Сәкеннің шапағаты

Өмірімде Сәкен тақырыбына жазамын, сәкеншіл боламын деп ешқашан ойламадым. Алғаш рет оның есімін 1957 жылдары естідім. Хрущев жылымығы кезінде Сәкен туралы әкеміз айтып отырғанда көңіл аудармаппын. Сол уақыттағы «Мәдениет және тұрмыс» деген журнал шығып, сонда «Тар жол тайғақ кешу» деген Сәкеннің романынан үзінділер шығып, Сәкен суреттері беріліп, әкейдің өтінішімен бірнеше рет оқып бергенім есімде.

Оның «Тау ішінде» әнін Ләззат Сүйіндікова деген әнші радиодан жиі айтатын. Сәкеннің 70 жылдығы 1963 жылы аудан көлемінде аталып өткенде, орталық парктің ішінде Сәбитті, тағы басқа да атақты жазушыларды, Сәкеннің серіктерін көрдім. Иманақта өткен тойда, кешкілік аудандық мәдениет үйінің музыканттары мен Н.Крупская атындағы мектептің оқушыларынан құралған үрмелі аспаптар оркестрі — кешкілік Иманақ тауының етегінде  құбылжыта ойнаған «Тау ішінде» әнінің музыкасы тау мен тасты жаңғыртып, жан дүниемді балқытқаны әлі көз алдымда. Ондай құдыретті сазды ешқашан естіп көрмегендеймін.

1962 жылдың қысында біздің үйде Қасқырбай деген ақбура шал жатты. Ол өте әңгімешіл, көпті көрген ақсақал еді. Ол кісіден Сәкеннің анасы Жамал, Қасқырбайдың әкесінің туған қарындасы екенін білдім. Қасекең Сәкеннің өзін қалай оқытқанын, қалай ұсталғанын тегіс айтып берген. Кейіннен «ЖЗЛ» баспасынан жарық көрген Т.Кәкішевтің «С.Сейфуллин» атты кітабын оқыдым. Оның өмірі туралы деректерді жинақтап жүрдім. Сәкен туралы жазу ойыма келмеді. Сүйегі қурап қалған Сәкен қайда, мен қайда деп ойладым. Жылдар өтті. Тоқсаныншы жылдары қала әкімшілігіне ауыстым. Сәкеннің 100 жылдық мерейтойы қарсаңы болатын. Сәкенге бет бұратын кез келді. Бұл өзі кездейсоқ, ойламаған жерден болды. Сол кездері Жәйрем-Атасу экономикалық аймағының тілдер басқармасының бастығы едім. Ономастикалық комитеттің төрағасы болып жүрген жылдар болатын. Сондықтан Қаражал қаласының орысша аталған көшелерінің біразын  қазақша атауларға өзгерткен едік.

Сәкеннің арқасында драматург болдым. Бір күні Сыздық деген тоқаның әкімшілікте істейтін келіні  қала әкіміне, «менің атама көше берсін» деп арыз айтыпты. Сыздық он жыл отырып келген адам болғандықтан, үстімнен жазған арыздардан шошынып қалған маған, қала әкімі «Бір көшеге атын берейік» деп қысымшылық жасай берді. Онсыз да соңыма түскен қазақтар мені тірідей жеп қояр  деген оймен оның не үшін сотталғаны туралы білгім келіп, құжаттарын алдырып, бәйбішесімен сөйлестім. Сыздық ағамыздың Сәкеннің қолынан домбыра алғаны үшін 10 жыл отырып келгенін анықтап, «Сәкеннің домбырасы» деген пьеса жазып, жергілікті жастардан құралған көркемөнерпаздар үйірмесін  дайындап, қалалық мәдени-сауық орталығының сахнасында қойдым. Көрермендер көп болды, жұрт оны үлкен ілтипатпен қарсы алып,  қатты ризашылығын бергенде барып, бұрынғы «Зеленая» көшесіне  Сыздық Әлиевтің аты берілді.

