Серпінді сенбілік жалғасуда  

 «Таза қала» атты акциясына орай қала сыртында жалпықалалық сенбілік өз жалғасын тауып, тазалық жұмыстары ұйымдастырылды. Акцияға қаражалдықтар өз үлестерін қосып, туған жерді күл-қоқыс, түрлі қалдықтардан тазарту жолында аянбай еңбек етуде.

 Тек қала сырты емес, қаланың орталығында да тұрғындар бос жатпай, акцияға өз үлестерін қосуда. Серпінді сенбілікке жауапты мекемелер орталық көшелерді қоқыстардан тазартып, арнайы орынға шығарды.

Ал қала әкімдігі бастаған бірнеше бөлімдер мен мекеме-кәсіпорындар, білім, спорт және денсаулық сақтау саласының ұжымдары шет аймақтарда сенбілік жұмыстарын жүргізді. Жалпы атап айтсақ, шамамен 200 адам жұмылдырылды. Сенбілік жұмыстарына қала әкімі Тілектес Досаев та қатысып, көпшілікпен бірге шет аймақтарды қоқыстардан тазартуға атсалысты.

– Сенбілік өткізу дәстүрі бүгінгі қазақ қоғамы өмірінің ажырамас бөлігіне айналған. Мұндай жұмыстар адамды тәрбие мен тәртіпке баулиды. Ата-бабамыз жалпыға ортақ еңбек қоғамы болуға шақырады. Еңбек қоғамның негізгі санаты, басым идеясы болуы керек. Сөзден іске көшкен жөн. Бұл орайда әр қатысушының еңбегі арқылы сенбіліктер сүйікті қаланың, мемлекеттің гүлденуіне зор үлес қосады. Адамның ұзақ та берекелі өмір сүруі үшін ойы зерек, қолы шебер болуы тиіс. Еңбектің жан санасы мен тәніне пайдасын ғылыми зерттеулер де дәлелдейді. Бұл өсиетті балаларға да ұйытқан абзал, – дейді «Болашақ-Қаражал» ҚБ төрайымы Сания Тоқабаева.

Әлбетте, «Тазалық — денсаулық кепілі» деген ұранды алға тартқан қаражалдықтар қала тазалығы әр азаматтың міндеті екенін жақсы түсінген сыңайлы. Туған өлкеміз гүлденіп, шырайлана берсе екен дейміз.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