Қазақ әдебиетінің ақсұңқары

Тарихта қалған тарландар өмірі біз үшін үлгі. Қазақтың қазыналы тілінің бір пұшпағын илеген талай ақын-жазушыларымыз сөз маржанының қандай болатынын қарға тамырлы қазаққа дәлелдеп айтып кетті. Өмір атты теңізде қолдарына қалам алып дүние сырына тоймай тамсана жазған талай дана адамдар болды. Өмірге жұлдыз болып келетін, халықтың еркесі, халық жүгін көтеретін дара адамдар, дарынды жандар аз-ақ. Бірақ, қазақ әдебиеті поэзия әлемінде әлемдік деңгеймен салыстырғанда ХХ ғасырда кенже қалған емес. Керісінше өзінше жаңа қырымен дами бастады. Қандай марғасқа, жаны жайсаң адамдар өмір сүрді сол кезеңде. Әр адамның өз келбеті, өз жан-дүниесі болады.

«Сәкеннің көп жағдайда ақындығын ғана айта береміз. Ол сегіз қырлы, бір сырлы жан болды. Ол әрі ақын, әрі жазушы, қайраткер, журналист, композитор. Жазушылар одағының алғашқы төрағасы. Ол қазақты «қырғыз» деп жүргендерді түзетіп, «қазақ» деген атауды алып берді. Ол қазақ жастарын оқыту үшін, мемлекет қаржысынан қаражат бөліп отырды. Тіпті, алғашқы байланыс жүйесін орнатты. Халықты егін егуге тартып, ауыл шаруашылығына да көңіл бөлген. Ол тұңғыш рет «Қазақ тілі мемлекеттік тіл болсын, кеңсе тілі болсын» деген бастаманы көтерді» дейді Сәкен Сейфуллин музейінің директоры Несіпбек Айтұлы.

Биыл ақын, жазушы, дарынды драматург, білікті ұстаз, мемлекет қайраткері Сәкен Сейфуллиннің туғанына (1894-1938) 129 жыл.

Сәкен – қазақ кеңес әдебие­тінің қарыштап дамуында үлкен роль атқарған жаңашыл ақын. Өзінің бар өнерін халық мақсатына, туған елінің жарқын болашағына арнап, жаңа заманның дауылпазы болды. Абайдан кейін қазақ поэзиясына жаңалық қосқандардың ішінде оның орны бөлек.

Ол Қарағанды облысының Ақадыр ауданы Қарашілік қыстағында туған. Табиғаттың дарынды жаратылған мөлдір қара көз, толқын шашты, қыр мұрынды, қайратты ұлдарын Сейфолла мен Жамал азан айтып қойған Сәдуақас деген есімінің орнына, еркелетіп Сәкен атап кеткен. Нілдідегі орыс-қазақ, Ақмоладағы бастауыш приход мектебінде, қалалық үш класты училищеде оқыған. 1914 жылы Қазан қаласында «Өткен күндер» деп аталған тұңғыш өлеңдер жинағын бастырып шығарған. Омбыдағы қазақ жастарының «Бірлік» қауымы басшыларының бірі болған. 1917 жылы Бұғылыда мектеп ашып, орыс тілінен сабақ берген. 1918 жылғы сәуірде «Жас қазақ марсельезасын» жазып, 1 мамырда «Бақыт жолында» атты пьесасының беташар қойылымын көрсеткен.

Сәкен атаман Анненковтың «азап вагонында» 47 күн ажалмен арпалысып, 1919 жылғы сәуірдің 3-інде адмирал Колчактың Омбыдағы түрмесінен қашып шыққан. 1920 жылы мамырдың 7-сінде Ақмолаға қайтып оралып, атқару комитеті төрағасының орынбасары және әкімшілік бөлімінің меңгерушісі болған. Сол жылы Қазақ Кеңес Автономиялық Республикасын жариялаған Кеңестердің Бірінші Құрылтай съезінің делегаты болып қатысыпты. Орталық Атқару Комитеті Президиумының мүшесі болып сайланған. Жер-су комиссиясының жұмысына және баспасөз ісіне басшылық жасаған.

«Еңбекші қазақ» газетінің редакторы, хaлық ағарту комиссарының орынбасары, Қазақ КАСР Халық Комиссарлары Кеңесінің Төрағасы, Халық ағарту комиссариаты жанындағы ғылым Орталығының төрағасы, Қазақстан пролетар жазушылары ассоциациясының басшысы, БК(б)П Қазақстан Өлкелік Комитетінің партия тарихы бөлімінің меңгерушісі, Қызылордадағы халық ағарту институтының, Ташкенттегі қазақ педагогикалық институтының директоры, «Жыл құсы» альманахы, «Жаңа әдебиет» журналы басшысы, Қазақтың мемлекеттік институтының доценті, «Әдебиет майданы» журналының редакторы, Қазақтың коммунистік журналистика институтының профессоры қызметтерін атқарған.