Сәкеннің арқасында орыс тілді журналист болып шыға келдім

Мен ешқашан орыс тілді журналист боламын деп ойлаған емеспін. Мектепті де, университетті де қазақша бітірдім. Жиырма жылдан астам орыс мектептерінде тарихтан сабақ бердім, мектеп директорының орынбасары, директоры, комсоргі, парткомы, профкомы және пропогандисі болғаным рас. Орыс балаларына орыс тілінде сабақ беру қиынның қиыны. Олар өте талғампаз, талапшыл. Әсіресе қазақ тілді ұстаздарға үлкен күдікпен қарап, оның әр сөзіне, сөйлеу мәнеріне, киім киісіне, жүріс-тұрысына, білім деңгейіне, сырт келбетіне көп назар аударады. Сәл қателік жіберсең болды, олар қарқылдап күліп, өзіңді келеке қылып, партаны тарсылдатып, болмаса құйтырқы сұрақтар қойып, өзіңді ойыншыққа айналдырып жіберетін әдеттері бар болатын. Ол үшін әрбір сабаққа сен қатты дайындықпен баруың керек. Жаттандылық пен өтірік информация өрге баспайды, сен өзіңе сенімді, жан-жақты әрі шәкірттеріңнен оқ бойы жоғары тұруың қажет. Өзіңе-өзің сенімді, әрі табиғи болуың міндетті болатын. Сондықтан орыс тілдес шәкіттеріммен тайталаса жүріп, мен көп ізденіп, оқып-тоқуға күн сайын өз білімімді тереңдетуге мәжбүр болдым. Осы қасиеттерім менің балалармен бірге жетіле түсуіме итермеледі. Мені алға жетелеген намыс болды.  Дәл осы күндері Қаражал қаласында «Сәкен туралы» спектакльдің аншлагпен өткені туралы алдымен естіген «Центральный Казахстан» газетінің тілшісі Владимир Урюкин қалалық атқару комитетінің төрағасының орынбасары Евгения Федотовна Плотниковадан «оның авторы кім? Ол не туралы еді?» деген сұрақтар қояды. Плотникова менің атымды атайды. 1990 жылдың қысында ғана мен туралы «Джезказганская Правда» газетінде «Клуб любителей песни и пляски народов СССР» атты көлемді мақала жазып, беделімді асырып кеткен   Володя, бірден маған шығып, осы спектакльдің мәтіндерін орыс тіліне аударып мақала беруімді өтінді. Мен қатты қиналсам да, өзімді-өзім жеңіп «Домбыра Сакена» деген мақала жаздым. Бұл мақала менің облысқа танымалдығымды арттырып, орыс-қазақ газеттері бірінен соң бірі менен Сәкен туралы тағы да мақалалар беруімді өтіне бастады. Ақыры бір емес, төрт-бес мақаланы бірінен соң бірін бере бердім, олар оны еш кедергісіз бастыра берді. Ал қазақ газеттері болса үнсіздік танытты. Орыс газетінің оқырмандары көбейді. Осындай күндердің бірінде В.Урюкин: «Төлеухан  сенің  Сәкен туралы мақалаларың республика бойынша ең үздік эсселер қатарына жатады» деп бір мақтап тастады.   Ақырында, газет редакторы А.Подавинников мені өздеріне меншікті тілші етіп алғысы келетінін жеткізді. Мен келісім бердім. Себебі журналист болу өмірлік мұратым болатын. Ол үшін, бүкіл облысты дүр сілкіндіретін өткір мақала керек дегеннен кейін  «Черствый хлеб Каражала» деген мақалам шыққан күні, қала әкімі «Сізбен бұдан әрі жұмыс істесе алмаймын» деді. Оның бұл әрекеті қатты резонанс тудырып, газет оқырмандары бірден мені қорғауға кірісті. Оны естіген газет редакторы — мені газет тілшісі етіп алды. Осылайша мен Сәкеннің арқасында орыс тілді журналистке айналдым.

Газет тілшісінің жалақысы мардымсыз болса да, газеттің редакция алқасы әр жұма сайын, ай сайын, тоқсан сайын бірауыздан менің мақалаларымды ең үздік, ең батыл мақала деп тауып, маған сыйақы ретінде арнайы гонорарлар жіберіп отырды. Ол уақытта бір қойдың құны 250-ақ теңге болса 10000 теңге алатын маған ай сайын 40 қой алуға болатын еді. Жасым қырықтың  алтауынан асқанша мен әңгіме-повестер, біздің өлкенің батырлары, билері, палуандары, шешендері, көсемдері туралы тарихи деректі материалдарды қазақ машинкасына ерінбей, жалықпай жаза берген болатынмын. Бұл уақытта балаларым да ер жетті, қолдары ұзарып, тұрмысымыз түзелді. Мен өз тапқанымды өзіме жұмсауға творчествоға өмірімді арнауға алаңсыз кірістім.   Ақырында қолжазбаларымды арқалап Алматыға тарттым. Бұл уақытта бұрынғыдай мемлекеттік баспахана жоқ, жекеменшік баспалар пайда болған. Тәуелсіздік жылдары көптеген мемлекеттік мекемелер жабылып, әркім өз күнін өзі көріп жатқанда, «Өлке» баспасын таптым. Оның директоры «Жалын» журналының редакторы екен. Менің бір мың бетке жететін көптеген қолжазбаларымды санағанда оны бастырудың құны жарты миллионнан асып кеткенде көзім бақырайып шыға келді.

