Маусымның 8 жұлдызында орталық алаңда «Жасыл ел» еңбек жасақтарының маңыздылығын насихаттау, жастарды еңбекке баулу мақсатында «Жасыл ел» еңбек жасағының ашылу салтанаты өтті.
«Жасыл ел» еңбек жасағының ашылу салтанатына арнайы қала әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт қатысып:
— 2023 жылғы «Жасыл ел» еңбек жасағының ашылумен шын жүректен құттықтаймын. 18 жылдан бері еліміздің барлық аймағында, жас өркендер мемлекетіміздің көркейуіне өз үлестерін тигізуде. Еліміздің болашағы – жастар, сіздерге ақ жол тілеймін, — деп алғысын білдірді.
Жыл сайын «Жасыл ел» бағдарламасы Қаражал-Жәйрем өңірі бойынша 14 пен 29 жас аралығындағы жастарды жұмыспен қамтиды. «Жасыл ел» — бұл ең алдымен жастарға арналған, оларды жазғы уақыт кезеңінде біріктіретін ұйым. Сондай-ақ, көгалдандырумен және құрылыспен айналысатын жастарға арналған еңбек лагері деп айтуға болады. Биыл осы жоба аясында 135 жасөспірім мен жастарды, оның ішінде көп балалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балаларды қамтамасыз етті. Бағдарлама ағымдағы жылдың 1 маусымынан бастап 30-на дейін болады. Бір ай көлемінде 45 бала жұмыс атқарады. Жобаға қатысатын барлық жастар арнайы жабдықтармен, оның ішінде арнайы киімдермен қамтамасыз етілді. Бүгінде жылма-жыл еңбек отрядында жұмыс істеуге ынталы жастар қатары көбейіп келеді. Жастар қала ішінде, саябақтарда көшет отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, саябақтардың жасыл желектерін күту, аумақтарды жинау жұмыстарына қатысады.
Осыған орай жұмыс барысында жас сарбаздардың пікірін білдік.
-Біз арамшөптерді тазартамыз. Гүл суарамыз. Жалпы жұмыс маған ұнайды.
-Даланың ыстығы болмаса, жұмыс өте қызықты. Қолға түскен қаражатымды өзіме жұмсағым келеді. Өз еңбегіммен тапқан қаражатыма телефон аламын немесе оқу жылының басында өзіме керек мектеп құралдарын аламын.
-Форма маған қатты ұнайды. Себебі, жеңіл әрі әдемі.
-Өз қатарымдағы балалар өте көп, жаңадан дос тауып танысып жатырмыз. Әрі жұмысты бірлесе көңілді атқарамыз.
Жасыл елдіктердің жалпы пікірлер легі осындай.
«Жасыл ел» жобасы аясында жауынгерлер өзінің өмірлік және қоғамдық жұмыстарына белсенді қатыса отырып, “Jasyl cross” атты экологиялық марафонына қатысты. Марафон қорытындысы бойынша қатысушылар тиісті жүлделер және медаль мен мадақтау қағаздарымен марапатталды.
Шара соңында «Жасыл ел» еңбек жасағының сарбазы Хамитжан Жасмина:
— «Жасыл ел» бұл жастардың адал еңбек етуі арқылы табыс тауып, бойларындағы жақсы қасиеттерін, дағдыларын көрсететін мүмкіндігі деп ойлаймын. Достармен қарым-қатынасқа, еңбекке үйрендім. Жаз мезгілде уақытымызды тиімді пайдалана отырып, қоғамға, қаламызға үлесімді қосып отырғаныма қатты қуанамын. Халықтың игілігі үшін атсалыса берейік, — дейді.
Бұл қызмет жастардың өз жеріне деген сүйіспеншілігін арттырып, патриоттық сезімді оятатыны сөзсіз.
Әйгерім ЕРДЕНҚЫЗЫ,
ҚарУ-дың III курс студенті.