Тілектес ДОСАЕВ, Қаражал қаласының әкімі: «Өңірдің өркендеу өрісі кеңейе береді»

Ұлытау облысының қазыналы аймағы – Қаражал-Жәйрем өңірінің жұртшылығы мерейлі тойлар тоғысында тұр. Алдағы жылдың қаңтарында Қаражал қаласының құрылғанына 60 жыл толса, қайыра жаңғырған Жәйрем жұртшылығы осы аптада кенттің 50 жылдық мерейтойын тойламақшы. Қоса-қабат келген мерейтойлар қарсаңында біз Қаражал қаласының әкімі Тілектес ДОСАЕВҚА хабарласып, торқалы тойларға әзірлік қам-қаракеті мен өңірдің өркендеуі, бүгіні мен ертеңі жайлы сұхбат құрған едік…

– Тілектес Темірбекұлы, биыл Жәйремнің жарты ғасырлық тойын, араға аз ғана уақыт салып, Қаражал қаласының 60 жылдық мерейтойын тойлағалы отырсыздар. Қос бірдей қуаныш құтты болсын!

– Рахмет! Иә, біздің өңір, шынымен де, тойлар тоғысында тұр. Мұндай сәттер сирек кездеседі ғой. Сол ерекше жағдай біздің еншімізге тиіп отыр. Бұл – бір жағынан үлкен қуаныш, екінші жағынан – зор жауапкершілік жүгі. Оның үстіне мерейтойлардың Ұлытау облысының ашылуымен тұспа-тұс келгені бар. Біз үшін бұл да үлкен мерей. Сондықтан осынау атаулы күндерді лайықты сән-салтанатымен, елдің есінде қаларлықтай етіп өткеру – міндет.

 – Онда әңгімені алдағы жылдың басындағы 60 жылдық мерейтойға әзірліктен бастайық…

– Қаражалдың 60 жылдығына дайындық жұмыстарына біз биылғы жылдың басынан кірісіп кеттік. Әлгінде айтқанымдай, бұл мерейтойларды талапқа сай деңгейде тойлауымыз керек. Мұның басты шарты – олардың әдемі, таза және жайлы қалада өтуі. Бұл – біз үшін өте маңызды.

Соңғы жылдары қаланың келбеті біршама өзгеріп, жолдарды асфальттау, көшелерді жарықтандыру, балалар алаңдарын салу, бос тұрған үйлерді қалпына келтіру бағытында айтарлықтай жұмыс атқарылды. Биыл аулаларды абаттандыру жұмыстары басталды. Қалада бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл жұмыстар кезең-кезеңімен жалғасатын болады.

– Мерейтойда ел нені қызықтайды? Есте қаларлықтай қандай шаралар жоспарланып отыр?

– Жұмыс – ауқымды. Мерейтойға орай, ірі мәдени іс-шаралар мен спорт жарыстарын өткізуді жоспарлап отырмыз. Өйткені, біздің аймақ тек ірі өндіріс кәсіпорындарымен ғана емес, сонымен қатар, байрақты бәсекелерде бәс тіге алатын спортшыларымен де танымал. Бұл бағытта ұлттық спорт түрлерін дамытып, қазақ күресі, көкпар тағы да басқа көлемді іс-шаралар өткізу жоспарлануда.

«Нені қызықтайды?» дегенге келер болсақ, ең әуелі мынаны айтар едім. Осы той қарсаңында қаланың заманауи келбетіне, оның даму динамикасына арналған 3D форматындағы кітаптың тұсауы кесіледі. Сондай-ақ, қаланың 60 жылдығына орай, мүсіндік композиция құрылысы жоспарда тұр. Үздік эскиз жобасына байқау жарияланды. Біз оны қала тұрғындары арасында өткізгіміз келеді. Сондықтан әркімде өзінің сүйікті қаласының ертеңін қалай елестететінін шығармашылық тұрғыда білдіру мүмкіндігі бар.

