Қазақта отбасының жалғасы, шаңырақтың иесі ұл бала болып есептелген. Халқымыз ұл бала тәрбиесіне ерекше көңіл бөлген. Ер баланы адамгершілікке, батылдыққа, ептілікке, имандылыққа баулыған. Қазіргі білім мен ғылым дамыған заманда жігіттеріміздің үлкен белес-асулардан көрінуі елге әкелген бақытпен тең.
27 қыркүйек күні орталықтандырылған балалар кітапханасында «Жігіт сұлтаны» байқауы өтті. Байқаудың мақсаты — ата салтын насихаттай отырып, нағыз қазақ жігітінің бойындағы қасиеттерін танып, әр баланың бойындағы қабілеттерін: ойлау, әртүрлі жағдайлардан шыға білу, өнерін көрсету, тапқырлық, дамыту және ата салтын ардақтайтын, өз елін сүйер нағыз қазақ жігітінің қасиеттерін бойына сіңіре білер ұрпақты тәрбиелеу.
Байқауға қатысушы сайыпқырандардың ақыл-парасаты мен өнеріне, қайраты мен күшіне баға беруші қазылар алқасы тағайындалып өнерлерін тамашалады. Байқау 5 кезеңнен тұрды.
1. «Таныстырсам өзімді» — таныстыру кезеңі.
2. «Сегіз қырлы бір сырлы» – өз өнерін көрсету кезеңі.
3. «Күш атасын танымас» қол күрес кезеңі.
4. «Білекті бірді жығады, білімді мыңды жығады» – сұрақ жауап кезеңі.
5. «Амалына күші сай» спорттық сайыс.
Сайыс барысында сұлтандарымыз өздерінің «Сегіз қырлы, бір сырлы» екендерін көрсетіп, көрермендерді таң қалдыра білді. Қазылар алқасы өз шешімін шығарғанша көрермендеріміз ұйымдастырушыларға деген жылы лебіздерін білдірді. Қазылар алқасының шешімі бойынша I орын – Сембай Жәнібекке бұйырса, II орынды Егінбай Райымбек жеңіп алды. Ал III орынды Рамазан Нұртуған иеленді.
Және ынталандыру номинациясын Білмағанбет Нұрислам қанжығалады.
Сайыс соңында қатысушы сұлтандарды мадақтамалармен және бағалы сыйлықтармен марапаттады. Бүгінгі сұлтандарымыз, нағыз қазақ жігіттеріне тән тамаша өнерлерін көрсетті. Бұл олардың ертеңгі үлкен сынға қадам басқан бастаулары ғана. Әрқашан сыналған шақта сүрінбей, қадамдарына нұр жаусын дегіміз келеді.
Өркендері өсіп, мерейлері үстем болсын.
Шырын ТҰРАБАЙ,
Орталықтандырылған балалар
кітапханасының
кітапханашысы.