Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы не білу керек?

Мемлекет Басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2022 жылғы 26 қазанда Республикалық қоғамдық штабта сөйлеген сөзінде «Жеке тұлғалардың банкроттығы туралы» заң қабылданатынын және оның кредиттелген азаматтардың артық борыштық жүктемеден босатылуына мүмкіндік беретінін хабарлады. «Қазақстан Республикасы азаматтарының төлем қабілеттілігін қалпына келтіру және банкроттық туралы» Қазақстан Республикасының Заңына Ел Президенті 2022 жылғы 30 желтоқсанда қол қойып, ағымдағы жылғы 3 наурызда күшіне енді. Бүгінде көптеген қазақстандықтарды, соның ішінде Қаражал-Жәйрем өңірінің тұрғындарының банкроттық рәсімдері шеңберінде кредитормен өз қарыздары бойынша берешекті қалай реттеу керектігі қызықтыратыны сөзсіз.

«Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы» ЗТБ құқықтық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Назар Рахимовтың айтуынша, осы нормативтік-құқықтық актінің ережелері борышкерлердің де, кредиторлардың да мүдделерін ескереді, осылайша екі тараптың да мүдделерінің теңгерімі сақталды. Бұл егжей-тегжейлі рәсімдер болып табылады, оған сәйкес біріншісі банктер мен микроқаржы ұйымдары алдындағы ғана емес, сонымен қатар басқа несие берушілер алдындағы қаржылық міндеттемелерінен босатылуы мүмкін.

Бірінші рәсім – соттан тыс банкроттық шеңберінде азаматтар банктерге, микроқаржы ұйымдарына және коллекторлық агенттіктерге қатысты қарыздарын есептен шығару жөнінде өтініш бере алады. Алайда, бұл жерде мұндай рәсімді қолында мүлкі жоқ адамдар пайдалана алатыны және олардың жиынтық кредиттік міндеттемелері 1600 АЕК-тен (1 АЕК- 3450 теңге) аспау керектігі жөнінде айта кеткен жөн. Сондай-ақ, міндетті талап — қатарынан 12 ай өз міндеттемелерін өтемеу болып табылады.

Екінші рәсім – сот банкроттығы. Бұған 1600 АЕК шекті мәннен асатын сомаға міндеттемелері бар барлық борышкерлер кіреді. Бұл өлшемге сәйкес келетін азаматтар тіркелген жері бойынша сотқа банкроттыққа өтініш бере алады.

Үшінші рәсім — «төлем қабілеттілігін қалпына келтіру» деп аталады және одан өткен борышкер банкрот деп танылмайды. Бұл ретте мұндай рәсімді жиынтық міндеттемелері олардың мүліктерінің құнының мөлшерінен аспайтын азаматтар пайдалана алады.

-Мерзімі өткен берешекті реттеу тәртібі туралы толығырақ айтып берсеңіз.

-Адам банкроттыққа өтініш берген кезде, өтінішке өз кредиторларының тізбесін, сондай-ақ өзінің берешегін реттеу әрекетін растайтын құжатты қоса беруге тиіс. Бұл рәсім банктер және микроқаржылық қызмет туралы заңдарда нақты көрсетілген. Төлем мерзімі өткен сәттен бастап 20 күн ішінде кредитор қарыз алушыға ол туралы хабарлайды, бұл хабарламаға мән берген жөн. Егер сізде ақшалай қиындықтар туындаса, онда қаржылық мәселелерді мемлекеттік орган да емес, сіз бен банк немесе МҚҰ арасындағы шарттық қатынастарға заң бойынша араласу құқығы жоқ басқа мекемелер де емес сіздің кредиторыңыздың өзі шеше алады.

30 күн ішінде қарыз алушы кредиторға жүгінуге тиіс және проблемалық берешекті реттеу нысандарын ұсынуы керек, яғни ол бұл жағдайдан шығу жолын көрсетеді. Бұл төлем мерзімін кейінге қалдыруды ұсыну немесе ай сайынғы төлемдерді азайту, кестені өзгерту болуы мүмкін. Бұл рәсім қайта құрылымдау, яғни ақшалай міндеттемені орындау тәртібін өзгерту болып табылады. Мысалы, сіз белгілі бір жағдайларға, яғни ауырып қалу немесе кіріс көзінің болмауына байланысты кредит бойынша төлем кестесін сақтай алмауыңыз мүмкін. Сіз банкке осы жайлы уақтылы хабарлап, оған өтініш беруіңіз керек. Банк бұл өтінішті 15 күн ішінде қарайды, содан кейін сіздің қайта құрылымдау шарттарыңызбен келісуі, өзінің балама нұсқасын ұсынуы немесе себептерін көрсетуден бас тартуы мүмкін.

-Егер қарыз алушы төлем мерзімі өткен жағдайда қаржы ұйымына жүгінбеген жағдайда не болады?

