Негізгі міндет – халық сенімін ақтау

Қоғам мен билік арасындағы алтын көпір саналатын мәслихат депутаттарының жұмысы әрдайым халық назарында. Олар өңірдегі өзекті мәселелерді көтеріп қана қоймай, олардың нақты шешілуіне ықпал етуі тиіс. Осы орайда, Ұлытау облыстық мәслихатының Қаражал-Жәйрем өңірінен сайланған депутаты Айдос Серіковпен өңірдің бүгіні мен болашағы, депутаттық қызметтің жауапкершілігі жөнінде әңгімелескен едік.

– Айдос Ахметжанұлы, алдымен өзіңіз сайланған өңір мен депутаттық ұстанымыңызға тоқтала кетсеңіз.

– Мен Ұлытау облыстық мәслихатының Қаражал-Жәйрем өңірінен сайланған депутатымын. Депутат ретіндегі басты мақсатым — тұрғындардың күнделікті өміріне тікелей әсер ететін мәселелерді көтеру және олардың оң шешім табуына ықпал ету.

Бұл ең алдымен білім беру, экология, инфрақұрылым, бюджет қаражатының әділ бөлінуі, моноқалалар мен кенттердің әлеуметтік дамуы секілді бағыттарды қамтиды. Депутат болу — атақ немесе қызмет емес, үлкен сенім мен жауапкершілік. Халық сайлауда дауыс берген сәттен бастап, олардың мәселесіне бейжай қарамау – басты қағида.

– Мәслихат депутаты ретінде мемлекет пен заңнама сіздерге қандай талаптар қояды?

– Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес мәслихат депутаты – жергілікті маңызы бар мәселелерді шешуге тікелей қатысатын халық өкілі. Бізден ең алдымен ашықтық, қолжетімділік және тиімділік талап етіледі.

Үкімет тарапынан қойылатын негізгі айқын талаптар бюджет процесіне белсенді қатысу, атқарушы органдардың жұмысын бақылау, нормативтік құқықтық актілерді қабылдауда халық мүддесін қорғау, әлеуметтік-экономикалық даму бағдарламаларының орындалуын қадағалау. Яғни депутат қағаз жүзіндегі есеппен шектелмей, нақты мәселелерге нақты шешім ұсынуы тиіс.

– Халықпен кері байланыс қалай жүзеге асырылады? Қандай мәселелер жиі көтеріледі?

– Халықпен тұрақты байланыс – депутат жұмысының өзегі. Жеке қабылдаулар, еңбек ұжымдарымен кездесулер, тұрғындармен ашық сұхбаттар тұрақты түрде өткізіліп келеді.

Қаражал мен Жәйрем өңірінде ең жиі көтерілетін мәселелер мектептер мен балабақшалардың жағдайы, экологиялық ахуал, өндірістік қалдықтар, жолдардың тозуы, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылыққа қатысты мәселелер.

Түскен әрбір өтініш есепке алынып, депутаттық сауал ретінде тиісті органдарға жолданады. Шешім қабылданғанға дейін мәселе бақылауда болады.

– Соңғы жылдары Жәйрем кентінде айтарлықтай өзгерістер байқалып отыр. Осыған тоқтала кетсеңіз.

– Бұл өзгерістер тұрғындардың көпжылғы өтініштері мен жүйелі жұмыстың нәтижесі деп сеніммен айтуға болады. Былтыр облыстық бюджет есебінен Жәйрем кентінде алғаш рет әмбебап өрт сөндіру бекеті ашылды.

Бұл — кент тұрғындарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету жолында жасалған өте маңызды қадам. Бұған дейін өрт қауіпсіздігі мәселесі халықты алаңдатып келгені белгілі.

Сондай-ақ Жәйрем кентіндегі №10 және №30 мектептерге күрделі жөндеу жұмыстары қолға алынды. Бұл екі мектеп те кеңес үкіметі кезеңінен бері күрделі жөндеу көрмеген еді. Сондықтан бұл бастаманы халық үлкен қуанышпен, шын мәнінде тосынсый ретінде қабылдады деп ойлаймын.

