«ЖАЗҒЫ ДЕМАЛЫС АКАДЕМИЯСЫ» өз жұмысын бастады

Балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру бағытындағы  іс-шаралар Ұлытау облысының аумағында да қарқынды басталды. Облыстық білім басқармасының осы бағыттағы жоспарына сәйкес биыл балалардың жазғы демалысын ұйымдастыру 4 бағытта қарастырылған. Олар –  «Салауатты ұрпақ – салауатты қоғам», «Мен – азаматпын», «Біз – бақытты баламыз», «Bilim+».

Облыстық білім басқармасының басшысы Сапура Төлекованың айтуынша, «Салауатты ұрпақ – салауатты қоғам» бағытында  мектеп жанындағы сауықтыру лагері, спорттық алаң, марафон, эстафета, т.б. арқылы  белсенді қозғалыс, таза ауадағы шаралар, спортты және салауатты өмір салтын насихаттау жұмыстары қамтылады. Аталған бағыттағы шаралармен облысымыздың 6346 оқушысы қамтылмақшы. Әлеуметтік осал топтағы отбасының балаларын қамтитын мектеп жанындағы лагерлер әрқайсысы 3 аптаны құрайтын 2 маусымда ұйымдастырылады: 1 маусым 5-23 маусым аралығында, 2 маусым 26 маусым мен 14 шілде аралығында. 5-7 сыныптардың 1920 оқушысын қамтитын спорттық алаңдардың жұмысы әрқайсысы 5 күнді қамтитын 3 маусымда ұйымдастырылады. Спорттық алаңдар 5-23 маусым аралығында жұмыс істейді.

Бұл жұмыстар біздің Қаражал-Жәйрем өңірінде де басталды. Сәрсенбінің сәтті күні қаламызда Ұлытау облысының білім басқармасы мен Ұлытау облысының әдістемелік орталығының жұмыс жоспарына сәйкес «Жазғы демалыс академиясы» жобасы өз маусымын ашты. Соның бірі «Салауатты ұрпақ – салауатты қоғам» бағытының «Drive fest 365» спорттық мерекесі ұйымдастырылды. Оған қалалық білім бөлімінің мамандары, мектеп директорлары, мұғалімдер қатысты.

Мерекені қалалық білім бөлімінің басшысы Тілеш Аштаев ашып, оқушыларды жазғы демалыс маусымының басталуымен құттықтап, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш шара салауатты өмір салтын насихаттау, сауықтыруға бағытталған іс-шаралар арқылы балалардың бос уақытын тиімді ұйымдастыруға негізделген.

Сонымен, «Drive fest 365» мерекесі 5 бекет бойынша жүзеге асты. Қатысушылар атлетикалық кросс, көңілді флешмоб, қырықаяқтар ломбадасы, жүйрік пингвиндер, сарбаздар маршы сынды бәсекелер бойынша бақ сынасты.

Аталмыш іс-шараға 80 оқушы мен мұғалімдер қатысты.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