Барлығымыз – сенбілікке

Тазалық — қала шырайын кіргізіп, қоршаған ортаға әдемілік сыйлайтын маңызды шаралардың бірі. «Тазалық — денсаулық кепілі» деген ізгі ниетті басшылыққа алған қала әкімдігі сенбіліктерді жиі ұйымдастырып тұрады.

Биыл да облыс қалалары мен аудандарында халықтың сыртқы келбетін жақсарту және өмір сүру жайлылығын қамтамасыз ету үшін ағымдағы жылдың 6 сәуірі мен 6 маусымы аралығында қала мен елді мекендерін абаттандыру, санитарлық тазарту және көгалдандыру мақсатында көктемгі екі айлық жарияланды.

Бұл іс-шара аясында Қаражал қаласын тазарту және абаттандыру бойынша  жоспар әзірленді. Бекітілген аумақтар мен облыстық және қалалық сенбіліктерді өткізу кестелері барлығына жеткізілді. Жалпы барлығы 9 күн, яғни,  «Таза бейсенбі» санитарлық күні, 7 қалалық сенбілік, 3 облыстық сенбілік (22 сәуір, 6 мамыр, 20 мамыр экологиялық сенбілік деп жарияланды) жоспарланған.

Көктемнің шуақты күндерінен бастау алған аймағымызда қоқыстан тазарту мақсатында ұйымдастырылатын сенбілік жұмыстары өткен аптада басталып кетті. Қаламыздың түкпір-түкпірінде жүргізілген қызу тазалық жұмыстарынан соң, әсіресе қала орталығы айнадай жарқырады. Сенбілікке 175 адам, 4 арнайы техника, оның ішінде самосвалдар, қоқыс таситын көліктер, МТЗ тракторы жұмылдырылып, өз аумақтарынан қоқыс-қалдықты шығарып, ағаш түптерін әктеген қаражалдықтар ортақ үйіміздің әсемденуіне бір кісідей атсалысты.

Сондай-ақ, екі айлық аясында қала аумағынан рұқсат етілмеген полигондарды жою жоспарланған. Тоқсан сайын саябақтарды, скверлер мен ағаштарды дезинфекциялау жұмыстарын жүргізетіні де жоспарда бар. Абаттандыру жұмыстары аясында жыл сайын керексіз ағаштарды кесу жұмыстары да жүргізіледі. Ағымдағы жылы өңір бойынша барлығы 20 000 дана (Қаражал қаласы – 12 000 дана, Жәйрем кенті – 8000 дана) бір жылдық гүл отырғызу жоспарлануда.

Қазынаға бай аймағымызды гүлдендіріп, көшелерімізді көркейтеміз десек санитарлық тазалықты өзімізден бастағанымыз жөн болар. Туған өлкенің тазалығын қадағалау әрбір тұрғынның азаматтық парызы екенін естен шығармайық.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