Енді санаулы күндерден кейін қазыналы өңірдің жұртшылығы Қаражал қаласының 60 жылдығын атап өтеді. Осынау мерейтойға әзірлік күн өткен сайын қызу қарқын ала түскен.
Жолдар жаңғыртылып жатыр
Дайындық тек мәдени һәм әлеуметтік салада ғана емес, коммуналдық шаруашылық саласында да қарқынды жүріп жатыр. Сала мамандары шаһардың мерейтойға сай сәулетті де әсем болуына күш салуда. Осы бағытта қала күн санап абаттанып келеді. Әсіресе, қала жолдары жаңғыртылып, жұртшылықты қуантып отыр. Мәселен Қаражал қаласында Чайковский көшесіндегі автокөлік жолының 195,65 шаршы метрі, Ахатов көшесіндегі жолдың 266,01 шаршы метрі асфальтталды.
Мұндай жұмыстардан Жәйрем кенті де қалыс қалып отырған жоқ. Кенттегі Момышұлы көшесінен Жәйрем-Қаражал трассасына дейінгі 14000 шаршы метр автомобиль жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді.
Орайы келгенде айта кетейік, өңірдегі жолдарды жаңғырту жұмысымен «Арқа Құрылыс» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда.
«Горняк» стадионы жаңартылуда
Қазыналы өңірдің мақтанышы болған іргелі спорт кешені – «Горняк» стадионы қайта жаңғыртылуда. Бұл жұмыспен «Construction Training Resources» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда.
Аталмыш стадион өз заманында өңірде өткен талай спорт додаларының куәсі болды. Мұнда алыс-жақын елдерден келген аяқдоп командалары да талай бақтарын сынаған еді. Десек те, уақыт өз дегенін алады. «Горняктың» да табаны тозып, ғимараттары ескірген болатын. Осы себепті 2021 жылы спорт кешенін жаңғырту қолға алынды. Алайда қымбатшылық жұмысқа қолбайлау болғаны да жасырын емес.
Қазір стадионда құрылыс жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Нысанда әкімшілік ғимараттың іргетасын, жүгіру жолын және жасанды жабыны бар футбол алаңын орнату бойынша жұмыстар ішінара орындалды. Сондай-ақ, нөсер кәрізі мен теннис кортын орнату жұмыстары басталды. Көрермендер трибунасын орнату жұмыстары жүргізілуде.
Құрылыс жұмыстары 2023 жылдың қараша айында аяқталады деп жоспарлануда.
Аманкелді АҚШАЛ.