Жанайдар Сәдуақасов(1898-1938)
Тарихымызда саналы ғұмырын елінің мүддесі үшін сарп еткен асыл перзенттер аз болған жоқ. Осындай тұлғаның бірі мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасов. Ол 1898 жылы Омбы губерниясының Ақмола уезіне қарасты Сарысу болысындағы Төссазда (қазіргі Ұлытау облысы Жаңаарқа ауданы, Түгіскен елдімекенінде) дүниеге келген.
Жастайынан оқуға зерек болған Жанайдар ауыл молдасынан хат танып, Приход мектебінде (1913-1915 жж), одан әрі Ақмоладағы Жоғары бастауыш училищесінде (1915-1916 жж), Омбы қаласындағы Ересектерге арналған гимназияда (1917-1919 жж) оқуын жалғастырады. Ақиқатқа, әділдікке құмар Жанайдар Сәдуақасов 20 жасында жасырын ұйым құрып, Колчактың бұғауындағы тұтқындармен байланыс жасайды. Тұтқында жатқан Сәкен Сейфуллинге, Абдолла Асылбековке жасырын хаттар жолдап, жігерлендіріп отырған. 1918 жылы Сәкеннің түрмеден қашып шығуына көмектеседі. Сәкен Сейфуллин, Бәйсейіт және Дінмұхамед Әділовтер, Абдолла Асылбеков сияқты азаматтар Жанайдарға жаңа идеяға толы көзқарастарын қалыптастыруға әсер етеді. Ақпан революциясы, патшаның тақтан құлауы сияқты үлкен өзгерістер сол кездерде ерекше әсер беріп, азаттыққа ұмтылу мәселесі көтеріледі. Саяси өзгерістер кезеңінде Жанайдар Сәдуақасов феномен ретінде топты жарып шығады.
Әр жылдары прокурор, юстиция комиссары, облыстық Атқару комитетінің төрағасы, бірінші хатшы, газет редакторы және басқа да жауапты қызметтер атқарған. Жоғары лауазымды қызметтерде халық мүддесін қорғауға, құқықтық сауаттылығын көтеруге атсалыса білді. Білім, халық ағарту ісінде де өзіндік үлесін қосты. Қазақ мектептерінің мәселесі, педагог этикасы, ұстаздар мен балалардың білім деңгейін көтеру мәселелерін жіті бақылап, жоғары жаққа ұсыныстарын айтып отырған. Ауыл мектептерін жабдықтау, мектеп оқуының ақсамай жүруіне керекті жағдайлар жасалу керектігін еш қымсынбастан алға тарта білді. Мектеп жұмысының сапасын сынға алып, мәселені оңтайландыру тұстарын көрсеткен. Мақаласынан үзінді келтірсек: «Мектеп құрылысының түйінді мәселелері, 1-ші азаттық, 2-ші программа мәселелері, 3-ші жаңа кадр мәселелерін шешу керек» деп жазады. Жетім балалар үйін, ұлттық мектептердің ашылуына белсене кіріседі. Сондай-ақ, әйелдер азаттығы мәселесін де батыл көтерген. Әйелдердің құқығын қорғау жөнінде 1924 жылы заң шығарылғанымен кемшін тұстардың күнделікті өмірде кетіп жатқандығын, қалыңмал, көп әйел алу, әйелді еріксіз сүймеген адамына тигізу, басқа да қылмыстар туралы арыздардың қаралмай, пара беру арқылы шешіліп жатқандығын айтады. Сот мекемелері мен тергеу органдары жұмыстары пара алушылықпен жүргізілсе, әйелдердің қолы теңдікке жетпейтіндігіне назар аудартады. Әділет халкомы және прокурорлық қызметін атқару кезінде заң актілерін халық мүддесіне икемдеуге, заң кадрларын дайындауға, осы салаға әйелдерді тартуға көңіл бөлді. Қолдан жасалған аштық жылдары Голощекинге жазылған ашық хатқа қол қойып, халқына араша түсуге тырысты.
Жанайдар Сәдуақасов іс қағаздардың қазақ тіліне көшуіне және ана тілінің мәртебесін көтеруге күш салды. Тұңғыш қазақ театрының ашылуына және «Қыз Жібек» операсының 1936 жылы Москвадағы Үлкен академиялық театр сахнасында қойылуына ықпал етті. Қазақ елінің шекарасын белгілеп жатқан кезде Сырдария мен Жетісу облыстарын қазақ қарамағында қалдыру жөнінде бастама да көтере білді. Ашаршылық кезінде қазақтың жанын, билік басында жүріп қазақтың тілін, автономия алар кезде қазақтың жерін құтқаруға қосқан үлесі, қазақтың арыстарын құтқару үшін басын бәйгеге тігіп, жаны шыққанша аянбай арпалысып өтуі Жанайдар Сәдуақасовтың еліне жасаған өлшеусіз еңбегінің бір бөлшегі ғана дер едім.