Негізгі іс-шараның бірі ретінде «60 жылға – 60 қайырымдылық іс-шарасы» акциялар циклін ұйымдастыруды жоспарлап отырмыз. Біздің ойымызша, қайырымдылық акциялары Қаражалда туып-өсіп, білім алған, түрлі салада жетістікке жеткен азаматтардың арасында кең қолдау табуы тиіс. Бұл мерейтой аясындағы ең жарқын іс-шаралардың біріне айналады деген үмітіміз бар.

– Мерейтойларға өңірдегі өндіріс орындарының үлесі қандай болады?

– Әрине, өндіріс орындары ортақ мүдделі істен сыртқары қалмасы анық. Олар да өз тарапынан түрлі шараларға демеушілік жасап, қолдау көрсететін болады.

Жалпы, аймақ аумағында қаланы қалыптастырушы екі кәсіпорын – «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ мен «Өркен» ЖШС «Өркен» Атасу өкілдігі орналасқан. Бұл кәсіпорындарда 3 200- ге жуық адам еңбек етеді.

Өзіңізге белгілі, 2021 жылы Жәйрем кен байыту фабрикасы салынып, іске қосылды. Бұл инвестициялық жобаның құны – 145 млрд. теңге. Жаңадан 500-ге тарта жұмыс орны ашылды.

Бұлардан бөлек, темір-марганец және барит рудаларын қайта өңдейтін 4 кәсіпорын жұмыс істеуде. Қаланың іргесіндегі Ақтай ауылында темір-марганец рудасын қайта өңдейтін «Инджаз» кәсіпорыны өткен жылы іске қосылған еді. Ол жергілікті тұрғындарды жұмыспен қамтып, ауылдың дамуына айтарлықтай серпін беріп отыр.

Өңірде өнеркәсіп өнімінің көлемі былтырғы жылмен салыстырғанда 1,5 есе өсті.

Міне, осының бәрін іргелі өндіріс орындарының мерейлі тойларға лайықты тартуы деп қабылдаған жөн. Себебі, өнеркәсіптің өркен жаюы – тұрғындар әл-ауқатының арта түсуінің кепілі.

– Өте жақсы екен. Тілектес Темірбекұлы, әңгімені өңірдің әлеуметтік-экономикалық ахуалына қарай бұрдыңыз ғой. Ендеше, ендігі айтылар сөзді осы бағытта өрбітейік. Қаланың өсіп-өркендеуі оның бюджетіне, шағын және орта бизнес саласының дамуына тікелей байланысты ғой. Бұл орайда қандай жұмыстар жүзеге асырылуда?

– Өңір экономикасында басымдық сипатты иеленетін негізгі кәсіпорындардың жұмысы – тұрақты. Биылғы жылдың жеті айының қорытындысы 2021 жылдың сәйкес мерзімімен салыстырғанда көш ілгері. Кәсіпорындардың өндірістік жоспарлары едәуір өсті. Цифрмен сөйлетсек, оның көлемі 99,6 процент болып отыр.

Дәл осындай ілгерілеушілік өңірдің агроөнеркәсіп кешенінде де айқын байқалады. Бұл салада өсім – 9,5 пайызды (2651,5 мың теңге, немесе – 100,4%) құрап, оң динамика көрсетті.

Инвестиция салу бағытында да ауыз толтырып айтарлықтай жетістіктер бар. 2017 жылдан бері инвестициялар ағыны үнемі ұлғайып келеді. Өткен жылы жоғары көрсеткіштерге қол жеткізсек, биыл да оң динамика қамтамасыз етілді. Жеті айдың қорытындысы бойынша жоспардан тыс 65,5 процент өсім байқалады немесе өндіріс өнімінің көлемі 12,6 млрд. теңгеге жетті.