№10 мектептің құрылысы толық аяқталып, биыл аталған білім ошағын заманауи оқу құрал-жабдықтарымен қамтуға бюджеттен қаражат қарастырылды. Ал №30 мектептегі жөндеу жұмыстары алдағы уақытта жалғасын табады.

Бұл — балалардың сапалы әрі қауіпсіз ортада білім алуына жасалған нақты инвестиция.

– Жәйрем халқы көптен күткен нысандардың бірі – спорт кешені еді…

– Дұрыс айтасыз. Жәйрем тұрғындарының асқақ армандарының бірі – дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы. Қуаныштысы – бұл жоба да жүзеге асу алдында тұр.

Қаржы бөлінді, Алла қаласа, алдағы үш аптада алғашқы іргетасы қаланады. Бұл кешен тек спорт нысаны емес, бұқаралық спортты дамытуға, балалар мен жастарды салауатты өмір салтына баулуға, жалпы халық денсаулығын нығайтуға бағытталған әлеуметтік маңызы зор жоба.

– Экология мәселесіне де тоқталсақ. Бұл бағытта қандай жұмыстар атқарылды?

– Жәйрем – өндірістік аймақ. Сондықтан экология мәселесі әрдайым басты назарымызда.

Бұған дейін өңірде жұмыс істейтін бірқатар жер қойнауын пайдаланушы кәсіпорындардың экологиялық төлемдері басқа облыстардың бюджетіне бағытталып келген болатын. Бұл түйткілді мәселе Ұлытау облыстық мәслихат депутаттарының, экология департаментінің, прокуратураның және жергілікті атқарушы органдардың қатысуымен құрылған бірлескен жұмыс тобы аясында жүйелі түрде көтерілді.

Сонымен қатар Қаражал-Жәйрем өңірінде ондаған жылдар бойы жөндеу көрмей, әбден тозығы жеткен кәріз жүйесін толық жаңғырту жұмыстары басталды. Бұл – тұрғындарды көптен бері алаңдатып келген өзекті мәселелердің бірінің шешімін таба бастағанын көрсетеді әрі халықтың бір уайымының азайғанын аңғартады.

Жергілікті жалғыз ірі өндіріс ошағы – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ мен Ұлытау облысы әкімдігі арасында жасалған ынтымақтастық меморандумы аясында да бірқатар әлеуметтік түйткілдер шешімін тапты.

Атап айтқанда, кент іргесі қаланғалы бері күрделі жөндеу көрмеген көпқабатты тұрғын үйлердің шатырлары мен жертөлелері жаңғыртылып, тұрғындардың қуанышы еселене түсті.

Бұл бастамалардың барлығы – халықтың өмір сүру сапасын арттыруға, әлеуметтік тұрақтылықты қамтамасыз етуге бағытталған нақты істердің нәтижесі.

– Соңғы сұрақ, сайлаушыларға айтар сөзіңіз?

– Халық сенімі — ең үлкен баға. Мен үшін депутаттық қызметтің мәні — сол сенімді ақтау. Әрбір көтерілген мәселе назардан тыс қалмайды. Бірден шешілмесе де, кезең-кезеңімен жұмыс жалғасады.

Бүгінде мемлекеттің басты қағидаты — «Халық үніне құлақ асатын мемлекет». Үкімет халық көтерген мәселелерді дер кезінде шешуді талап етіп отыр. Біз, мәслихат депутаттары, осы саясаттың өңірлерде нақты іске асуына үлес қосуымыз керек.

Біздің ортақ мақсатымыз — Қаражал мен Жәйремнің тұрақты дамуы, тұрғындардың өмір сапасын арттыру.

– Әңгімеңізге рақмет! Еліміз аман, жұртымыз тыныш болсын. Қаражал-Жәйрем өңірі гүлденіп, көркейе берсін.

Сұхбаттасқан Гауһар НАУРЫЗБАЕВА