Тігін өндірісін дамыту – уақыт талабы

Қазақстанда маусым айының әр екінші жексенбісінде жеңіл өнеркәсіп қызметкерлерінің кәсіби мерекесі аталып өтеді. Жеңіл өнеркәсіптің негізгі салаларына тоқыма, тігін, былғары, тері және аяқ киім өнеркәсібі жатады.

Бүгінде еліміздің кез келген базары мен сауда орталығына бас сұқсаңыз, сөрелердегі киім-кешек пен тұрмыстық тоқыма бұйымдарының басым бөлігінің шетелден жеткізілетінін аңғару қиын емес. Қытай, Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан өндірген өнімдер ішкі нарықтың едәуір бөлігін иеленіп отыр. Бұл – бір жағынан жаһандық сауда байланыстарының нәтижесі болса, екінші жағынан отандық жеңіл өнеркәсіптің әлеуеті толық пайдаланылмай отырғанын көрсетеді.

Шын мәнінде Қазақстанда, оның ішінде өңірлерде де тігін және тоқыма өндірісін дамытуға қажетті мүмкіндік жеткілікті. Мемлекеттік қолдау бағдарламалары бар, шикізат қоры жеткілікті, ең бастысы – еңбек етуге дайын азаматтар аз емес. Алайда, өндірісті жүйелі ұйымдастыру, технологиялық жаңғырту және өнім өткізудің тұрақты тетіктерін қалыптастыру мәселелері әлі де өзекті болып отыр.

Жеңіл өнеркәсіп – халықты жұмыспен қамтудың, шағын және орта бизнесті дамытудың тиімді бағыттарының бірі. Әсіресе, тігін өндірісі әйелдер кәсіпкерлігін дамытуға, жастарды еңбекке тартуға және жергілікті экономиканы әртараптандыруға зор мүмкіндік береді.

Әлемдік тәжірибе де осыны дәлелдейді. Бүгінде Түркия, Өзбекстан және Қырғызстан мемлекеттері жеңіл өнеркәсіпті экономиканың басым бағыттарының біріне айналдырып, өз өнімдерін халықаралық нарыққа шығарып отыр. Тіпті, сол елдерде шығарылған киім-кешектер Қазақстан нарығында жоғары сұранысқа ие.

Бұл жағдай отандық өндірушілердің де бәсекеге қабілетті өнім шығара алатынын, тек оған қажетті жағдай жасау керектігін аңғартады.

Ұлытау өңірінде де тігін өндірісімен айналысып жүрген кәсіпкерлер аз емес. Жезқазған, Сәтбаев, Қаражал қалалары мен Жаңаарқа ауданында жұмыс істейтін шағын ательелер мен тігін цехтары тұрғындарды жұмыспен қамтып қана қоймай, жергілікті сұранысты өтеуге өз үлестерін қосып келеді.

Дегенмен, өңірде ірі өндірістік қуатқа ие заманауи тігін кәсіпорындарының болмауы саланың дамуын тежеп отырған факторлардың бірі екені анық. Мектеп формасы, жұмыс киімдері, ұлттық киімдер, төсек жабдықтары мен арнайы мақсаттағы киімдерге деген сұраныс жылдан-жылға артып келеді. Алайда, өндірістік қуаттың жеткіліксіздігі тұтынушыларды сырттан келетін өнімдерге тәуелді етіп отыр.

Осындай жағдайда өз кәсібін нөлден бастап, еңбегімен танылып келе жатқан кәсіпкерлердің тәжірибесі ерекше назар аударуға тұрарлық. Солардың бірі – Қаражал қаласының тұрғыны, кәсіпкер әрі тігінші Дарайым Қуатова.

Жаңаарқа ауданының Ақтау ауылында дүниеге келген Дарайымның тігіншілік жолы 2022 жылы басталды. Көптеген аналар сияқты ол да декреттік демалыста отырып, қолынан келетін істі кәсіпке айналдыруды ойлады. Алғашында үй жағдайында дастархан тігіп, шағын тапсырыстар орындады. Алайда, еңбекқорлығы мен ізденімпаздығының арқасында қарапайым қолөнер біртіндеп тұрақты кәсіпке ұласты.

Қолының ебі мен шығармашылық қабілетін ұштастырған шебер уақыт өте келе ұлттық киімдер тігуге ден қойды. Бүгінде Дарайым Мылтықбайқызы ұлттық классикалық шапандар мен балалар шапандарын заманауи технология көмегімен әзірлейді. Оның басты ерекшелігі – кесте арқылы шапандарға есімдерді, ру таңбаларын, ұлттық ою-өрнектерді және арнайы жазуларды түсіруі. Осылайша әр бұйым иесінің сұранысына сай дараланып, ұлттық нақыш пен заманауи сәнді үйлестірген ерекше туындыға айналады.

