ЖӘЙРЕМ ЖӘНЕ САДЫҚ АСАТОВ

Биыл Ұлытау-Жезқазған өңірінің мақтанышы, есемі күллі қазақ жұртына мәлім бір туар тұлға – Садық Асатовтың туғанына 90 жыл. Өзінің саналы ғұмырын қазақ өндірісін дамытуға жұмсаған, Жезқазған, Жәйрем өңірлеріндегі үлкен кен орындарын басқарып, оны кешегі Одаққа танымал еткен басшы – Садық Қасымұлының мерейтойы биыл облыстық деңгейде аталып өтпек. Осыған орай біз газетімізде «Садық Асатовтың туғанына – 90 жыл» деген айдармен мақалалар циклын жариялауды жөн көрдік.

Жәйрем дегенде ойымызға бірден Садық Асатов оралады. Ал, Садық Асатов десек, көз алдымызға Жәйрем келеді. Бұл екеуі бір-бірінен ажырамайтын, егіз ұғым. Өйткені, Жәйремді Жәйрем еткен осы Сәкең…

1971 жылдың қысы. Бұған дейін жортқан аң мен жер кезген геологтардан басқаның ізі түспеген иен далаға ағылған көлік келе бастады. Бұлар болашақ кен орнын игеруге келген жұмысшылар еді. Қыстың қақаған аязына қарамастан жер бұрғыланып, темір бетонды бағандар орнап, электр желілері тартылып жатты. Облыс орталығынан шалғайда жатқандықтан да болашақ кеншілер қалашығының құрылысына қажетті материалдар да осы қыста тасу қолға алынды. Тіпті, өндіріске қажетті кейбір ғимараттардың құрылысы да басталып кеткен. Кеше ғана мүлгіп жатқан арқаның сары даласы осылайша дүбірге бөленді.

… Жезқазған кен-металлургия комбинатына қарасты Батыс Жезқазған кенішінің директоры Садық Асатов кештетіп Алматы қаласына ұшып келді. Ұшақта да, аэропорттан қалаға жеткенше «Министр неге шақырды екен? Жұмыс барысында айтарлықтай оқиға болған жоқ еді ғой?» деген сауалдар мазалаумен болды.

Оның бұлай толқуына себеп те жоқ емес. Түске таман республиканың түсті металлургия министрлігінен «Жедел жетіңіз!» деген шақырту алған. Хатшы қыз арқылы Алматыға ұшатын рейске билет алдырып, жеткен беті осы. «Сірә, бір шұғыл шаруа болды ғой» деді іштей өзін жұбатқандай болып.

Ертесіне министр Садықты емен-жарқын қарсы алды. Хал-жайын, өндірістің жай-жапсарын сұрап отырды да:

– Садық Қасымұлы, сіз Жәйрем жайлы естідіңіз бе? – деді тосын сұрақ қойып.

– Әрине. Бүгінде ол жайлы күллі ел айтып жүр. Жезқазғандықтар ол жерді тіптен жақсы біледі. Қазақтың қазыналы өңірінің бірі ғой, – деді Сәкең салмақпен.

– Ендеше, сол қазынаны игеруге басшылық жасауға қалай қарайсыз?

Бұл Садық күтпеген мүлдем тосын жағдай еді. Бір сәт үндемей қалды. Көңілінде толқу да жоқ емес. «Қалай болар екен?» деген күдік те бар.

– Сіз қобалжымаңыз. Мына жақтан біз қолдан келгеннің бәрін жасаймыз. Оның үстіне мұндағы жолдастар сізді «кен өндірісін бес саусағындай білетін кенші, мықты ұйымдастырушы, білікті басшы» деп отыр. Жасырмаймын. Жұмыс ауыр. Оның үстіне Жәйрем кенішін ашу жұмысы кестесінен кешігіп жатыр. Тым баяу жүруде. Тіпті, тоқтап қалған бағыттары да бар. Соның бәрін тез арада жолға қойып, қысқа мерзімде кен өндірілуі керек.

