Сәрсенбай ақсақал тағы саяхатқа шықты

Өткен жылдың наурыз айында ұлт ұясы – Ұлытаудан аттанған Сәрсенбай Қотырашов ақсақал Қазақстанның 17 облысын жаяу аралап шыққанын ел әлі жыр етіп айтады. Міне, сол, алты айда сегіз жүз шақырымды жаяу жүріп өткен саяхатшы биыл тағы жолға шықты. 73 жастағы жиһанкездің бұл жолғы межесі – жер шарын бағындыру.

«Саяхаттау ешқашан кеш емес» деген ұранмен саяхатқа ат­танған ұлытаулық жиһанкез-марафоншы Сәрсенбай Оспанұлын Жезқазған тарихи-археология­лық музейінде жұртшылық салтанатты түрде шығарып салды.

Көпшілікке үлгі болып, мотиватор атанған жиһанкез қария жер шарын бағындыру сапарын Атыраудан бастамақ. Сәрсенбай Оспанұлы 2 тамызда Атырау қаласынан жаяу шығып, Астрахань қаласына бет алмақшы. Астраханнан кейін Дағыстан арқылы Шешенстаннан өтіп, Осетия арқылы Грузияға жетіп, биылғы сапарын Түркияда аяқтамақ.

Ұлт мұрасын түгендеп жүрген қазыналы қария Түркияға жеткен бойда, Халықаралық Түріксой ұйымына және ҚР-ның Түркиядағы Елшілігіне жолығуды жоспарлап отыр. Ондағы басты мақсаты – ұмыт болған ежелгі «Қымызмұрындық» деп аталатын қымыз мерекесін қайта жандандырып, дәстүрлі түрде жылда атап өткізу туралы ұсыныс жасау.

Алдына үлкен мақсат қойған, жер жаһанға Қазақ деген елді таныстыруды мақсат тұтқан жетпістен асқан жиһанкезге сәтті сапар тілейміз.

Ізтай БеЛГІБАЙҰЛЫ