Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетовтың төрағалығымен штаб отырысы өтті. Күн тәртібінде 2022-2023 жылдардағы жылу беру маусымының өту барысы, коммуналдық берешектерді өтеу бойынша жұмыстар талқылады.
Күн тәртібіндегі бірінші мәселе бойынша қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын-үй инспекциясы бөлімінің басшысы Нұрсұлтан Сауытбаев жылу беру маусымының өту барысы жайлы баяндады.
Оның айтуынша, өңірде тұрғын үйлер мен әлеуметтік маңызы бар барлық нысандарды жылумен жабдықтау 28 дербес жылыту жүйелері және 2 қатты отын қазандықтарынан жүзеге асырылады. Есеп бойынша өңірдегі көпқабатты тұрғын үйлердің барлық 24 бірлігі жылумен қамтамасыз етілген.
28 қазандықта 59 су жылыту қазандығы бар. Оның 34-і Қаражал қаласында, 25-і Жәйрем кентінде. Жылу тасымалдағыштардың параметрлері нормаларға сайкес келеді. Яғни, сыртқы ауаның температурасы – 1C болғанда, берілетін құбырдағы жылу – 58,8C, ал, кері қайтқан жылу – 47,8C. Дербес жылыту жүйелері мен қазандықтар үшін көмір әкелу кестеге сәйкес жүргізіледі.
Штабта сондай-ақ білім бөлімі басшысының міндетін атқарушы Қарлығаш Жарылғасынқызы өңірдегі мектептер мен мектепке дейінгі мекемелердің жылумен қамтылуы жайлы хабарламас жасады.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе бойынша қалалық коммуналдық шаруашылык мекемесінің басшысы Балдай Мусин мен абоненттік бөлімінің маманы Елена Рахимова коммуналдық қызметтің қарыздары өтелуі бойынша баяндады.
Олар берген ақпаратқа сүйенсек, мекемелердің көбісі қарыздарын толық жапқан, тек жеке тұлғалардың қарыздары әлі өтелмей тұрған сыңайлы.
Штабта қала әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов қарызы бар жеке тұлғалардың аты-жөнін тізім бойынша атап, қатаң ескерту жасады.
Штаб жиынын қорытындылаған Досбол Құлымбетов өңірлерде орын алып жатқан олқылықтарды айта келіп жылу беру маусымына аса жауапкершілікпен қарауды талап етті. Осы мақсатта қалада жауапты мамандар мен мекеме басшылары кезекшілік жасап, олар әр екі сағат сайын қала әкімдігінің диспечерлік қызметіне салқындатқыштар мен қазандық температурасының параметрін тексеру нәтижелері жөнінде ақпараттар беріп отырады. Кез-келген жағдайда туындаған мәселе болса жедел шешімін табуы керек. Әр аптаның бейсенбі күндері жылу маусымынан өту барысы бойынша қала әкімінің қатысуымен жедел штаб отырысы өткізілетін болып ұйғарылды.
Балшырын АМАНТАЙ