Әлемнің сыйы әйелге

Көктем – жанға жайлы, адамға ерекше үміт сыйлайтын ғажайып мезгіл. Наурыз айының басынан бастап барша адамзат ерекше көңіл-күйге бөленіп, қызықты қарбаласқа түсіп жатады. Қай мекемеде болмасын әртүрлі іс-шараларға дайындалып, қай дүкенде болмасын жақындарына сыйлық іздеп жатқан халықты көресің. Жағалай жанарлары нұрға, құшақтары гүлге толған нәзік жандылардың ерекше көрінісіне көзің тоймайды. Құдды бір ертегі әлеміне түсіп кеткендейсің…

Міне, осы дәстүрмен наурыз айының 7 жұлдызында Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күніне арналған «Әлемнің сыйы әйелге» атты үлкен салтанатты жиын өтті. Жиында қала әкімі Тілектес Досаев Қаражалдың ақ жаулықты аналары мен қыз-келіншектерін өзінің жүрекжарды лебізімен құттықтап, қаланың өсіп-өркендеуіне үлесін қосып жүрген батыр да еңбекқор аналарды марапаттады. Атап айтар болсақ, Қазақстан Республикасы Президентінің Жарлығы бойынша алты баланы дүниеге әкеліп, тәрбиелегені үшін «Күміс алқамен» Жансая Жолаушақызы, Айнұр Сейілова, ҚР мәдениет және спорт министрлігінің бұйрығы бойынша «Архив саласының үздігі» төсбелгісімен «Қаражал қаласының мемлекеттік архиві» КММ біліктілігі жоғары санаттағы архивисі Зәмзагүл Сыздықова марапатқа ие болды. Еліміздің өркендеуі жолында сіңірген абыройлы еңбегі үшін ҚР мәдениет және спорт министрлігінің Құрмет грамотасымен «Қаражал қаласының мемлекеттік архиві» КММ жинақтау, сақтау және есепке алу бөлімінің бастығы Галина Шапкова марапатталды. Ұлытау облысының экономикалық ахуалының дамуына үлесін қосып, қоғамдық-саяси өміріне белсене араласқаны үшін Ұлытау облысы әкімінің Құрмет грамотасы жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімінің әлеуметтік қызметкері Татьяна Гудинаға да бұйырды. Жас ұрпақты оқыту мен тәрбиелеудегі шығармашылық ізденістері және Ұлытау облысының білім беру саласына қосқан үлесі үшін Қаражал тау-кен техникалық колледжінің әдіскері Айнагүл Райымқұлова марапатталды. Осымен ғана тоқталып қоймай Қаражал қаласының әр мекемесінде түрлі сала бойынша жылдар бойы тынбай еңбек етіп жүрген нәзік жанды ару-аналарға да қала әкімінің грамотасы табысталды. Одан әрі көрермендерге керемет көңіл-күй сыйлаған бүлдіршіндердің әсем биімен жалғасын тапқан кеш әсерлі де жүрекке жылы көрінісімен есте қалды.

Балшырын АМАНТАЙ