Өткен жылы еліміздің заңгерлер қауымдастығын шоғырландыру мақсатында «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің базасында «Адал сайлау үшін» штабы құрылған-ды.
Ол штабтың мақсаты — Конституциялық реформа ережелерінің жария өрісінде заң қоғамдастығын құқықтық сүйемелдеу, атап айтқанда сайлау заңнамасының негізгі ережелерін түсіндіру, сайлау процесіне қатысушыларға құқықтық көмек көрсету, азаматтық қоғам, халықаралық ұйымдар өкілдерімен өзара іс-қимыл жасау.
Сол мақсатпен «Қазақстан заңгерлер одағы» республикалық қоғамдық бірлестігінің “Адал сайлау үшін” штабының төрағасы Серік Байсейітұлы Ақылбай Қаражал-Жәйрем өңірінде болып, аймақ кәсіпорындарының жұмыскерлерімен жүздесті. Ең бірінші кезекте Қаражал қаласындағы «Өркен» ЖШС «Өркен-Атасу» өкілдігінде болып, жиналған өндірісшілердің ұсыныс-тілектерін тыңдап, тиісті жауаптарын берді. Келесі кезекте «Марганец Жәйрем» мекемесінде, одан кейін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да болды.
Штаб төрағасына жетекшілік жасап келген Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Ақжол Құрмансейіт өндіріс ошақтарының өңірге тигізіп отырған көмектеріне тоқталып, әсіресе, «Казцинк» компаниясының Жәйрем кентіне жасалып жатқан және әлі де жасалатын орасан зор көмектерін жіліктеп тұрып, баяндап берді.
Жәйрем өндірісшілері тарапынан қойылған бірнеше сұраққа Серік Ақылбай мырза тұщымды жауабын беріп, өндіріс көмегімен өркендеп келе жатқан ауылымыздың Жаңа Қазақстанның жайнаған бір бөлігі болатынына кәміл сенетінін және де 19 наурыз күні әркім өзінің таңдауын жасап, сайлаудың адал және әділ өтетуіне үлес қосуын сұрады.
Гауһар НАУРЫЗБАЕВА