Садық бұл әңгіменден оның келісімін алу емес, «Осыны істейсің!» деген тапсырма екенін ұқты. Бұл 1975 жыл еді.

Арада бір апта өткенде Садық Асатов Жәйрем өңіріне келіп, жұмыстың жай-жапсарымен танысты. Министр ағынан жарылған екен. Мұндағы жұмыс шын мәнінде тұралап тұрған еді. Бұған дейінгі басшының сол себептен босатқаны бірден байқалды.

Кеніш құрылысының барысымен танысып шыққан Садық жедел жұмыс тобын шақырып, кеңес өткізді.

– Бізде екі экскаватор үнемі бос тұрады. Транспорт цехы көліктермен жеткілікті қамтамасыз ете алмай отыр. Соның салдарынан кен қыртысын аша алмай, кешеуілдеп жатырмыз, – деді карьер бастығы Александр Кривопуск бірінші болып сөз алып.

– Бас механик бұған не айтады? – деді Асатов Александр Петуховқа назарын аударып.

– Бәрі дұрыс қой, – деді Петухов орнынан тұрып жатып. – Бірақ, бізді де түсініңіздер. Машиналар жиі сынады. Карьердің жолы жол емес. Суда да құрғақта да жүретін БелАЗ-дар «амфибия» емес қой. Ең әуелі жолды дұрыстасын. Онсыз да саймандар уақтылы келмейді. Қарағанды да, Жезқазған да бізден шалғай жатыр. Бір жағы екі жүз, бір жағы үш жүз шақырымнан артық.

– Қандай шара қолданып жатырсыз, жолдас карьер басшысы?

– Қолдан келгеннің бәрін, Садық Қасымұлы. Бірақ, пайда шамалы. Ана жолы 355-горизонтты қырқа бастағанда су бұрқ ете қалды. Зкскаваторлар суда қалды. Насостар қойып әрең тазартып алдық. Бөренеден сал буып жүріп көрдік, БелАЗ-дардың ескі дөңгелектерін де төседік. Пайда шамалы…

Бір-біріне кінә артумен өткен жиналыстан қорытынды аз екенін ұққан Асатов жиынды тоқтатты. Сосын қасына карьер бастығын, бас механикті және бірнеше мамандарды ертіп алды да поселке құрылысымен айналысып жатқан құрылысшылар қосына қарай беттеді. Жолайы құрылысқа деп қазылған қиыршық тастар карьерінің қасына келіп тоқтады. Жұрттың бәрі аң-таң. Мұнда неге келдік дегендей бір-біріне қарасты.

– Мынаны көрдіңдер ме? – деді Садық қиыршық тастарды нұсқап. – Бұл не?

– Тас қой, – деді олар.

– Жай тас емес, – деді Садық қасындағыларды жанарымен сүзіп шығып. – Бұл сендерді құтқаратын тас. Бас механик жолдас, ертең ертемен парктегі бүкіл машина осында келсін.

– Карьердегі жұмыс не болады?

– Тұра тұрар. Бірінші жолды дұрыстаймыз.

Арада бірер күн өткенде қалың етіп қиыршық тас төселген карьердегі жолдармен алып самосвалдар кедергісіз жүре бастады. Кен қыртысын ашу жұмыстары да қарқын алды.

Бұл кезде Жәйрем кенті де қанатын жайып, заманауи тұрғын үйлер құрылысы қанатын жайған еді. Қаз-қатар тізілген үйлер сап түзеп, әсем көшелер бой түзеп қалған. Қаланың бас жоспарына сәйкес мәдениет ошақтары мен өзге де әлеуметтік маңызды нысандардың іргетастары қаланды сол жылдары.

Жалпы, Жәйрем кентінің іргесі сонау 1972 жылы қаланған еді. Ол кезде шағын жұмысшы поселкесі ғана болатын. Жәйрем өндірісінің өрге басып, кенттің кербез қалаға айналуы осы Садық Асатовтың тұсында дәуірледі. Оны бүгінгі ел жырдай етіп айтады.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