Лауазымды қызметтерде бола тұра ел арасында жүріп, «Жапон тыңшысы», контрреволюционер деген айып тағылып, 1938 жылы ату жазасына кесіледі. Бір өзі ғана емес бүкіл әулет халық жауы деп танылады, әйелі Елизавета Сәдуақасова АЛЖИР-де 10 жыл отырады. Бір өкініштісі осы уақытқа дейін Жанайдар Сәдуақасовтың жатқан жері белгісіз, болжам бойынша күрескердің сүйегі өзі атылған Алматы түбіндегі Жаңалық ауылында болуы мүмкін деген жорамал ғана бар. Жанайдар Сәдуақасов өткен ғасырдың ортасындағы жылымықтың тұсында 1957 жылы Жоғарғы соттың шешімімен ақталды.
Небір қилы замандар болса да өмірдің күреңіткен кербез керуені тоқтамастан алға жылжи беретіні аян. Осындай өмір керуенінің еленбес күндерінің бірінде өміріңе ерекше әсер қалдыратын, ұмытуға мүлдем болмас кездесулер де болады екен. Сондай кездесудің бірі Жанайдар Сәдуақасовтың туғанына 125 жыл толуына арналған «Жанайдар Сәдуақасов — тұлға тауқыметі» атты республикалық ғылыми-тәжірибелік конференцияға көрме ұйымдастыру кезінде өтті. Көрмеге қажетті деректік қорды Жанайдар Сәдуақасовтың немересі Перизат Сәдуақастан алатын болдық. Телефон арқылы біраз ақпараттар алып, сөйлесіп жүргеніммен, іштей «өмірде қандай екен» деген ойлар да болды. Асыға да, таңырқай күткен қонағым музейге кіріп келгенде ақылы көркіне сай, жылы жүзді ажары мені бірден баурады. Музей қорына құжаттар өткізу, көрмеге қатысты ой-пікірлерін білдіру сәттерінде «асылдың сынығынан» биік рух пен терең білімнің жалыны анық байқалды.
Фотосуреттерден, құжаттан көрген Жанайдар Сәдуақасовтың тік көзқарасы, жанарындағы от ұшқыны Перизаттың көзінен айна қатесіз сезіліп, керемет әсер қалдырды.
Міне, осындай сипаттың иесі бола білген, ұрпаққа үлгі болар Жанайдар Сәдуақасовтың 2023 жылғы 21 қараша күні Республикалық конференция аясында өтетін көрмесіне келген немересі, ҚР Жоғарғы Соты Коммуникация бөлімінің меңгерушісі, тарих ғылымдарының кандидаты, «Құрмет» орденінің иегері Перизат Сәдуақаспен кездесуіміз мемлекет және қоғам қайраткері Жанайдар Сәдуақасовтың биографиясын, 4 дана фотосуретін, личный листогын, №11020 делосын, архивтік анықтамасын, личная карточкасын, выпискасын, циркулярлық хатын, әскери билетін, баяндамасын, газет беттеріне жарияланған мақалаларының көшірмелерін өткізуге негізделген салтанатты іс-шарамен мәреленген болатын. Ал ол кісінің жеке белдігі мен етігі 1981 жылдары музей қорына өткізілген екен. Болашақта Жанайдар Сәдуақасовтың өміріне, қызметіне қатысты деректер облыстық музейіміздің экспозициясына қойылады.
Осылайша «асылдың сынығымен» кездесуім ұрпақтар сабақтастығын дәріптеу мақсатындағы мақаламның жазылуына түрткі болып, тарихи тұлғаның жеке комплексінің құнды деректермен толығуы өңіріміз үшін қуанышты жаңалық бола білді.
Эльвира МҰХАМЕДИНА,
тарихшы, Ұлытау
облысының
тарихи-археологиялық музейінің
экскурсия бөлімінің
басшысы.
(Жанайдар Сәдуақасов. Өмірі мен қоғамдық-саяси қызметі. Шығармалар жинағы,
Астана-2013 ж.)