Жаңа саяси кезеңге бастар құқықтық негіз

2026 жылғы 1 шілдеден бастап Қазақстан жаңа Конституция бойынша өмір сүре бастады. Осылайша тәуелсіз Қазақстанның үш онжылдыққа жуық уақыт бойы мемлекеттік-құқықтық дамуының негізі болған 1995 жылғы Конституция өз күшін жойды. Ендігі жерде елдегі барлық заңдар мен мемлекеттік институттардың қызметі жаңа Ата Заң талаптарына сәйкестендіріледі.

Конституция – кез келген мемлекеттің құқықтық негізі. Ол тек мемлекеттік биліктің құрылымын ғана айқындамайды, азаматтардың құқықтары мен бостандықтарының кепілі, қоғамдық келісімнің және саяси тұрақтылықтың негізі саналады. Сондықтан, жаңа Конституцияның қабылдануы – Қазақстан тарихындағы кезекті заңнамалық өзгеріс емес, елдің жаңа даму кезеңіне аяқ басқанын білдіретін маңызды саяси-құқықтық оқиға.

1995 жылғы Конституция Қазақстан тәуелсіздігінің алғашқы жылдарындағы күрделі кезеңде қабылданды. Ол мемлекеттілікті қалыптастыруға, басқару жүйесін орнықтыруға, экономикалық реформаларды жүзеге асыруға және саяси тұрақтылықты сақтауға мүмкіндік берді. Осы уақыт ішінде Қазақстанда ондаған конституциялық реформалар жүргізіліп, Ата Заңға бірнеше рет өзгерістер енгізілді. Алайда, соңғы жылдары қоғамның, мемлекеттік басқару жүйесінің және халықаралық ахуалдың өзгеруі жаңа конституциялық модель қалыптастыру қажеттігін көрсетті.

Бұл мәселе алғаш рет 2025 жылғы 8 қыркүйекте Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың Қазақстан халқына Жолдауында көтерілді. Мемлекет басшысы парламенттік реформаны бұған дейін жүзеге асқан саяси өзгерістердің заңды жалғасы деп атап, елдің болашақта жаңа мемлекеттік басқару моделіне көшу мүмкіндігін ұсынды.

Осыдан кейін арнайы жұмыс тобы құрылып, Конституция жобасы бірнеше ай бойы кең қоғамдық талқылаудан өтті. Сарапшылардың, заңгерлердің, қоғамдық ұйымдардың және қарапайым азаматтардың ұсыныстары ескеріліп, құжаттың соңғы редакциясы 2026 жылғы 15 наурыздағы республикалық референдумға шығарылды. Халықтың басым бөлігі жаңа Конституцияны қолдап дауыс берді. Осы тұрғыдан алғанда жаңа Конституцияны қоғам талқысынан өткен әрі бүкілхалықтық дауыс беру арқылы қабылданған құжат ретінде бағалауға болады.

Жаңа Конституцияның ең басты ерекшелігі – мемлекеттік басқару құрылымының өзгеруі. Бұрынғы қос палаталы Парламенттің орнына бір палаталы Құрылтай құрылды. Осылайша заң шығару жүйесінің құрылымы түбегейлі жаңарды. Мұндай өзгерістің басты мақсаты – заң қабылдау рәсімдерін жеңілдету, мемлекеттік шешімдердің қабылдану мерзімін қысқарту және өкілді органның жауапкершілігін арттыру.

Бұрын заң жобалары Мәжіліс пен Сенатта бірнеше кезеңнен өтетін болса, енді барлық заң шығару қызметі бір палаталы құрылым аясында жүзеге асады. Сарапшылар мұны заң шығару процесінің тиімділігін арттыратын қадам ретінде бағалайды. Сонымен қатар, Құрылтай заң шығару қызметімен қатар мемлекеттік дамудың стратегиялық бағыттарын айқындайтын негізгі саяси институттардың біріне айналмақ.

Жаңа Конституцияда алғаш рет вице-президент лауазымы бекітілді. Бұл өзгеріс мемлекеттік басқарудағы сабақтастықты қамтамасыз етуге бағытталған. Бұрын Президенттің кейбір өкілеттіктері бірнеше лауазымды тұлға арасында бөлінген болатын. Енді олардың маңызды бөлігі вице-президентке беріледі.

Конституциялық заңға сәйкес, вице-президент Президенттің мемлекеттік органдармен өзара іс-қимылын үйлестіреді, Мемлекет басшысының тапсырмаларын орындайды және қажет болған жағдайда Президенттің міндетін уақытша атқара алады. Саясаттанушылардың пікірінше, бұл мемлекеттік биліктің тұрақтылығын қамтамасыз ететін қосымша құқықтық кепілдік болып саналады.