Экономиканың негізгі қозғаушы күші саналатын кәсіпкерлікті дамыту бағытында да ілкімді жобалар жүзеге асырылуда. Жалпы, жергілікті кәсіпкерлерді қолдау мақсатында мемлекет тарапынан маңызды бағдарламалар жүзеге асырылуда. Оны өңір кәсіпкерлері белсенді пайдалану үстінде. Мұның айғағы – жаңадан тіркелген және жұмыс істеп тұрған жеке меншік кәсіпкерлік нысандарының нақты саны. Өңірде шағын және орта кәсіпкерліктің саны 20 процентке артып, 1 046 бірлікті құрады. Бұл – шағын және орта бизнестің дамып келе жатқанының көрсеткіші. Тиісінше, біз өз тарапымыздан оның одан әрі табысты болуы үшін жағдай жасауға мүдделі бола береміз.

– Сөз басында өңірді сәулеттендіру және абаттандыру бағытында ауқымды жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтып қалдыңыз. Осы мәселеге тереңірек тоқталсаңыз. Құрылыс саласын жандандыруға, қала мен кентті абаттандыруға қатысты қандай нақты жұмыстар жүргізілуде?

– Иә, соңғы бірнеше жылда өңірді абаттандыруға қатысты ауқымды жұмыс жүргізілуде. Бұл – алғашқы кезекте үйлерді қалпына келтіру және жаңа нысандар салу. Жүргізілген жұмыс нәтижесінде әлеуметтік тұрғын үй кезегі екі есе қысқарды.

Биылғы жылдың 7 айында құрылыс жұмыстарының көлемі 2,1 процент өсіммен орындалды (11830,4 мың теңге.). Екі мыңнан астам шаршы метр (28714 м2) тұрғын үй пайдалануға берілді. Жоспардың орыналуы – 100 процент

Осы орайда, мына бір мәселені ерекше атап өткен жөн. Біз баспана мәселесін бұрынғы бос қалған үйлерді жаңғыртып, пайдалануға беру арқылы шешуді қолға алдық. Осы бағытта ағымдағы жылы Тәуелсіздік көшесі бойында орналасқан көппәтерлі 12 үйді қалпына келтіру жұмыстары басталды.

Солардың бірі – №4 үйді қалпына келтіру жұмыстары аяқталуда. Осы арқылы жыл соңына дейін кезекте тұрғандарға пәтер беру жоспарланып отыр.

Әрине, қалада жаңа нысандар салу жұмысы да – қарқынды. Мәселен, биыл жергілікті бюджет қаражатына жаңа жабық жүзу бассейнінің құрылысы басталды. Меже – оның құрылыс жұмыстарын мерзімінде тиянақтап, қаланың 60 жылдық мерейтойына тарту ету. Бұйыртса, балалар келесі жылы жүзу секцияларына қатысу мүмкіндігіне ие болады.

Бұқаралық спортты дамыту – басты мақсаттың бірі. Сол арқылы өңір халқы өздеріне ұнайтын спорт түрімен айналыса алатын болады.

Өткен жылы қалада теннис корты ашылды. Екі қалалық турнир өткізілді. Жәйрем кентінде корт биыл пайдалануға берілді. Қыркүйекте, яғни, осы айда Жәйрем кенті алаңында алғашқы турнир өткізіледі.

Қазір «Горняк» стадионын қайта жаңғырту аяқталу кезеңінде тұр. Мұнда футбол алаңы, баскетбол мен тенниске арналған алаң және жүгіру жолы бар.

– Қалада ауызсу, жол салу мәселелері қалай шешімін тауып отыр?

– Автокөлік жолдарын жөндеу жұмыстары жыл сайын жүргізіледі. Биылғы жылы жол жөндеуге 721 миллион теңге бөлінді. Оның 380 миллионнан астамы – қалалық бюджет қаражаты есебінен. Жұмыстардың жалпы көлемі 27,1 шақырымды құрайды. Оның ішінде, Қаражал қаласы мен Жәйрем кентінің 30-дан астам ішкі көшелері қамтылды.