Сәкеннің арқасында жазушы болдым

Редактор жігіт, менің шамамды көріп: «Ағай, сіз мына шығармаларыңызды қоя тұрып, Сәкен туралы топтамаларыңызды ғана бастырып көріңіз» деген ұсыныс  айтты. Мен бірден келісе кеттім. Ол есептей келе «Сәкеннің соңғы мүмкіндігі» деген атпен шығатын алғашқы кітабымның 1000 данасы бір жарым мың доллар болды. Егер сіз алдын ала залог берсеңіз үш айдың көлемінде кітабыңызды   шығарып береміз» деді.  Мен бір мың доллардың мөлшерінде төледім де елге келдім. Олар сегіз айда әзер шығарды. Он күнде дайын болады дегенге кітаптың қалған ақшасын алып Алматыға тарттым. Ақшасын төлеп кітаптың шығуын күтіп, он күндей жүріп қалдым. Ақыры кітап та шықты. Қатты қуанғаным сондай қалтамда қалған 70 теңгенің 30 теңгесіне бір шампан алып, баспахана қызметкерлеріне жудым. Үш  қап кітапты таксиге салып Бірінші Алматы вокзалының алдынан түстім.

Сәкеннің аты маған демеу болды

18-20 жасар жігіт даладағы столдың үстіне біраз кітаптарды жайып тастапты. Орыс кітаптары көп екен. Қазақ жазушыларының классиктері Мұхтар Әуезов пен Сәбит Мұқановтың  кітаптарынан басқа қазақша кітап жоқ. Қазақ жазушыларының кітаптарын сұрастырдым. Мұхтардың кітабы — 30, Сәбиттің кітабы — 20 теңге екен. Ешкім алмайды да, сұрамайды да, «Қазір ел кітап оқымайды, қазақшаны керек қылмайды» деді сатушы. Алдында жатған «қазақ шежіресі» деген шағын брошюра мен кішкентай ғана «Иманшарт» деген брошюра 90 теңге екен. Мен одан кітабымды сатып беруін өтіндім. — Ол қаншадан сатасыз? — деді. Мен — 100 теңгеден, — деп едім, ол: — Сіз түгілі Сәбит Мұқановтың кітаптары 20-ақ теңге. Кітабыңызды ешкім алмайды» деп, бірден кесіп айтты.  Оныкі рас болатын. Бірақ мен оған мойымай, бір пашке кітапты құшақтап вокзалдың ішіндегі жолаушыларға: — Мен Сәкеннің жерлес інісімін, Сәкен туралы кітапты өз есебімнен шығарып алып, еліме жете алмай тұрмын…- деп едім, қаптаған жұрт мені қоршап алды. Алматының айналасын мекен еткен қазақтар шелек-шелек алмаларын бір кітапқа айырбастап, тағы да үш қап  алмаға толды. «Бұларды қалай көтеремін?» деп тұрғанда,  арбакеш жігіттер менің 5-6 қабымды арбаларына салып жердің астындағы тоннельмен үшінші жолда тұрған «Алматы-Петропавл» пойызының бірінші вагонына  жеткізді. Проводник петропавлдық қазақ екен. Жүктерімді өзі көтеріп жүріп, ешқандай билетсіз-ақ бірінші купенің жүк салғыш кебежесіне, үшінші қатарына жайғастырып берді. Жарыққа жеткенше пойыздағы жолаушылар «Сәкеннің інісі келе жатыр екен» деп, маған сәлем беріп, автографімен кітаптарымды алып жатқанда, мен он күн бойы Алматыда аштан-аш жүргенімді ұмытып та кеттім.

Алматыда Сәкеннің туған бөлелері қолдап маған демеу болды

Алматыда көк тиынсыз қалып, аш жүргенде Көк базарды жағалап шекілдеуік шағып күн көрдім. Кеш бата, Марқан, Бәзилә деген ауылдас қарындастарым мен Әбутәліп ағамның үйлерін жағаладым. Соңғы үш күн бойы Сәкеннің туған анасы Жамалдың сіңлісі Жәмила Асқарқызының үйін паналадым. Олар мені туған нағашымыз деп қатты риза болды. Жәмила апай сексеннен асып кеткен болатын. Оның үлкен қызы Қаражалға келгенде маған мекен-жайын тастап кеткен. Мінекей, мені қиыншылық күндері қатты қолдаған Сәкен ағамыздың бөлелері болды. Олар Әуезов пен Сәтпаев көшелерінің қиылысында тұратын. Апайдың аттарын ұмыттым, бірақ асыл бейнесі көз алдымда әлі тұр.

Сәкеннің әруағы қолдаған  шабандоз

1997жылы танымайтын бір жігіт, менің кітабымды  қойнына салып, атқа шапқанда атының бәйгеден келіп, мотоцикл мінгенін мақтана айтты. Өзінің менімен танысуды арман етіп келгенін айтып жаны қалмады. Ол бәйгеге шығар алдында бейтаныс, ақжаулықты ананың алдынан жүгіріп шығып: — Балам, сені Сәкен атаңның әруағы қолдасын, мына кітапты қойныңа салып алып шапсаң, бәйгеден келесің… – деп, ақ бата бергенін айтты. Ал енді маған Сәкеннің шапағаты тимеді деп айтып көріңіз. Иманды болсын.

Төлеухан ІЛИЯСОВ,

Қаражал қаласының

Құрметті азаматы.