Жұртшылықпен жүздесу: көкейкесті мәселелер қозғалды

Аптаның басында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы Қаражал қаласының тұрғындарымен кездесті. Бұл жолғы басқосу мүлдем басқаша форматта болды. Ашық диалог түрінде өткен жиында ел көкейкесті мәселелерді ашық айтты. Аймақ басшысы тұрғындардың ұсы­ныс-тілектерін назар­ға алды. Қаузалған мәсе­лелердің шешілу барысынан хабардар ету үшін біршама уақыттан кейін тағы кездесуге уәде берді.

Мемлекет басшысының ұйғарымымен «Ха­лық үніне құлақ асатын мемлекет» қағидаты қабылданғаннан бері әкімдер ел алдында есеп беру тәртібін өзгерткені белгілі. Соның бір айғағы – Берік Әбдіғалиұлының елмен бұл жолғы жүздесуі тіптен бөлек болды. Ол өзімен бірге барған орынбасары мен облыстық басқармалардың басшыларына ел алдында есеп бергізді.

– Сіздермен болған өткен жолғы кездесуде өздеріңіз көтерген мәселелерді жазып алған едім. Сол айтылған талап-тілектеріңіздің себебі мен салдарын саралауға бүгін алты басқарманың басшысын алып келіп отырмын. Қазір сол кісілер өз салалары бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды назарларыңызға ұсынатын болады, – деді Берік Әбдіғалиұлы.

Басшылар да ұзын-сонар баяндама емес, заманауи түрде слайдпен сөйлеп, нақтылы істерді ғана баяндады.

Жалпы, Қаражал-Жәйрем өңірінің облыстың экономикалық дамуына қосып отырған үлесі зор. Өйткені, бұл өңір – облыстағы «Қазақмыстан» кейінгі өндірісті аймақтың іргелісі. Жалғыз облыстың экономикасына ғана емес, отандық нарыққа сапалы кен шығарып елдің байлығын еселеп жүргені рас. Содан болар, бұл жақтың адамдары да батыл сөйлейді. Жеке бастың қамын күйттемей, өңірге ортақ проблемаларды ортаға салады. Бұған облыс әкімімен болған кездесуде көз жеткіздік.

Сонымен, алғашқы болып сөз алған облыс әкімінің орынбасары Ұлантай Үсенов үсті-үстіне қойылған сұрақтың астында қалды. Тұрғындар орынбасардың қаланы сумен қамтамасыз ету бағытындағы жұмысыы жайлы есебіне қанағаттанбады. Өңірде пайдалануға болатын бірнеше су көздері бар екенін алға тартқан ақсақалдар онсыз да қат болып отырған таза ауызсудың шаруашылық мақсатқа жұмсалып жатқанын ашына айтты. «Оның орына неге «Қылыштың» суын қалаға тартпайсыздар? Кезінде ел сол сумен қаланы көгалдандырып, бау-бақшасын суаратын. Қазір аталмыш су көзі жеке меншіктің иелігінде. Ол суды пайдаланып та отырған жоқ. Су көзін мемлекеттің меншігіне қайтарып алуға жұмыс жасау керек» деген пікірлерін де білдірді.

Енді бірі, қазіргі жасалынған һәм жасалып жатқан жұмыстардың сапасының да өте төмен екенін алға тартты. Құбырлардың қалай болса солай тартылғанын, су жинау үшін деп әкелінген полиэтилен бөшкелердің күні бүгінге дейін күнге қурап ашық аспан астында жатқанын айтты.

Келесі болып сөз алған облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Ләззат Ранова да қалада қайғылы оқиға орын алуы себепті сынға ұшырады. Медицина маманының жоқтығы, дәрігерлік көмектің уақтылы көрсетілмеуі салдарынан босанған жас келіншек аяқ астынан көз жұмды. Қайғылы жағдай қабырғаларын қайыстырған қаражалдықтар дәрігерлердің дәрменсіздігін қатты сынады.

Кешегі оңтайландыру жылдарында жерді оңды-солды таратудың салдарынан бүгінгі халық қатты қиналып отырғанын жеткізді Ақтай ауылының ақсақалдары. Қазір ауылда мал басының өсіп келе жатқанын айтқан олар жайылымдық жердің жоқтығынан малын қорадан әрі ұзата алмай отырғандарына налыды. Жердің дені іргелес жатқан Жаңаарқа ауданына ауып кеткен.

Рас, бұл бағытта Қаражал қаласының әкімдігі біршама жұмыс жүргізіпті. Көрші

ауданның басшыларымен келісіп, малды жайылымға шығаруға рұқсат та алған сыңайлы. Алайда, «жер менің меншігіме жалға берілген» дегенді желеу еткен ауданның кейбір фермерлері ақтайлықтардың малын кейін қарай айдап салады екен.

Облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының басшысы Қайрат Мутаев бұл мәселенің қазір бақылауда тұрғанын, Жаңаарқа ауданымен келісім жүріп жатқанын жеткізді. Алайда, қаражалдықтар ауыл шаруашылығы басқармасы тарапынан да жасалынып жатқан жұмыстарға риза еместіктерін жеткізді. Өндірісті өңір болғандықтан мұнда ауыл шаруашылығы мардымсыз дамуда. Оған ең басты себеп – жоғарыда айтып өткен жер мәселесі. Алайда, тұрғындардың өз жеке кәсібін жүргізу үшін Үкімет тарапынан әзірленген тиімді бағдарламалар бұл өңірге жетпей жататын сыңайлы. Оған елдің «Ауыл аманаты» жобасынан бейхабар екендігі дәлел. Облыс әкімі басқарма басшысынан осы жайды сұрағанында қаражалдықтар «Мұны біз неге білмейміз?» деген сұрақты көлденең тартты. Басқарма басшысы аталмыш жоба бойынша сәуір айынан бастап құжаттар қабылдайынын айтты.

Жиынды қорытындылаған облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы халықтың талабы мен сыны орынды екенін айтып, бүгінгі көтерілген мәселелер алдағы күндері әлі де зерделенетінін, оның орындалысы жайлы ақпаратты келесі кездесуде осы басшылардың өздері жеткізетінін айтты.

– Облыс жаңа құрылып жатыр. Әлі талай жұмыстар күтіп тұр бізді. Солай екен деп, біз бүгінгі айтылған кемшіліктерден өзімізді ақтауға талпынбаймыз. Иә, бастапқы кезде көптеген олқылыққа жол берілді. Соның бәрін ендігі жерде сіздермен бірлесіп жолға қоятын боламыз. Тығырықтан шығар жолды бірге табатынымызға сенемін, – деді түйіндеді сөзін облыс әкімі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