Жаңа Конституцияның тағы бір маңызды жаңалығы – Қазақстан Халық Кеңесінің конституциялық мәртебеге ие болуы. Бұл органның негізгі міндеті – мемлекет пен қоғам арасындағы байланысты күшейту, азаматтардың пікірін мемлекеттік шешімдер қабылдау кезінде ескеру және ұлттық деңгейдегі қоғамдық диалогты дамыту.

Жаңа заңнамаға сәйкес Қазақстан Халық Кеңесі заң шығару бастамасын көтеруге, республикалық референдум өткізуді ұсынуға және мемлекеттік саясаттың маңызды бағыттары бойынша ұсыныстар енгізуге құқылы. Осы арқылы азаматтық қоғам институттарының мемлекеттік басқаруға қатысу мүмкіндігі кеңейеді.

Бұған дейін Конституцияға өзгерістер енгізудің бірнеше құқықтық тетігі болған. Жаңа Конституция бұл мәселеге ерекше мән береді. Енді Негізгі заңға өзгерістер тек республикалық референдум арқылы ғана енгізіледі. Бұл Конституцияның тұрақтылығын қамтамасыз етуге және оның саяси жағдайға қарай жиі өзгертілуіне жол бермеуге бағытталған маңызды құқықтық норма болып есептеледі.

Жаңа Конституцияның негізгі ерекшелігінің бірі – адам құқықтарына басымдық берілуі. Құжаттың жаңа редакциясында мемлекет қызметінің басты мақсаты ретінде адамның құқықтары мен бостандықтарын қорғау қағидаты айқын көрініс тапқан. Сонымен бірге, құқық қорғау жүйесіне халықаралық стандарттарға жақын жаңа нормалар енгізілді.

Мәселен, ұсталған адамға оның құқықтары мен тағылған айыптың мәні толық түсіндірілмесе, жүргізілген тергеу әрекеттері заңсыз деп танылуы мүмкін. Бұл – азаматтардың конституциялық кепілдіктерін күшейтетін және құқық қорғау органдарының жауапкершілігін арттыратын маңызды өзгеріс.

Жаңа Конституцияда алғаш рет «Заң және тәртіп» қағидаты бекітілді. Бұл ұғым соңғы жылдары жүргізіліп келе жатқан мемлекеттік реформалардың негізгі бағыттарының біріне айналды. Оның мақсаты – құқық үстемдігін қамтамасыз ету, сыбайлас жемқорлыққа қарсы күресті күшейту, мемлекеттік аппараттың жауапкершілігін арттыру және құқық бұзушылықтың алдын алу.

Сарапшылардың пікірінше, бұл қағидаттың Конституция деңгейінде бекітілуі құқықтық мемлекетті дамытудағы маңызды қадам болып саналады. Сонымен бірге, Конституцияның кіріспесінде «Әділетті Қазақстан» ұғымының енгізілуі мемлекеттің әлеуметтік әділеттілікке, тең мүмкіндіктерге және азаматтардың құқықтарын қорғауға басымдық беретінін көрсетеді.

Жаңа Конституция қабылданғаннан кейін мемлекеттік органдар оны іске асыруға бағытталған ауқымды жұмыстарды бастады. Бірқатар жаңа конституциялық заңдар қабылданды, мемлекеттік басқару құрылымы қайта қаралды, әкімшілік-аумақтық құрылым, астана мәртебесі, Президент, Құрылтай және Қазақстан Халық Кеңесі туралы заңдар жаңартылды. Бұл реформалар жаңа Конституцияның қағаз жүзінде ғана қалып қоймай, нақты құқықтық механизмге айналуына мүмкіндік береді.

Дегенмен, кез келген Конституцияның өміршеңдігі оның мәтінімен емес, орындалуымен өлшенеді. Сондықтан, алдағы жылдары жаңа конституциялық нормалардың мемлекеттік басқаруда, сот жүйесінде, құқық қорғау органдарының қызметінде және азаматтардың күнделікті өмірінде қалай жүзеге асатыны басты назарда болады.

Сонымен, Қазақстан жаңа Конституция арқылы мемлекеттік басқарудың жаңартылған моделіне көшті. Бұл құжат билік институттарының құрылымын өзгертіп қана қоймай, азаматтардың құқықтарын қорғаудың жаңа кепілдіктерін енгізді, қоғамдық қатынастардың жаңа қағидаларын белгіледі және мемлекеттің даму бағытын айқындады.

Жаңа Конституцияның түпкі мақсаты – тиімді мемлекеттік басқару жүйесін қалыптастыру, құқық үстемдігін қамтамасыз ету, азаматтардың мемлекет ісіне қатысу мүмкіндігін кеңейту және елдің ұзақ мерзімді тұрақты дамуына құқықтық негіз қалау. Ал бұл мақсаттардың қаншалықты жүзеге асатыны ендігі жерде жаңа Конституцияның нормаларын дәйекті орындауға, заңдардың сапасына және мемлекеттік институттардың тиімді жұмысына байланысты болмақ.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