайды, жол жүру ережелерін қатаң сақтайды, шаршаған немесе мас күйде көлік басқармайды.

Әрбір шыққан жол – бір ғана адамның емес, ондаған тағдырдың қауіпсіздігіне тікелей әсер ететінін естен шығармаған жөн. Үйде әр қызметкерді ата-анасы, жары, балалары аман-есен келуін күтіп отырғанын ұмытпау – ең үлкен жауапкершілік. Бұл – бәрінен де қымбат.

Осыны терең түсіне отырып, Дүниежүзілік еңбекті қорғау күні аясында «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ басшылығы маңызды әрі мағыналы бастама көтерді.

Қос дөңгелекті көлік жүргізетін қызметкерлердің қауіпсіздігін арттыру, жолдағы қауіпті жағдайлардың алдын алу мақсатында кәсіпорынның Басқарма төрағасы Еркебұлан Қуандықұлы мотоцикл жүргізетін жұмыскерлерге қауіпсіздік каскаларын сыйға тарту туралы шешім қабылдады.

Арнайы тізім жасалып, өндіріс алаңдарына мотоциклмен келіп-кететін жұмыскерлерге мереке күні заманауи үлгідегі, су жаңа қорғаныш каскалары табысталды.

Салтанатты жиында сөз сөйлеген Еркебұлан Қуандықұлы:

– Біздің ең басты байлығымыз – адам және оның өмірі. Қандай еңбек атқарсақ та, бәрінен бұрын қауіпсіздік тұруы тиіс. Бұл каскалар – жай ғана сыйлық емес, бұл сіздерге деген қамқорлық пен амандыққа тілектестік. Жұмысқа мотоциклмен келіп-кетіп жүргендеріңізді көріп жүрмін, ал көпшілігіңізде қауіпсіздік дулығасы жоқ. Бұл – дұрыс емес. Сіздер тек өздеріңізді ғана емес, үйде отырған жанұяларыңызды ойлауларыңыз керек. Бүгін ұсынылған бұл каскалар сіздерге төнетін қауіпті аз да болса төмендетеді деп сенемін. Бір-ақ рет берілетін өмірмен ойнамаңыздар. Жақындарыңыздың көз жасына себеп болмаңыздар. Аман болайық! – деді.

Бұл игі бастама – кәсіпорында еңбекті қорғау мәдениетінің жүйелі түрде дамып келе жатқанының айқын көрінісі. Қауіпсіздік талабына немқұрайлы қарамай, нақты әрекетке көшу – бұл нағыз әлеуметтік жауапкершілік.

Қауіпсіздік каскасын алған жұмыскерлер де ризашылықтарын білдіріп, мұндай бастамалардың олардың өз өміріне және қауіпсіздікке деген көзқарасын түбегейлі өзгертуге ықпал еткенін атап өтті.

Өйткені, бір ғана дулыға адамды ауыр жарақаттан, тіпті, өлімнен арашалап қалуы мүмкін.

Полиметалл байыту фабрикасының жүк ілмектеуші жұмыскері Махамбет Төлеуов өз ойын былай жеткізді:

– Комбинат басшылығы бұл сыйлық арқылы жұмыскерлердің тек өндіріс орнында ғана емес, жұмысқа дейін де, жұмыстан кейін де аман-есен жүруіне шын мәнінде мән беретінін көрсетті. Яғни, біз өзімізге деген шынайы жанашырлықты тағы бір мәрте сезіндік. Мен Жәйрем кентінен 70 шақырым қашықтағы Манадыр ауылынан қатынап жұмыс істеймін. Ауылымыздан арнайы көлік жүрмейтіндіктен мотоциклмен келемін. Мен сияқты Жеңіс ауылынан, Қызылжар станциясынан қатынап істейтін әріптестерім де бар. Бұл – біз үшін күтпеген әрі өте қажетті сыйлық болды.

Жолда қабылданған әрбір шешім – тағдырға әсер ететін таңдау. Сондықтан, жылдамдықты емес, өмірді таңдаған абзал. Өмір – біреу-ақ. Оны сақтау – әрқайсымыздың ортақ міндетіміз.

«Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ басқарма төрағасының осындай игі бастамасын өзге де жұмыс берушілер жалғастырған жағдайда, жұмыс беруші мен жұмыскер арасындағы өзара сенім мен ынтымақтастық одан әрі нығая түсері сөзсіз.

Ең бастысы, бұл қадам мотоцикл жүргізушілерінің өмірі мен қауіпсіздігін сақтауға аз да болса үлес қосары анық.

Ендеше, жауапкершілік эстафетасы енді сіздің қолыңызда, құрметті оқырман!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА.