Тіл – достықтың кілті, ынтымақтастықтың бастауы, ырыс-берекенің алды, ұлттың әрі жаны, әрі ары. Тіл жай сөз емес, өмірдің талай сынынан өткен, өскелең талаптарға сәйкес өрістей түскен толыққанды ақиқат десек, жаңыла қоймаспыз. Тіл әрбір адамға ана сүтімен бірге еніп, қалыптасады. Тіл байлығы — әрбір елдің ұлттық мақтанышы. Біздің барша ұлттық келбетіміз бен болмысымызды, салт-санамыз бен дініміз осы ұлттық мәдениет пен тілімізде жатыр. Тәуелсіз елдің елдігі жас ұрпағын парасатты да білімді, отансүйгіш те ұлтжанды тұлға етіп қалыптастыруда мемлекеттік тілдің атқаратын қызметі орасан зор.
Бастауыш сынып мұғалімі ретінде мен қазіргі кезде белең алып отырған жағдайды атап өткім келеді. Ол — қазақ отбасындағы балалардың тілінің орыс тілінде шығуы. 1 сыныпқа келген бала мұғалімнің көп сөздерін түсінбей, сұрақтарына орысша жауап беріп отыратын, және қазақ тілінде сөйлей алмағандықтан тұйықталып қалатын жағдайлар көп кездеседі. Бастауыш сынып оқушылары да қазақ отбасында өссе де, орыс тілін меңгеріп, орыс тілінде сөйлеп мектепке келеді. Бұған бірден бір себеп, баланың кішкентай кезінен көретін мультфильмдері орыс тілді болуы деп ойлаймын. Интернетте балаларға арналған көптеген бейнелер негізінен орыс тілінде екені белгілі. Көптеген ата-аналар балалардың қолына ұялы телефондарды беріп, әртүрлі бейнелер, мультфильмдер қосып береді. Бала ақпаратты орыс тілінде алып, тиісінше тілі де орыс тілінде шығады. Ондай оқушылармен жұмыс жасау біраз қиынға түседі. Ойын жеткізе алмай, қазақ тілінде сөйлейтін балалармен қарым-қатыснасқа түсе алмай біраз тұйықталып, бейімделуден өтеді. Нәтижелі жұмыстың арқасында қазақ тілін өз деңгейінде меңгереді. Себебі мектепте мұғалім қазақ тілінде сөйлейді, қоршаған орта қазақ тілінде сөйлейді. Тіл – қарым-қатынас құралы болған соң, орыс тілін меңгеріп келген бала біртіндеп қазақ тіліне қызығушылығы артып, үйренуге талпынады. Дегенмен, осындай қиындықтарға тап болмау үшін, ата-аналар балаға берілетін ақпарат көздерін қазақшалағаны дұрыс деп есептеймін.
«Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол!» деген сөз бар емес пе?! Бауыржан Момышұлы атамыз айтқандай, «Анамыздың ақ сүтімен бойымызға дарыған ана тілімізді ұмыту – бүкіл ата-бабамызды, тарихымызды ұмыту». Ол – атадан балаға мирас болып қалып отыратын баға жетпес мұра. Туған тілдің абыройын асқақтату — әрбір адамзаттың абзал борышы. Сондықтан туған тілге деген сүйіспеншілік бала кезеңнен басталуы тиіс.
Н.АСАНОВА,
№ 3 ЖББМ бастауыш
сынып мұғалімі.