Ұлттық құндылықтарды дәріптеуді мақсат еткен шебердің өнімдері уақыт өте келе «Dara Brand» атауымен танылды. Бүгінде бұл атау Қаражал қаласының ғана емес, өңір кәсіпкерлігінің табысты брендтерінің біріне айналып келеді. Алғашында жергілікті тұрғындарға қызмет көрсеткен кәсіпкердің өнімдері қазір Астана, Қарағанды, Ақтөбе және Ұлытау өңірлеріне жөнелтілуде. Бұл – сапалы өнім мен адал еңбектің нәтижесі.

Дарайымның жетістігі жеке кәсіпкердің табысы ғана емес, өңірлік жеңіл өнеркәсіптің әлеуетін көрсететін нақты мысал. Өйткені, ол өндірісті үлкен қаржыдан емес, қарапайым тұрмыстық қажеттіліктен бастады. Бүгінде оның қолынан шыққан өнімдер бірнеше өңірге таралып, ұлттық киім өндірісінің дамуына өзіндік үлес қосып отыр.

Кәсіпкердің еңбегі мемлекет тарапынан да қолдау тапты. Ол Қаражал қаласы әкімінің гранттық жобасына қатысып, 1 миллион теңге көлеміндегі грант иегері атанды. Бұл қаржы өндірісті кеңейтуге, жаңа жабдықтар алуға және кәсібін дамытуға мүмкіндік берді.

Сонымен қатар, ол Қаражал қаласындағы мектептерге мектеп формаларын тігіп, білім беру ұйымдарының сұранысын қамтамасыз етіп келеді. Әр мектептің өзіндік стилі мен талабына сәйкес дайындалатын өнімдер жергілікті өндірістің мүмкіндігін көрсетеді.

Мұндай мысалдар өңірдегі жеңіл өнеркәсіпті дамытуға болатындығын дәлелдейді. Алайда, бүгінгі күні өндірістің келесі кезеңге өтуі үшін технологиялық жаңғыру қажет. Әлемде тігін өндірісі цифрландыру дәуіріне қадам басты. Компьютерлік дизайн бағдарламалары, автоматтандырылған тігін машиналары мен сандық пішу құрылғылары өнім сапасын арттырып, өндіріс шығындарын азайтуға мүмкіндік береді. Бірнеше адамның жұмысын бір құрылғының атқаруы еңбек өнімділігін бірнеше есе өсіреді. Сондықтан, өңірлік деңгейдегі шағын ательелердің де технологиялық жаңғыруға ұмтылуы уақыт талабы.

Әрине, бұл бағытта мемлекеттік қолдаудың маңызы зор. Бүгінде кәсіпкерлер үшін түрлі гранттар мен жеңілдетілген несиелер қарастырылғанымен, өндірісті кеңейтуге қажетті қаржыға қол жеткізу барлық жағдайда бірдей оңай емес.

Сарапшылардың пікірінше, жеңіл өнеркәсіпті дамыту үшін төмен пайыздық мөлшерлемемен ұзақ мерзімді несие беру, өндірістік жабдықтарды жаңартуға арналған арнайы бағдарламаларды көбейту, жергілікті өндірушілердің мемлекеттік сатып алудағы үлесін арттыру және кәсіби кадр даярлау жүйесін жетілдіру қажет.

Өйткені, тігін өндірісі – жай ғана кәсіп емес. Бұл – жаңа жұмыс орындары, халық табысы, ұлттық мәдениеттің сақталуы және экономикалық қауіпсіздік. Импорттық өнімдерге тәуелділікті азайту үшін мектеп формасы, жұмыс киімдері, ұлттық киімдер мен арнайы тапсырыс бойынша шығарылатын өнімдердің отандық өндірісін күшейту маңызды.

Қаражалдық кәсіпкер Дарайым Қуатованың еңбек жолы осы мүмкіндіктің бар екенін дәлелдейді. Үй жағдайында басталған шағын іс бүгінде өңірге танылған брендке айналды. Оның алдағы мақсаты – тігін цехын кеңейтіп, жаңа жұмыс орындарын ашу және заманауи ателье қалыптастыру. Бұл – бір адамның арманы ғана емес, өңірдегі жеңіл өнеркәсіптің даму бағытын көрсететін нақты үлгі.

14 маусым – Жеңіл өнеркәсіп қызметкерлері күні қарсаңында осындай еңбек адамдарының тәжірибесіне назар аудару маңызды. Себебі, ел экономикасының беріктігі ірі зауыттармен ғана емес, өз кәсібін адал еңбекпен дамытып жүрген мыңдаған шағын кәсіпкерлердің табысымен де өлшенеді. Ал тігін өндірісін дамыту – бүгінгі күннің талабы ғана емес, ертеңгі экономикалық тәуелсіздіктің кепілі.

Ізтай БЕЛГІБАЙҰЛЫ