ҚАУІПСІЗДІК — ЖЕТІСТІК  КЕПІЛІ 

«Казцинк» компаниясының жер қойнауындағы пайдалы қазбаларды игеру жұмыстары кезінде ең басымдық танытатын бағыты еңбекті қорғау және еңбек қауіпсіздігі. Сол бағыттағы жұмыстарын тоқсанына бір рет қорытындылап қою мақсатында түрлі шаралар өткізіледі. Сондай шаралардың бірін «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ Бастауыш Кәсіподақ ұйымы мен комбинаттың Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік басқармасы ұйымдастырды.

Жалпы еңбекті қорғау дегеніміз —  жұмыс барысында адамның қауіпсіздігіне, денсаулығы мен жұмысқа қабілеттілігін сақтауға кепілдік беретін әлеуметтік-экономикалық, ұйымдық, техникалық, гигиеналық және емдік-профилактикалық іс-шаралар.

Ал, Еңбек қауіпсіздігі дегеніміз – бұл еңбек қызметі үдерісінде жұмысшының қауіпсіздігі және (немесе) зиянды өндірістік факторларды шектейтін кешенді шаралармен қамтамасыз ететін, жұмысшылардың қорғалған жағдайы.

Аталған екі жағдайды да қандай жұмыс орыны  болмасын жұмыскер де, жұмыс беруші де сақтағаны жөн.

Сонымен, осы тақырыптағы білімдерінің деңгейін анықтау және жұмыскерлердің ұйымшылдықтарын нығайту мақсатындағы «Қауіпсіздік — жетістік кепілі» атты жарысы өте жоғары деңгейде өтті.

Аталған жарысқа «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ бөлімшелерінен 6 команда қатысты. Олар: Техникалық бақылау бөлімінің «Фортуна» тобы, Басқарманың «Каска» тобы, Полиметалл байыту фабрикасының «СЭФМЕН» тобы, Көліктер цехынан «Аққанат» тобы, Энергия цехынан «Энергия» тобы, «Жәйрем» кенішінен «Жәйрем» тобы болды.

Командалар арнайы экранға шыққан ұяшықтар арқылы өзара жеребе тастап, жауап беру реттіліктерін таңдап, бірінші кезеңде экранда көрсетілген ұяшықтарды таңдап, ол жерде жасырынған сұрақтарға жауап берді. Екінші кезеңде Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік басқармасының мамандары тарапынан қойылған бейне-сұрақтарға жауап берсе, үшінші кезеңде техникалық қауіпсіздік және еңбек қорғау бойынша құрастырылған сөзжұмбақты шешіп, төртінші кезеңде практикалық тапсырмалар орындады.  Жүргізуші тарапынан әділқазы шешімімен келіспей, наразылық танытатын команданың жауаптары есептелмейтіні не болмаса команда қорындағы ұпай алынып тасталатыны ескертілді.

Жарысқа қатысушыларға Бастауыш кәсіподақ ұйымының төрағасы Мүбәрак Кәрібаев, Өнеркәсіптік және экологиялық қауіпсіздік басқармасының бастығы Нұржан Қадірсізов, Қызметкерлер құрамын оқыту және дамыту бөлімінің бастығы Мадина Ахатова төрелік етті. Сайыс өте тартымды болды.

Бірнеше сағатқа созылған жарыстың нәтижесінде «Каска» командасы І орынды, «Жәйрем» командасы ІІ орынды, Полиметалл байыту фабрикасының командасы ІІІ орынды иеленді.

«Ең белсенді қатысушы» номинациясымен полиметалл байыту фабрикасының қызметкері Әділхан Смаилов, «Ең үздік капитан» номинациясымен «Жәйрем» кен орнының қызметкері Дархан Жарылханов марапатталды.

Жеңімпаздармен қатар, барлық қатысушыларға ақшалай сыйлықтар мен дипломдар, алғыс хаттар беріліп, гүл шоқтары табысталды.

Өндірісте болсын, басқа сала болсын, жалпы өмірде адам өмірі мен денсаулығының басты кепілі қауіпсіздік дейтін болсақ, қауіпсіздіктің, сонымен қатар, жетістік кепілі екендігі бүгін дәлелденді.

Қайда жүрсек те, қауіпсіздіктің талаптарын сақтай білейік! Өндірісіміз өркендеп, қауіп-қатерсіз, жарақатсыз болсын! Жәйреміміз жарқырай берсін!

Гауһар НАУРЫЗБАЕВА