Әлихан СМАЙЫЛОВ, ҚР Премьер-Министр: «Үкіметке қатысты мәселелерді шешеміз»

Кеше өңірімізге жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасының Премьер-Министрі Әлихан Смайылов келіп кетті. Сапар барысында Үкімет басшысы Ұлытау облысының әлеуметтік-экономикалық дамуына қатысты бірқатар мәселелерді талқылап, тиісінше қадау-қадау міндеттер жүктеді. Кейбір күрмеулі мәселелердің рет-ретімен шешілетінін де жеткізді.

Премьер-Министр өзінің жұмыс сапарын Мемлекет басшысының өңірдің көлік-логистикалық әлеуетін дамыту жөніндегі тапсырмасын орындау аясында реконструкцияланатын республикалық маңызы бар «Қызылорда – Жезқазған» күрежолының тиесілі  учаскесінен бастады. Ұзындығы 208 шақырымды құрайтын жол учаскесінде 2023-2025 жылдар аралығында күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілетін болады. Ол «Қызылорда – Павлодар – Успенка – РФ шекарасы» тас жолын реконструкциялау жобасы аясында іске асырылатын ұзындығы 305 шақырым «Жезқазған – Қарағанды» күре жолымен қатар жаңғыртылатын учаскелердің бірі болады.

Өз кезегінде Әлихан Смайылов биыл республикалық маңызы бар жолдарды дамытуға 420 млрд. теңге қарастырылғанын, соның есебінен 3,6 мың шақырым жолда құрылыс және жаңғырту жұмыстары жалғасатынын атап өтті.

– «Қызылорда – Жезқазған» автожолын реконструкциялауға мейлінше жергілікті компанияларды тарту қажет. Биыл бастапқы кезеңінде 65 шақырым жол пайдалануға берілуге тиіс. Жалпы жобаны аяқтау өңірдің әлеуметтік-экономикалық дамуына тың серпін береді, – деді Үкімет басшысы өз сөзінде.

Бұдан соң Премьер-Министр Жезқазған жылу-энергетика орталығында болып, оның алдағы жылыту маусымына дайындық шараларымен танысты. Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш ЖЭО бүгінгі таңда шамамен 244 МВт электр қуатын және 496 Гкал/сағ жылу қуатын өндіреді. Станцияның негізгі жабдықтары – 8 қазандық агрегаты, 5 турбиналы генератор. Қазандықтардың екеуі бұған дейін күрделі жөндеуден өткен.

Үкімет басшысы орталықтың жұмыс барысын саралай келіп, ондағы қазандық агрегаттарының орташа тозу деңгейі 74% екенін атап өтті. Осыған байланысты меншік иесі жаңа жылыту маусымына дейін қосымша қазандықты іске қосу бойынша жұмыс жүргізіп, жалпы энергия көзін күрделі жөндеу мәселелерімен белсенді түрде айналысуы қажет екеніне тоқталды.

– Алдағы қыста тосын жағдайлардың алдын алу үшін қазірден бастап ЖЭО-ны жөндеуге қаржы құю керек. Өткен жылы меншік иесі 2,3 млрд теңге салуды жоспарлаған болатын, бірақ жұмыстың бір бөлігі кейінге қалдырылды. Биыл ЖЭО-дағы жөндеу жұмыстарын толықтай қаржыландыру қажет. Қаражат «Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында қайтарылатын болады, – деді Әлихан Смайылов.

Үкімет басшысының арнайы атбасын бұрған тағы бір маңызды нысаны – Жезқазған қаласындағы «Жылу және сумен жабдықтау кәсіпорны» акционерлік қоғамы болды. Мұнда мейман шаруашылық-ауыз су тазарту құрылысын реконструкциялау барысымен танысты. Ондағы мамандардың айтуынша осы жұмыс аясында шаруашылық-ауыз суды тазарту мен дайындаудың жаңа технологияларын қолдану көзделген. 2022 жылғы мамыр айында басталған құрылыс жұмыстары 2025 жылғы желтоқсан айында аяқталуы тиіс.

Премьер-Министрдің айтуынша, Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша өңірдегі ауыл тұрғындарын ауыз сумен қамтамасыз ету үшін 2025 жылға дейін 30 елді мекенде кешенді су блогы модульдері мен 4 елді мекенде су құбыры желілерін салу көзделген.

– «Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері» ұлттық жобасы аясында биыл шаруашылық-ауыз су тазарту құрылыстарын жаңғырту жұмыстары басталмақ. Осы мақсатқа республикалық бюджеттен 6 млрд. теңге бөлінді. Осыған байланысты әкімдік жоспарланған жұмыстардың сапалы жүргізілуін қамтамасыз етуі қажет, – деді Үкімет басшысы.

Жұмыс сапары аясында Премьер-Министрге өңірді дамытудың бас жоспары мен Жезқазғанды егжей-тегжейлі жоспарлау жобасы да таныстырылды. Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлының айтуынша алдағы екі жылда қалада жаңа көп пәтерлі тұрғын үйлер, мәдениет, білім беру, спорт, денсаулық сақтау нысандарын және әкімшілік ғимараттарды салу жоспарланып отыр.

Бұдан басқа Кеңгір су қоймасының жағалауын абаттандыру, функционалдық қоғамдық орындар, саябақтар мен демалыс аймақтарын құру жұмыстары да жоспарланған.

Бас жоспардың жобасымен танысқан Үкімет басшысы жаңа нысандарды салу үшін инженерлік-көлік коммуникацияларын дамыту маңызды екенін атап өтті.

– Инфрақұрылым жүргізу, оны жаңғырту жөніндегі жобаларды іске асыру және басқа да іс-шараларды орындау кезінде қала шекарасын одан әрі кеңейту перспективалары ескерілуі керек. Әкімдік бұл мәселені бақылауда ұстауға тиіс, – деді Әлихан Смайылов.

Премьер-Министр өз кезегінде өңірдің салық базасын нығайтуды да қадап айтты.

– Ұлытау облысы дербес құрылуына байланысты алдарыңызда үлкен міндет тұр. Бұл – өнеркәсіпті, индустрияны және өңірдің меншікті салық базасын дамыту. Өйткені өңірдің әрі қарай әлеуметтік-экономикалық дамуы үшін сіздерге ақша керек, бюджет керек. Сондықтан инвесторлардың жобаларды іске асыруына қолдау көрсету өте маңызды, – деді Үкімет басшысы.

Сондай-ақ ол өңірді дамыту жолында Үкіметке байланысты мәселелерді шешуге уәде берді.

– Үкіметке байланысты мәселелерді біз шешеміз. Нақты айтсақ, газ керек болса, береміз. Кен барлауға рұқса керек пе, береміз. Инвестициялық жобалардың санын арттыру керек. Кәсіпкерлердің бастамаларын барынша ескеру қажет. Сол арқылы оларды өңір экономикасына ақша салуға ынталандыру маңызды. Өңірдің даму динамикасы осыған байланысты болады, – деді Әлихан Смайылов.

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің өңірімізге сапары барысында осындай ауқымды мәселелер көтеріліп, нақтылы тапсырмалар берілді. Ең бастысы елдің келешекке деген үмітін үкілеп кетті Үкімет басшысы.

Ізтай Белгібайұлы.