Қаражал қаласының ішкі саясат, мәдениет, тілдерді дамыту және спорт бөлімінің мемлекеттік-әлеуметтік тапсырыс аясында ұйымдастыруымен, Республикалық ақпараттық түсіндіру тобының мүшесі, дінтанушы, исламтанушы, теолог Нұрәлі БАҚЫТҰЛЫ Қаражал қалалық әкімдіктің қызметкерлеріне «Діни экстремизм және терроризмнің алдын алу» тақырыбында түсіндірмелік сабақ жүргізді.
«Даудың басы – Дайрабайдың көк сиыры» демекші, қазіргі таңда діннің қоғамға үлкен қауіп төндіріп тұрғаны жасырын емес. Қазіргі жандардың біразы өзінен басқаға сенбейтін, бас ауруын балшықпен емдеп қалған өзімшіл болса, енді бірі аузын ашқанның бәріне сеніп, ақ сәлде кигеннің бәрін пір санап, әрқайсысынан әртүрлі уағыз-насихат тыңдап, ақыр соңы кімге сенерін білмей дал болып жүргені. Ислам атын жамылған әр түрлі ағымдардың кесірінен отбасының шырқын бұзып, ата-анасын сыртқа теуіп, бала-шағасына зорлық-зомбылық көрсетіп, бүйректен сыйрақ шығарып жүргендер қаншама. Ал, соңғы хронологияға сүйенсек, ел ішінде бүлік шығарып, 2011 жылдан бастау алған діни экстремизмнің қарқынды түрде терроризмге ұласқанын да жоққа шығара алмаймыз. Онымен қоса «Халифат сарбаздары», «Бейбарыс батальоны», «Дін қорғаушылары» секілді террористік ұйымдардың қылмыстық әрекеттері әлі де болса ұмытылмақ емес. Міне, осының бәрі әліпті таяқ деп танымайтын дни сауатсыздықтың салдары. Адам дүниеге қаныпезер болып келмейді. Жүре пайда болған ауру секілді, білімі жоқ басқа нені сіңірсе, сол ағынмен ағып кете барады. Сол себепті, қазіргі таңда тіпті жасөспірімдер мен балаларға тек сырттан естіген насихат қана емес, отбасында да дұрыс бағыт-бағдар, тәлім-тәрбие берілсе, біраз қатердің алды алынған болар еді.
Теолог Нұрәлі Бақытұлы тыңдаушыларына осындай ұғынықты дәлелдер келтіре отырып дәріс оқып, жат ағымнан сақтанудың жолдарын жа жіктеп, жіліктеп айтып берді. Ол өз сөзінде қазақ халқының хақ дінмен ғана жүргенін айқын дәлелдер келтіре отырып жеткізіп, бүгінгі ұрпақ санасына ұлттық салт-дәстүрлерімізді сіңіру арқылы ғана ақ жолдан адастырмауға болатынын айтты. «Халық айтса, қалып айтпайды демекші, «Жұмақтың кілті – ананың табанының астында, Ата-ананың разылығы – Алланың разылығы» деген сөздер, әрине, дана халқымыздың әу бастан иманды, сауатты болғанының бұлтартпас айғағы» деп түйіндеді дінтанушы өз сабағын.
Балшырын АМАНТАЙ