Отбасы – бақыт мекені

Отбасы – жұртты жақындастырушы, ұрпақ пен ұрпақты табыстырушы, ұрпақаралық тұтастықтың отын жағушы ерекше ұя. Сондықтан да отбасы – барша адамзатқа ең жақын, ең қасиетті ұғым. Әрбір отбасында сүйіспеншілік пен түсіністік мықты болса, қоғамның діңгегі де берік болмақ.

Осыған орай өткен аптаның жұма күнінде «Ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімі» мемлекеттік мекемесінің ұйымдастыруымен «Ұрпақтар сабақтастығы» атты ауқымды іс-шара өткізілген болатын.

«Отан – отбасынан басталады» деп жатамыз. Жанұяның береке-бірлігі – әр сәбидің болашақ қадамы. Бала ұяда не көрсе, соны іледі. Жалпы, отбасы шағын мемлекет екені де рас. Дәл осы мерекелік шараның сәнін келтірген себепкерлері, әрі кеш қонақтары да шағын мемлекеттерімен келіпті. Ең алдымен, жарты ғасыр шаттығы, ыстығы мен суығын бастан өткерген құстың қос қанатындай қатар самғаған алтын той иелері Тәуекел мен Зейнеш Мақажановтарды айта кеткен жөн. Әдемі қартая білген жарасымды жұптың жүзінде ескірмеген махаббат пен сарқылмаған сыйластық тұнып тұр десе де болады.

Одан кейін 25 жыл бойы берік отбасын құра білген күміс той иелері Ринат пен Ольга Шакуровтар жанұясы басқа отбасыға үлгі екені анық. Келесі кезекте, ортамызға жеті бала әкеліп, алтын құрсақ атанған аяулы ана, асыл жар, алтын алқа иегері Алмагүл Мұхамеджанова және алты баланың аяулы анасы, асыл жар атанған, күміс алқа иегері Сағыныш Тобақаева қазіргі жас аналарға нағыз үлгі екенін айқындадық.

Сондай-ақ, шараның кезекті қонақтары жас отбасы Альмусиндер отбасы және дүниеге жаңа келген Арсеннің ата-анасы Сырым мен Мәриям «Ұрпақтар сабақтастығын» жалғастырып әкетті.

Сонымен қатар, шара барысында осындай мерейлі күні той иелерін Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Қажымұқанқызы құттықтап, ақжарма тілегін білдірді. Сондай-ақ, алтын және күміс той иегерлерін марапаттап, З.Оспанова сый-сияпат табыстады. Және қаламыздың алтын құрсақты Алмагүл мен Сағыныш аналарымыз да мадақталды. Иә, бір қолымен бесік, бір қолымен әлем тербеткен аналарға әрбіріміз қарыздармыз.

Ал, келесі кезекте, өмірге кеше ғана шыр етіп келген Арсен балапан өзінің шағын мемлекетімен қаламыздың мәслихат төрағасынан өздерінің ең алғашқы төлқұжатын алуға келіпті.

Мерейлі тойдың ең қызықты сәті ежелден келе жатқан салт-дәстүріміз «Тұсаукесер» рәсімімен жалғасын тапты. Жақында бір жасқа толған Аят ұлымыздың тұсауын Альмусиндер отбасы халқына бірнеше жыл қызмет жасаған құрметті де адал басшы Зәмзагүл Қажымұқанқызына кестіруге бел буыпты. Әлбетте, тұсау кескен адамның жолын берсін, сол сияқты беделді азаматтардың қатарынан көрінсін деп ырымдап жатады. Дәл осы тілекті Аят атты балапанымызға тіледік. Ең бастысы жолы ақ болғай.

Жоғарыда айтылған мерейтой иелерін құттықтаумен кештің соңына да келіп жеттік. Рәсімді өткізу үшін сөз кезегі қала әкімінің аппараты АХАТ бөлімінің  ардагер маманы Сымбат Үйсімбаеваға берілді.

Бұдан елу жыл бұрын балауса балғын шақтарында бас қосып,  шаңырақ көтерген жандар, аяулы сезімдерін жоғалтпай алтын тойға Тәуекел ата және Зейнеш апа жетіп отыр. Бұл екінің біріне бұйырмаған ерекше бақыт. Елу жыл бұрын тағдырдың талқысына бірге түсіп, өмірдің қуаныш-қызығын бірге бөлісіп, жанұяның бірлігін сақтаған, әділетті, еңбексүйгіш ұрпақ өсіріп тәрбиелеген өмірлері ел-жұртқа өнеге. Ал, бүгін Қаражал қаласында мерейлі той үстінде, мерейтой кітабына қол қою бақыты нәсіп етіпті. Тіпті, көнермеген сезімнің белгісі ретінде неке сақинасын да алмастырып тақты. Елу жылда ел жаңарса да, аяулы сезімдері еш өзгермеген. Тәуекел ата  «Батыс Қаражал» шахтасында 21 жыл кенші болып еңбек етіп, зейнеткерлікке шықса, Зейнеш апамыз сауда-саттық саласында қызмет атқарған. Қол ұстасып, жарасымды ғұмыр кешкен  бүгінгі алтын той иелері 4 бала өсіріп, 16 немере, 3 шөбере сүйіп отыр. Балалары өмірден өз орнын тауып, бүгінде беделді қызметкер болып ел дамуы жолында еңбек етіп жүр.

Сонымен қатар, күміс той иелеріне келсек, 1997 жылы балауса балғын шақтарында бас қосып, өз некелерін  осы Қаражал қаласының АХАЖ бюросында тіркеп, шаңырақ көтерген қос жас, аяулы сезімдерін жоғалтпай осы тойға да жетіп отыр. Осындай айтулы күні Қаражал қаласы әкімі аппаратының АХАТ бөлімінің Құрметті мерейтой кітабына қол қою және неке сақинасын алмастыру рәсімі өткізілді. Бүгінгі таңда Ринат пен Ольга Шакуровтар жеке кәсіптерін дөңгелетіп, қаламыздың кәсіпкерлік саласын дамытып жүрген жұп. Олар бүгінде екі бала тәрбиелеп өсірген өнегелі отбасы.

Әрине, бұл шараның байыбына келсек, қосағымен қоса ағарып, мерейтой иелерінің өнегелі өмірін бүгінгі шалыс басып, шатасып жүрген жас ұрпаққа үлгі ету. Жоғарыдағы жарты ғасыр жарасқан жұптың ғибраты бәрімізге де үлгі болса екен деген ниет.

Кеш соңы әдемі концертке де ұласты. Өте әсерлі өткен іс-шара ұйымдастырушыларына келген қонақтар да, көрген көрермен де дән ризашылықтарын білдіріп, батасын жаудырды.

Мөлдір ОМАРОВА