Жуырда Қарағандыда облыстық футболдан Жоғары лиганың финалдық ойындары өтті. «Жаз-Күз-2023» деген атаумен өткен бұл спорт додасында «Жәйрем-Казцинк» командасы өзгелерден басым түсті.
Қаражал-Жәйрем өңірінде спорттың қай түрі болмасын жақсы дамыған деп мақтанышпен айтуға болады. Оған түрлі спорт бәсекелерінде топ жарып жүрген спортшыларымыздың жақсы нәтижелері айқын айғақ. Дәл осындай биік белестен жуырда жәйремдік «Жәйрем-Казцинк» командасының футболшылары да көріне алды. Қарағанды қаласында өткен Жоғары лига ойыншыларының додасында аталмыш команда «Бригада 53» командасын 6:1 есебімен жеңіп, абсолютты чемпион атанды.
Жалпы, бұл жарыс 2023 жылдың мамыр айынан бастап өтуде. Чемпионат барысында «Жәйрем-Казцинк» командасы 12 мәрте жеңіске жетіп, 1 кездесуде жеңіліс тауып, 1 рет тең ойнады. Сөйтіп, жәйремдіктер Жоғары лигадағы орындарын сақтап қалды.
Ойын барысында команданың футболшылары да ептіліктерімен көзге түсіп, командаларын алдыңғы лектен көрінуіне өздерінің үлестерін қосты. Атап айтқанда, 20 гол соққан А.Жанұзақов пен 18 гол соққан А.Бондарев лигадағы үздік бомбардирлердің ондығына енді.
Аймақтың үздік аяқдопшыларын Жәйрем кентінің әкімі Қайрат Жансағымов қабылдап, спортшыларды жеңістерімен құттықтады.
Ізбасар ОЙБАС.