Апат айтып келмейді. Алматыдағы жер сілкінісі елді бір дүр сілкіндірді. Жергілікті билік пен төтенше жағдай департаменттерінің құрылымдары да етек-жеңдерін жинай бастағандай. Оны аптаның басында өткен аппараттық жиынның тақырыбы осы төтенше жағдайға әзірлік барысы болғанынан да аңғару қиын емес.
Сонымен, облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлының төрағалығымен өткен аппараттық жиында жер сілкінісі апаты орын алған жағдайда азаматтық қорғаудың мемлекеттік жүйесінің жарақталуы, күштер мен құралдарды ұйымдастыру, апат аймағына эшелондарды жіберудегі мәселелер, облыстың құлақтандыру жүйесінің, облыстық, қалалық, аудандық азаматтық қорғаудың басқару пункттерінің жай-күйі кеңінен сөз болды. Жиында Ұлытау облысы ТЖД бастығы Есен Байыров «Көктем-2024» командалық-штабтық оқу-жаттығуына дайындық барысы туралы баяндады. Оның айтуынша, ел аумағында жойқын жер сілкінісі туындаған кезде жаһандық және өңірлік ауқымдардағы төтенше жағдайларды жою жөніндегі іс-қимылдар жоспарларына сәйкес жер сілкінісі орын алған аумақтағы төтенше жағдайлардың салдарын жою үшін Ұлытау облысының азаматтық қорғау қызметтерінің және азаматтық қорғау мемлекеттік жүйесінің күштері мен құралдары 401 адам, 163 арнайы және инженерлік техникалар жұмылдырылады. Бүгінгі күнде облысты құлақтандыру жүйесі 55 пайыз қамтылған, оның 23 пайызы жаңартылған.
Жиында мәлім болғандай, бүгінгі күні өңірімізде облыстық және аумақтық деңгейдегі бірде-бір қосалқы басқару пункті құрылмағаны сынға алынды. Азаматтық қорғанысты басқару пункттері – азаматтық қорғауды басқару органдарын орналастыруға және олардың жұмысын қамтамасыз етуге арналған, техникалық құралдармен, тыныс-тіршілікті қамтамасыз ету элементтерімен арнайы жабдықталған және жарақталған мемлекеттік органдардың құрылыстары немесе көлік құралдары десек, соның бір де бірі талапқа сай болмай шықты. Осылайша азаматтық қорғау саласындағы заңнаманың талаптары сақталмаған және ерекше кезеңге азаматтық қорғауды басқару органдарын қорғау қамтамасыз етілмеген. Бұл өз кезегінде облыстың жергілікті атқарушы органының азаматтық қорғау саласындағы қызметін бағалауға теріс әсерін тигізіп отыр. Облыс әкімі осы мәселеге баса назар аударды.
Аппараттық кеңесте сондай-ақ, 2024 жылғы су тасқыны мезгіліне дайындық, гидротехникалық құрылымдардың жай-күйі, «Қазгидромет» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының облыс аумағындағы қар қалыңдығы мен топырақтың қату тереңдігі, ауа райы болжамы туралы да мәселе сөз болды. Бұл жайында Ұлытау облысының табиғи ресурстар және табиғатты пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Қуат Имантүсіпов, Ұлытау облысы жолаушылар көлігі автомобиль жолдары басқармасының басшысы Жомарт Бегаев, Қарағанды және Ұлытау облыстары бойынша «Қазгидромет» ШЖҚ РМК филиалының Жезқазған қаласының қоршаған ортаның жай-күйін бақылау зертханасының бастығы Юлия Барышеваның баяндамасы тыңдалды.
Жиында қаузалған бірқатар мәселелерге байланысты облыс әкімі Берік Әбдіғалиұлы жауапты мамандарға тапсырма жүктеді. Төтенше жағдайға тастүйін дайындық қажет екенін қадап айтты.
Айтпақшы, жиын барысында аймақ басшысы Берік Әбдіғалиұлы ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Ұлытау облысы бойынша департаментінің басшысы болып тағайындалған Кеңгірбай Есенеевті аппаратқа таныстырды.
Кеңгірбай Әлиакбарұлы 1969 жылы 11 ақпанда Жезқазған қаласында дүниеге келген. 1993 жылы Алматы қаласындағы Қазақ политехникалық институтын «технологиялық процестерді автоматтандыру жөніндегі инженер» мамандығы бойынша бітірген. Біліктілігі – «инженер-металлург». Еңбек жолын «Жезқазғантүстімет» АҚ техникалық бөлімінің инженері болып бастаған. 1996 жылдан бастап мемлекеттік қызметте. 2022 жылдың шілдесінен бастап жаңа қызметке тағайындалғанға дейін ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің Қарағанды облысы бойынша департаментінің басшысы болған.
Досан Дулығалы.