Тамыз айында қалада жол белгілерін салу жұмысы жүргізілді. Сол сияқты, биыл қалада бағдаршам орнату жұмыстарын бастаймыз. Бірінші бағдаршам Битабар мен Тойымбеков көшелерінің қиылысында орнатылады. Алдағы уақытта басқа да орталық көшелерді қамту – жоспарда.

Жоғарыда атап өткенімдей, биыл алғаш рет қаланың орталық көшелерінде бейнебақылау камералары орнатылды. Бұл жол-көлік қозғалысы ережелері талаптарын бұзушылықты азайтуға да, құқық бұзушылық деңгейін төмендетуге де септігін тигізеріне сенімдімін.

2019 жылы «Жәйрем-Қаражал топтық су тартқышын қайта құру» жобасын іске асырудың екінші кезеңі Қаражал қаласы мен Жәйрем кентін сумен тұрақты қамтамасыз етуге мүмкіндік берді. 2020 жылы Шалғы кенті бойынша мәселе шешімін тапты.

2020 жылы Ақтай шағынауданында су құбыры желілерінің құрылысы бойынша және Қаражал қаласы тұтынушыларының шекарасына дейін су құбыры желілерін жеткізу жобаларын іске асыру басталды. Бұл жоба биылғы жылы аяқталады.

– Тұрғындарды әлеуметтік қорғау, денсаулық сақтау және жұмыспен қамтуға қатысты қолға алынған жұмыстар туралы да айтсаңыз…

– Бұл міндеттер жергілікті атқарушы органның алдына қойылатын басты талаптардың бірі екені белгілі. Төтесінен тарта айтсам, өңірде аталған салалар бойынша айтарлықтай істер қолға алынып, оң нәтижелерін беруде.

2022 жылдың есепті кезеңінде 41 отбасыға, ондағы 176 адамға атаулы әлеуметтік көмек тағайындалып, төленді. Атаулы әлеуметтік көмек алушылар санатындағы 1 жастан 6 жасқа дейінгі 24 бала азық-түлік себеттері және гигиеналық құралдар түрінде кепілдендірілген әлеуметтік топтамалармен қамтылды.

2021 жылы осы санаттағы адамдардың өтініштеріне сәйкес, телевизиялық абоненттік құрылғылармен 21 отбасы қайтарымсыз негізде қамтамасыз етілді.

Бүгінгі таңда мемлекет мүгедектігі бар адамдардың өмір сүру сапасын жақсартуға ерекше мән беріп отыр. Осы орайда, оңалту іс-шараларының көлемін ұлғайтуға, жеке қажеттіліктерін ескере отырып, оларды оңалтудың техникалық құралдарымен қамтамасыз етуге айрықша көңіл бөлінеді. Бұл жұмыстан біздің өңір де тысқары қалып отырған жоқ. Аймақтағы мүмкіндігі шектеулі адамдардың өмір сүру деңгейін арттыруға қатысты ауқымды жұмыс жүргізілуде. Қазіргі таңда 456 мүмкіндігі шектеулі тұлға есепте тұр. Оның ішінде 70 бала бар. Өкінішке орай, жас буын өкілдері арасында түрлі сырқатқа шалдығып, мүмкіндігі шектелгендер саны жыл санап артып келеді. Өткен жылы қала бойынша есепте тұрған 455 адамның 66-сы бала еді. Биыл олардың қатарына 4 бала қосылды.

2021 жылдан бастап, мүмкіндігі шектеулі адамдар әлеуметтік қызмет көрсету порталы арқылы жеке қажеттіліктері бойынша оңалтудың техникалық құралдары мен әлеуметтік қызметтерді алуға өз бетінше тапсырыс бере алады. Биылғы жылдың басынан бері аталған портал арқылы 95 дана оңалтудың техникалық құралдарымен қамтылып, оның ішінде 14 адам санаториялық-курорттық ем қабылдады.

