Жұмыс ауқымды

Газеттің өткен санында біз білім беру мекемелерінің қысқа әзірлігі жайлы жазған болатынбыз. Бүгінгі кезекте тұрғын үйлер тұр. Қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі, автомобиль жолдары және тұрғын үй инспекциясы бөлімі берген ақпаратқа қарағанда бұл бағытта жұмыс ауқымды.

Қаражал қаласы мен Жәйрем кенті бойынша орталық жылумен қамтамасыз етілген көп қабатты тұрғын үйлердің саны 17 бірлікті құрайды екен. Олар 9 қазандықтың көмегімен жылытылады. Осы қазандықтар бойынша күзгі-қысқы маусымға дайындық жоспары шеңберінде бірқатар іс-шаралар көзделген.
Атап айтқанда, Қаражал қаласының 25-орамындағы № 22 үйінің қазандығында қолда бар 750 кВт қазанның орнына қуаттылығы 1000 кВт құрайтын 2 қазандық орнату жоспарланған. Бұл жұмыстарды қыркүйек айының аяғына дейін аяқтау көзделіп отыр. Мердігер – «Lacasa de Papel» ЖШС.
– Сондай-ақ, қуаттылықты арттыру және жабдықты жаңарту мақсатында Жәйрем кентінің Сейфуллин көшесі бойындағы қазандықты жаңғырту жұмыстары жүргізілді. Мердігер – «Котломаш» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Жұмыс барысында толық жабдықталған қосымша ғимарат салынып, ішіне 2 дана 2 МВт жылу қазандығы орнатылды.
Сонымен қатар, Жәйрем кентінің 3 қазандығын ағымдағы жөндеу жұмыстары басталып кетті. Бүгінгі танда 2-орам қазандығына насостар алынды. Абай көшесіндегі 6-үйдің қазандығына түтін сорғыш орнатылуда. Мердігер ЖК «Жалғас» болып табылады. Жұмыстарды бір апта көлемінде аяқтауды жоспарлап отыр, – дейді ТҮКШ және ТИ бөлімінің бас маманы Дархан Шәмен.
Бас маманның айтуынша, өткен жылыту маусымында анықталған тозығына жеткен Жәйрем кентіндегі 2 және 7 орамдағы 2 қазандық ғимаратында қосалқы 5 қазандықты айырбастау үшін тиісті қаражат бөлінген. Конкурстық рәсімдер өткізілуде. Конкурс нәтижесі ағымдағы жылдың 9 қазанында белгілі болады.
Жәйрем кентінің 8 көпқабатты тұрғын үйлерінің жертөлелерінде бірқатар жұмыстар жоспарланып, Меморандум арқылы жұмыстар жүргізілуде. Оның ішінде кәріз, жылу және суық су құбырларын жөндеу жұмыстары да бар. Жұмыстар басталды. Бір ай көлемінде жұмыстар аяқталады.
Орайы келгенде айта кетейік, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің мәдени-сауық орталықтарының қазандықтарында қазандарды тазарту және жабдықтарды тексеру жұмыстары аяқталып, дайындық паспортын алу жұмыстары жүруде.
Қаражал қаласы ауруханасының қазандығында электр кабельдерін ішінара ауыстыру және ұзындығы 110 метр жертөледегі жылу құбырларын ауыстыру жұмыстары аяқталды.
Жәйрем кентінің ауруханасының қазандық ғимаратындағы 2 қазандықтың тозғанына байланысты айырбастау қажеттілігі туындаған болатын. Осыған байланысты аурухана басшылығы мен денсаулық сақтау басқармасына өтініш жолданып, қажетті қаражат бөлінді. Бүгінгі күні мұндағы жұмыстар толығымен аяқталған.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