Осы кезде жаңа өмір жолында күреске шақырған «Асау тұлпар» өлеңдер жинағы, «Бақыт жолына», «Қызыл сұңқарлар» атты пьесалары жарық көрген. «Домбыра», «Экспресс», «Тұрмыс тол­қынында» атты поэтикалық жинақтарында Қазан төңкерісінің жеңісі жырланды. Жаңашыл ақын поэзия мен драматургияға көп жаңалық енгізді. Өлеңнің түрі мен мазмұнында түбегейлі өзгеріс жасап, қазақ халқының поэтикалық дәстүрін дамытты.

С.Сейфуллин өмірде де, әде­биетте де белсенді күрескер болды. «Көкшетау», «Қызыл ат» дастандарында заманалық мә­селелер көрсетілген. «Қызыл атта» 30-ыншы жылдардың бас кезінде Казақстанның ауыл шаруашылығында орын алған асыра сілтеу оқиғалары сыналады. «Ақсақ киік», «Аққудың айрылуы» шығармаларында туған даланың табиғатын, адамның ішкі сезім күйлерін суреттейді.

С.Сейфуллин проза, драматургия, әдеби сын, әдебиеттану салаларында көрнекті еңбек етті. «Жұбату» әңгімесі — Сәкеннің қазақ әйеліне арналған алғашқы прозалық шығармасы. «Жемістер», «Біздің тұрмыс», «Сол жылдарда» туындыларында замандастар өмірі бейнеленген. С.Сейфуллин  қазақ халқының патшалық езгіге қарсы күресін «Тар жол, тайғақ кешу» атты тарихи-мемуарлық романында көрсетеді.

Публицистика саласының дамуына қосқан еңбегі баға жетпес. Қазақтың ескі әдебиет нұсқауларын жинау, зерттеу, бастыру ісімен де шұғылданды. Оның қатысуымен «Қазақтың ескі әдебиет нұсқаулары», «Батырлар», «Ақан сері-Ақтоқты», «Ләйлі-Мәжнүннің» қазақша аудармасы жарық көрді. «Қазақ әдебиеті» кітабы – осы саладағы алғашқы зерттеу еңбектерінің бірі.

Халық әдебиеті материалдарын мол жинап, пайдаланған бұл зерттеуінде қазақ ауыз әдебиеті үлгілерін жанрлық жағынан жіктеп, идеялық-көркемдік талдаулар жасайды. С.Сейфуллин қазақ әдебиетінен мектептерге оқулық жазу ісіне де қатысқан. Қазақ әдебиетінің кадрларын даярлауға, алғашқы кітаптарын бастыруға көп күш салды.

1936 жылы қазақ әдебиеті мен өнерінің Мәскеуде өткен бірінші онкүндігіне қатысты. Қазақ жазушылары ішінен тұңғыш рет Еңбек Қызыл Ту орденімен марапатталып, шығармашылық еңбегіне 20 жыл толуы кеңінен мерекеленді. Ал 1938 жылы жолсыз жазаға ұшырады.

Ол туралы С.Мұқановтың «Сә­кен Сейфуллин» пьесасы, Ғ.Мүсіреповтың «Кездеспей кеткен бір бейне» повесі, поэмалар, әдебиеттанушылық зерттеулер жазылды.

Егер ақынға сезім мен сұлулықты қосып берген жағдайда одан нағыз шедевр дүниелерді күтуге болады. Қазақтың маңдайына біткен Сәкен Сейфуллин дәл сондай сері адам болатын. Қазақ халқы келбетті ер адамдарды көргенде сері деген. Дәл сол сері Сәкен ақынның сұлу жанынан өріліп, талай дүниелер дүниеге келді. Соғыстың да ащы дәмін татып, бала оқытуды да меңгерген ірі ұстаз өмірінің соңғы кезіне дейін құдіретті ақындық өнердің жүректе жатқан шырағын сөндірген емес. Жаңалыққа толы қым-қуыт жиырмасыншы ғасыр өмір майданына, өмір жағалауына таңдаулыларды өзі шығарып тастап отырды. Жазушы туралы қанша айтса да жарасады. Дәл осы уақытта біздің арамызда жүрмесе де, Сәкен есімі мәңгі жүрегімізде.

Материалды әзірлеген

 Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ.