Қыс түсіп, күн суытқан шақта төтенше жағдайлардың да жиі орын алып жататыны жасырын емес. Боранда, болмаса қар құрсауында қалу, адасып кету фактілері өткен жылы айтарлықтай орын алып, құтқарушыларды біраз әбігерге салды. Мұның сыртында тұрғын үйде от жағу, пешті күтіп ұстау ережелерін сақтамаудың салдарынан да өкінішті жағдайлар орын алып жатады. Қыста, мұз үстінде балық аулаушылар тудыратын алаңдаушылықтар да аз емес. Осындай келеңсіз жағдайларды болдырмас үшін аптаның басында арнайы брифинг өтті.
Брифингке Ұлытау облысы ТЖД Мемлекеттік өрт бақылау басқармасының бастығы Ермек Исмаилов пен Ұлытау облысы ТЖД Азаматтық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алдияр Рысбаев қатысты.
Осыдан бірер апта бұрын Қостанай облысының Жітіқара қаласында үй өртеніп, бес бала бақилық болды. Ашық ақпарат көздеріндегі деректерге сүйенсек, пештің кесірінен жер үй отқа оранып, шатыры опырылып түскен…
Осындай оралымсыздықтар орын алмас үшін елге қауіпсіздік шараларын жиі айтып, ескерту жасап отырған жөн-ау деп қаласың. Брифингте де жылыту маусымы кезінде естен шығаруға болмайтын ережелер айтылып, қатаң ескертулер жасалынды. Алғашқы болып сөз алған өрт бақылау басқармасының бастығы Ермек Исмаилов облыста осы бағытта атқарылып жатқан жұмыстарды жіпке тізіп шықты.
Оның айтуынша, қысқы кезеңде төтенше жағдайлардың алдын алуға бағытталған іс-шаралар кешені тамыз айынан бастап қолға алынған. Жалпы бұл жұмыс үш кезеңге бөлініп жүргізілуде.
– Алғашқы кезеңде біз жеке сектордағы тұрғын үйлерді аралап, қысқа әзірлік жұмыстарын тексердік. Орын алған олқылықтарды анықтап, оларды жоюға уақыт бердік. Екінші кезеңде сол берілген ескертпелердің орындалысын бақыладық. Қазір үшінші кезеңі жүріп жатыр. Онда облыста пешпен жылытылатын үйлердің нақты санын анықтап, олардың қатарындағы әлеуметтік осал топтарды нақтылады. Ондағы мақсат — өрт тұтанған жағдайда, болмаса газ иісі сезілгенде белгі беретін арнайы құрылғыларды осы әлеуметтік осал топтағы тұрғындардың үйіне бірінші кезекте орнату. Бұл жұмыстар ойдағыдай жүргізіліп жатыр, – деді Ермек Исмаилов өз баяндамасында.
Басқарма басшысы сондай-ақ, өрттің алдын алу, қауіпсіздік шараларын сақтау өзіңнің және жақындарыңның өмірін сақтаудың басты жолы екенін тағы бір мәрте ескертті.
Үстіміздегі жылдың өзінде еліміздің солтүстік өңірлерінде оннан астам адам мұз астына кеткен. Олардың дені балықшылар мен аңшылар. Суық ерте түсіп, мұзы ерте қататын өңірлерде мұндай оқиғалар жиі болып тұрады. Бұл деректерді келтірген облыстық ТЖД Азаматтық қорғаныс бөлімі бастығының міндетін атқарушы Алдияр Рысбаев жазатайым оқиғалардың алдын алу үшін қыста мұз үстіндегі қауіпсіздікті қатаң сақтау керектігін айтты.
– Ауа райын болжаушы мамандардың айтуынша алдағы күндері өңірімізде аязды күндер болып, судың беті қата бастады. Бұл нағыз алдамшы шақ. Қазір балықшылар мұз үстіне шығатын уақытты тағатсыздана күтуде. Бірақ, қыста балық аулаудың біршама қаупі бар екендігін ұмытпау керек. Мұз үстіне шығу – аса қауіпті іс.
Су қоймаларының бір жерінің мұзы қалың, енді бір жерінің мұзы жұқа болуы мүмкін. Негізінен, жолдарда, қар күртіктерінің астында, қамыс арасында, жарқабақтардың астында, өзендер мен жылғалардың құйылысында мұз жұқа болып келеді де адамның салмағын көтермейді. Егер өзен бетінде еріген су болса, ол жерлерде жүруге болмайды. Егер мұздың түсі көгілдір болса – берік қатқаны, ақ түсті болса – беріктігі екі есе төмен болғаны. Қауіпсіз болуы үшін жалғыз адамға қалыңдығы 12 сантиметр, ал топ адамға 15-20 сантиметрлік қалың мұз болғаны шарт. Осындай ережелерді үлкендер ескеріп қана қоймай, балаларға да үнемі айтып отырғандары жөн, есінде қалады, – деді Алдияр Рысбаев өз сөзінде.
Ол сондай-ақ, мұз үстіндегі қауіпсіздік шараларымен қатар, мұз ойылып кеткен жағдайда адам не істеуі керектігін де айтып, кеңестер берді. Және мына ережелерді естен шығармауды қадап айтты: жұқа, қатпаған мұз бетімен жүрмеу, қараңғыда мұз үстіне шықпау, өткел жоқ жерден мұз үстімен автомобильмен өтпеу, мұздың жұқа телімдеріне топталып тұру.
Аманкелді АҚШАЛ.