«Қылыш» қалаға қайтарылады

«Қылыш» (Қылшекең) су қоймасы Қаражал қаласы әкімдігінің меншігіне берілетін болды. Бұл хабарды Қаражал қаласының жұртшылығы зор қуанышпен қабылдап жатыр.

«Судың да сұрауы бар» дейді дана қазақ. Әсіресе, өмір нәрінің қазіргідей қат болып бара жатқан заманында бір тамшы судың орны ерекше. Мемлекет басшысының өзі бұл мәселеге үлкен жауапкершілікпен қарап, су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аударуға шақырып отыр. «Бұл – стратегиялық маңызы бар міндет. Алдағы уақытта су мәселесі ушығып кетуі мүмкін. Сол себепті, бізге оның алдын алу қажет. Қазір Үкімет су кодексінің жаңа жобасын әзірлеп жатыр. Су ресурстарын тиімді басқаруға және оларды қорғауға баса назар аудару керек» деді Президент.

Жасыратыны жоқ, біз бұған дейін су мәселесіне қалай болса солай қарап келдік. Қанша жерден мемлекеттің меншігі десек те өзен, көлдерді, тоғандарды оңды-солды пайдаландық. Тіпті, кейбір су қоймаларын жекенің иелігіне де беріп жібердік. Соның бірі осы – «Қылыш».

Бір кездері Қаражал өңірін сумен қамтамасыз етіп отырған сол «Қылыш» қазір адам төзгісіз жағдайға жеткен. Мұны қаланың зиялы қауымы, ақсақалдары, қоғам белсенділері қаншама рет көтерді де. Бұл мәселе облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының Қаражал қаласының тұрғындарымен болған кездесуінде де айтылды. «Қылыштың» суы халықты ауыз суменде қамтамасыз етті, бау-бақша суаруға де жетіп тұрды. Кейін оны жекеменшікке беріп жіберіп, су қоймасы қараусыз, қорғаусыз қалды. Енді соны қаланың меншігіне қайтарып, қайтадан іске қосу керек»  деген еді сол жиында қала ақсақалдары.

Сол сөз құзырлы орындардың құлағына жеткен болуы керек, су қоймасы қаланың коммуналдық меншігіне берілетін болды. Жоспар бойынша су қоймасын қалпына келтіру жобасын әзірлеу, онда шлюз бен сорғы станциясын күрделі жөндеу, қоршаулар салу, бөгетті нығайту қарастырылмақ.

Бұдан бөлек, келесі жылы «Қылыш» су қоймасын Қаражал қаласымен байланыстыратын автокөлік жолын асфальттау жұмыстарын бастау жоспарлануда.

 Аманкелді АҚШАЛ.