Қызықты да пайдалы кеш  

Ағымдағы аптада Қаражал қаласының Платон Кляцкий атындағы саябағында тағылымы мол, мазмұны терең «Ашық алаң–2026: Taza Qadam» ақпараттық-түсіндіру акциясы ұйымдастырылды.

Іс-шараны Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі ұйымдастырып, қала тұрғындары мен жастардың басын бір алаңға біріктірді. Ашық форматта өткен шараның басты мақсаты – қоғам мүшелеріне заң талаптарын түсіндірумен қатар, ұлттық құндылықтарды дәріптеу, жастардың қоғамдық белсенділігін арттыру, ел бірлігі мен жауапкершілік қағидаттарын насихаттау болды.

Акцияның атауындағы «Taza Qadam» – «Таза қадам» ұғымы да терең мағынаға ие. Таза ойдан, дұрыс ниеттен және саналы әрекеттен басталған әрбір қадам – қоғамның жарқын болашағына бастар жол. Заңды білу, өз құқығы мен міндетін түсіну, қоғамдық тәртіпті сақтау, ұлттық мұраны құрметтеу – осы құндылықтардың барлығы өзара сабақтасып, жауапты азаматтың тұлғасын қалыптастырады. Кеш әсерлі би қойылымымен ашылып, қатысушыларға көтеріңкі көңіл-күй сыйлады. Әрі қарай іс-шара танымдық әрі қызықты форматта жалғасын тауып, жастардың білімін, тапқырлығын және ұлттық құндылықтарға деген қызығушылығын арттыруға бағытталған түрлі сайыстар ұйымдастырылды. Солардың бірі – Kahoot интеллектуалдық ойыны. Заманауи цифрлық платформаның мүмкіндігін пайдалана отырып, қатысушылар заңнама, ұлттық дәстүрлер және қазақ зиялыларының өмір жолына қатысты сұрақтарға жауап берді. Интеллектуалдық ойын жастардың білімін шыңдап қана қоймай, заңды білу мен тарихи-мәдени мұраны танудың маңызын көрсетті. Ал «Таным бәйгесі» барысында қатысушылар ұлттық тарих пен мәдени мұраға қатысты білімдерін ортаға салып, өзара білім сайысына түсті. Қазақ халқының тарихын, салт-дәстүрін, мәдениетін білу – өткенді құрметтеу ғана емес, болашаққа сенімді қадам жасаудың негізі екені тағы бір мәрте аңғарылды.

Шараның мазмұнын «Мақалды жалғастыр» сайысы да толықтыра түсті. Халық даналығының інжу-маржаны саналатын мақал-мәтелдер арқылы қатысушылар өздерінің тапқырлығы мен шапшаңдығын танытты. Қазақтың әрбір мақалының астарында ұрпаққа бағыт-бағдар беретін өмірлік мән, тәрбиелік тағылым жатқаны анық.

Акция барысында ұлттық өнерге де ерекше орын берілді. Сахнадан төгілген қазақтың күмбірлеген күйі кештің рухани мазмұнын байытып, көпшілікке ерекше әсер сыйлады.

Ұлттық мәдениеттің ажырамас бөлігіне айналған дәстүрлі ойындардың бірі – асық ату да шараның көркін қыздырды. Қатысушылар асық атып, ептілік пен мергендіктерін сынады. Бір қарағанда қарапайым ойын болып көрінгенімен, асық ату – халқымыздың дәстүрлі мәдениетінен тамыр тартатын, баланы шапшаңдыққа, дәлдікке, ептілікке және ұйымшылдыққа тәрбиелейтін ұлттық ойындардың бірі.

Осындай ұлттық ойындар мен өнер түрлерін қазіргі заманғы ақпараттық және интерактивті форматтармен үйлестіру – жас ұрпақтың ұлттық мұраға деген қызығушылығын арттырудың тиімді жолдарының бірі.

«Ашық алаң–2026: Taza Qadam» акциясының маңызды бағыттарының бірі – азаматтардың құқықтық сауаттылығын арттыру және заңға құрметпен қарау мәдениетін қалыптастыру.

Қоғамның тұрақтылығы мен қауіпсіздігі әр азаматтың өз құқықтары мен міндеттерін білуінен басталады. Заңды құрметтеу – тек құқықтық талаптарды орындау ғана емес, айналадағы адамдардың құқықтары мен мүдделеріне сыйластықпен қарау, қоғамдық тәртіпті сақтау және ортақ жауапкершілікті сезіну.

Осы тұрғыдан алғанда, ақпараттық-түсіндіру жұмыстарының жастармен ашық әрі еркін форматта өткізілуінің маңызы зор. Өйткені, жас ұрпаққа қажетті ақпаратты тек ресми кездесулер арқылы емес, ойын, пікір алмасу, зияткерлік сайыс және мәдени іс-шаралар арқылы жеткізу олардың белсенді қатысуына мүмкіндік береді.

Іс-шара барысында ұлттық дәстүрлер мен рухани құндылықтар дәріптеліп қана қоймай, жастар арасында қоғамдық жауапкершілік, заңға құрмет, өзара сыйластық және ел бірлігін сақтау идеялары кеңінен насихатталды.

Бүгінгі қоғамның болашағы – білімді, саналы, отаншыл және жауапкершілігі жоғары азаматтарға байланысты. Ал мұндай қасиеттер отбасындағы тәрбиеден, мектептен, қоғамдық ортадан және ұлттық құндылықтарды бойға сіңіруден қалыптасады.

Сондықтан, ұлттық мұраны дәріптейтін, құқықтық сауаттылықты арттыратын және жастардың белсенділігін қолдайтын осындай қоғамдық іс-шаралардың тәрбиелік мәні ерекше.

Қаражал қаласының тұрғындары бас қосқан бұл ашық алаңда үлкендер өз тәжірибесімен бөліссе, жастар білімін сынап, өнерін көрсетіп, ұлттық ойындарға белсене қатысты. Осылайша, әр буын өкілі ортақ құндылықтар төңірегінде тоғысып, қоғамдағы өзара түсіністік пен сабақтастықтың маңызын айқындай түсті.

Кеш соңында түрлі сайыстарда белсенділік танытып, ерекше көзге түскен қатысушыларға естелік сыйлықтар табысталды. Бұл – қатысушылардың белсенділігін ынталандырып қана қоймай, олардың қоғамдық өмірге араласуға деген қызығушылығын арттыра түскен жағымды сәттердің бірі болды.

«Ашық алаң–2026: Taza Qadam» акциясы қала тұрғындарына көтеріңкі көңіл-күй сыйлап, пайдалы ақпарат пен тағылымды тәрбиені, ұлттық өнер мен заманауи ойын форматын бір арнаға тоғыстырды.

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