-Бұл жағдайда банк берешекті өндіріп алу бойынша шаралар қолдануға мәжбүр болады: төлем талаптарын пайдалану, сотқа, нотариусқа атқарушылық құжаттардың көшірмесін алу үшін жүгіну. Әрбір рәсімнің өз шығындары да болады. Мысалы, егер сотқа арыз берілсе, банк мемлекеттік баж төлейді, сот орындаушысы да өз үлесін алады және бұл шығындардың барлығы қарыз алушының қарызына қосылады, ол өсе бастайды, осыған сәйкес борышкердің борышы да арта түседі.

Ерте ме, кеш пе қарыз алушының сот шешімін немесе жеке сот орындаушыларының талаптарын орындауына тура келеді. Берешек жоқ болып кетпейді, оны өтеуге тура келеді, сондықтан алғашқы кезеңдерде кредитормен келіссөзге бару керек.

Егер борышкер банкпен немесе МҚҰ-мен байланысқа шықпаса, онда кредит ұйымы борышкердің өзінің активтері мен кіріс көздерін жасырады не білдіргісі келмейді және т.б. деп санайды. Мен мұны дұрыс тәсіл деп санаймын және кредиторға байланысты туындаған барлық проблемалық мәселелерді кредитормен келіссөздер үстелінде шешуге кеңес беремін.

-Соттан тыс банкроттық арқылы кредиттің бір жылдан артық өтелмейтіндігі туралы шарт көзделген, сондай-ақ егер қарыз алушы кредитті 5 жылдан артық өтемесе де ерекше шарт бар. Егер кредит, мысалы, 3 жыл өтелмесе, онда қарыз алушы соттан тыс банкроттық рәсімін қолдануға өтініш бере ала ма?

-Егер борышкер барлық кредиторлар бойынша міндеттемелерді 5 жыл ішінде өтемеген болса, онда ол банкроттық туралы өтінішті қараудың оңайлатылған тәртібіне құқылы. Яғни, 12 айлық төлемдер мен 18 айлық кешіктіру есепке алынбайды. Егер оның кредиті 3 жыл өтелмесе, онда оны уәкілетті органдар барлық қажетті өлшемшарттарға сәйкестігін тексеретін болады.

Біріншісі — оның мүлкінің, оның ішінде ортақ меншіктегі мүлкінің болуы. Екіншісі – әр кредиторға қатысты қатарынан 12 ай ішінде төлемнің болмауы. Бір банкте кредит төлеп, ал екіншісінде 12 ай төлемеу деген болмауы тиіс. Бұл бәрібір бұзушылық болып саналады және міндетті түрде банкроттық туралы өтініштен бас тартылатын болады. Үшіншісі – кешіктірудің туындау сәті. Заң бойынша қарыз алушы міндеттемелерді тиісінше орындауды тоқтатқаннан бері 18 ай өтуі тиіс. Осы уақытқа дейін өндіріп алуды реттеу мерзімі беріледі, яғни 18 айлық кезең әрбір кредиторға қатысты сақталуы тиіс. Егер қарыз алушыда, мысалы, 17 ай өтсе және ол өтініш берсе, онда өкінішке орай, уәкілетті орган одан бас тарта алады. Борышкер 3 айдан кейін ғана банкроттыққа қайта өтініш бере алады.

-Банкроттық рәсімі қолданылған азаматтар үшін оның салдары қандай болмақ?

-Бірінші кезекте, банкроттық рәсімдерін қолданғысы келетін қазақстандықтарға ескерту жасағым келеді. Назар аударыңыз! Бұл мемлекеттен берілетін кредиттік рақымшылықтың жалғасы емес – Банкроттық туралы заң мұндай мақсатты көздемейді. Банкроттықты азаматтар ең соңғы, мәжбүрлі шара ретінде қарастыруы керек және бұл туралы заңды әзірлеушілер мен уәкілетті мемлекеттік органдар үнемі хабарлайды. Банкроттық барлық басқа шаралар нәтиже бермеген жағдайда, борышкердің борыш жүктемесін төмендетудің қандай да бір тетіктері болмаған кезде ғана қолданылуы мүмкін.

Екіншіден, ешқандай жағдайда Банкроттық туралы заңды жауапкершіліктен бас тарту мүмкіндігі ретінде қарастыруға болмайды. Бұл факт анықталған жағдайда, мысалы мүлікті жасырып қалу және тағы басқа, әкімшілік жауапкершілік және банкроттық рәсімдерді жою көзделген.

Үшіншіден, банкроттық рәсімі қолданылғаннан кейін ол адам бес жыл бойы банктік қарыз да микрокредит те ала алмайды, тіпті кепілгер немесе қоса қарыз алушы да бола алмайды. «Банкрот» мәртебесі бар адам автокөлікке немесе ипотекаға кредит берудің мемлекеттік жеңілдікті бағдарламаларына қатыса алмайды. Кредиттік ұйымдардың ішкі саясаттарына сәйкес, 5 жыл өткеннен кейін де кредиторлар бұл адамдарды басты назарда ұстауы әбден мүмкін. Сонымен қатар, мынаны білген жөн – «банкрот» мәртебесі бар адамдар жеті жыл ішінде бұл рәсімге қайта өтініш бере алмайды.

«Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын реттеу

және дамыту агенттігі» РММ Жезқазған қаласындағы

өңірлік өкілдер басқармасы.