БІР АЙДА ҚОС ЖЕҢІС

Жәйрем кентінде «Казцинк» компаниясы тарапынан құрылған Спорт федерациясы жұмыс істейді. Аталған федерацияда спорттың бірнеше бағыттары бойынша жаттығу залдары мен секциялар бар. Солардың ішінде жасөспірімдер арасында кең етек алған спорт түрі — дзюдо. Сол дзюдо бойынша жаттығатын жәйремдік кішкентай балуан Әжібек  Ыдырыс еліміздің түкпір-түкпіріне танымал болып жүрген жас спортшы.

Кішкентайынан танымал болып келе жатқан Әжібек Тойлыбекұлы жақында ғана бас қаламызда ересектер мен жасөспірімдер арасында ұйымдастырылған кураш спортынан Қазақстан чемпионатында жүлделі үшінші орынды жеңіп алып, алдағы уақытта Якутияда өтетін «Дети Азии» турниріне жолдама алды. Аталған жарысқа 15 облыстан іріктелген 300-ден аса балуанның ішінен Әжібегіміз оза шапқанына жәйремдіктер қатты қуанып, ауылымыздың кіре берісінен думандатып қарсы алды.

Кураш спортынан өз бағын сынап келген кішкентай жәйремдік спортшы артынша Талдықорған қаласында грек-рим, еркін күрес бойынша өткен кіші жасөспірімдер мен жасөспірімдер арасындағы Қазақстан Республикасының чемпионатынан тағы да жүлдемен оралды. Бұл Әжібектің бір айдағы екінші жеңісі.

Білегі мықты, жүрегі күшті спортшының атасы да, ата-анасы да «Жәйрем кен байыту комбинаты» АҚ-да еңбек етеді. Атасы Есболов Ыдырыс көптеген жылдар бойы комбинаттың тау-кен көліктерінің қыр-сырын жіліктеп шаққан білікті маман болған. Қазіргі таңда зейнетте. Әкесі Есболов Тойлыбек Техникалық күтіп қарау және жөндеу басқармасында ауысым шебері болса, анасы Қожаева Дина Басқарманың Өтім бойынша бас маманы.

Қазір Әжібек Ыдырыстың жасы 15-те. Спорт шеберіне үміткер. Спортпен 7 жасынан бастап шұғылданады. Бапкері Спорт Федерациясының басшысы, самбодан спорт шебері Мөлдір Сатжанова.

Осы уақытқа дейін Жәйрем кентіндегі спорт кешенінде дайындалған бала, былтырдан бастап Қарағанды қаласындағы Әлия Молдағұлова атындағы спорт мектебінде оқиды.

Жарқырап жүрген жәйремдік спортшыға біз зор денсаулық, баянды бақыт, ұзақ ғұмыр тілейміз.

Ата-анасына құтты болсын айтамыз!

                                                                          Гауһар НАУРЫЗБАЕВА