Мүмкіндігі шектеулі жандарға жергілікті билік тарапынан мүмкіндігінше қолдау мен көмек үнемі көрсетілуде. Осы орайда, «Мұқтаж азаматтардың жекелеген топтарына әлеуметтік көмек» бағдарламасы аясында жергілікті бюджет есебінен мерекелік күндерге байланысты біржолғы материалдық көмек көрсетуге 23000,0 мың теңге қаражат қарастырылған. Биылғы жылдың 7 айының қорытындысы бойынша 880 адам 10405,0 мың. теңгенің біржолғы материалдық көмегімен қамтылды.

2022 жылдаң бастап «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту жөніндегі Ұлттық жоба» аясында қаңтар айынан тамыз айына дейін халықты жұмыспен қамту орталығына жұмысқа орналасу мәселесімен 747 адам өтініш білдіріп, 598 азамат жұмыспен қамтуға жәрдемдесудің белсенді шараларымен қамтылды. Сөйтіп, 251 азамат тұрақты жұмысқа орналастырылды. Оның ішінде «Күміс жас» жобасы аясында – 2 адам, «Алғашқы жұмыс орны» жобасымен 9 адам жұмысқа тартылды.

Сондай-ақ, уақытша жұмыс орындарына 347 азамат келесі жобаларға жіберілді: «Әлеуметтік жұмыс орындары» – 18 адам; «Жастар практикасы» – 23 адам; «Қоғамдық жұмыс» – 306 адам.

Жұмыс берушілердің өтінімдері бойынша 10 адам (кассир-есепші – 4, қазандық машинисті – 6) оқуға жіберілді.

Жұмыссыздық деңгейі 3,6 процентті, жастардың жұмыссыздық деңгейі – 3,5 процентті құрап отыр. Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) арқылы түрлі бағыттар мен мамандықтар бойынша үнемі бос жұмыс орындары тұрғындарға тұрақты ұсынылады.

Жұмыссыздық деңгейі 3,6 процентті, жастардың жұмыссыздық деңгейі – 3,5 процентті құрап отыр. Электрондық еңбек биржасы (Enbek.kz) арқылы түрлі бағыттар мен мамандықтар бойынша үнемі бос жұмыс орындары тұрғындарға тұрақты ұсынылады.

Жалпы, Үкіметтің осы «Ұлтық жобасы» аясында жағымды нәтижелерге қол жеткізіліп, халықтың табысы арта түсуде.

Медициналық қызмет көрсету мен халықтың денсаулығын нығайту мәселесіне келер болсақ, өңірде көңілге қонымды жұмыстар жүргізілуде. Бізде екі көпбейінді аурухана жұмыс істейді. Өткен жылы медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасы жаңартылып, жарақтандырылу көрсеткіші 86,4 процентке жетті. Аурухана қалашығында ғимараттың сыртқы келбетін тартымды ете түсетін күрделі жөндеу қарастырылған.

Денсаулық сақтаудың негізгі көрсеткіштері бойынша оң статистика байқалады: ана өлімі фактілері жоқ, өлімжітімнің төмендеуі байқалады.

Алайда, дәрігер мамандардың жетіспеушілігі мәселесі күн тәртібінде қалып отыр. Әрине, оны оңтайлы шешу жолдары қарастырылуда. Әсіресе, қажетті қызметкерлерді тарту мақсатында оларды баспанамен қамту мәселесінің түйіні тарқатылды. Сол мақсатпен көппәтерлі бір үй жөнделіп, пайдалануға берілді. Сырттан келетін маман-дәрігерлерге сол үйден пәтерлер берілетін болады.

Қысқасы, уақыт талабына сай, өңірдің өркендеу өрісі кеңейе береді.

– Еңбегіңізге жеміс тіледім. Уақыт бөлгеніңіз үшін рахмет!

Сұхбаттасқан Ізтай БЕЙСЕНБАЕВ.