Қаражал қаласы әкімінің орынбасары Досбол Құлымбетов пен Қаражал қалалық мәслихатының төрағасы Зәмзагүл Оспанова жұқпалы аурулар бөлімі ғимаратындағы күрделі жөндеу жұмыстары барысымен танысып, сапасын бақылады.
Орайы келгенде айта кетейік, аталмыш нысандағы құрылыс жұмыстары үстіміздегі жылдың мамыр айында басталған болатын. Жоба келер жылы жүзеге асырылып, 2024 жылдың маусым айында пайдалануға берілуі тиіс. Қазір мұнда қарқынды жұмыстар жүріп жатыр. Аурухананың шатыры, қасбеті (фасад) жөнделуде. Нысанның есік-терезелерін бөлшектеу, кәріз, су құбырын, электр желілерін тарту жұмыстары жүргізілуде.
Аталмыш жұмыстармен Астана қаласынан келген «Гарейс Строй» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі айналысуда. Нысанды аралап, жұмыс барысымен танысқан Досбол Құлымбетов пен Зәмзагүл Оспанова мердігерлерге жұмысты ширатып, әр атқарылған істің сапасына назар аударуды, кестеден кешікпеуді қатаң тапсырды.
Өз тілшімізден.