Облыста футбол мектебі құрылады

Келесі жылы өңірде кәсіби футбол ойыншыларын дайындайтын балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ашылады. Бұл жайында Ұлытау облысының әкімі Берік Әбдіғалиұлы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен брифингте айтты.

«Қазақмыс» корпорациясының қолдауымен жүзеге асырылатын бастама Ұлытау облысына қарасты барлық қала, ауданда жүзеге асырылмақ. Ондағы мақсат – спорт мектептерінен іріктелген жүйріктерді екінші лигада ойын көрсету үшін жасақтау. Сонымен қатар, өңір басшысы облыстағы футбол ойынын дамыту үшін арнайы бағдарлама жасалып жатқанын жеткізді.

– Өңірдің абыройын асқақтатқан «ULYTAU» футбол клубы алдағы уақытта бірінші лигада ойын көрсететін болады. Ал спорт мектебінен жергілікті жас ойыншыларды іріктеп, 2025 жылы екінші лигада ойнайтын тағы бір команда құруды жоспарлап отырмыз. Бұл тұрғыда «Қазақмыс» корпорациясына алғыс білдіреміз, – деді Берік Әбдіғалиұлы өз сөзінде.

Сонымен қатар, брифингке «Kazakhmys Barlau» ЖШС бас директоры Ғалым Нұржанов, «ULYTAU» ФК-ның бас директоры Талғат Байсуфинов қатысып, өңірдегі футбол ойынын дамытудағы жоспарларымен бөлісті. Белгілі болғандай, қазіргі уақытта тренерлік құрамда 6 жергілікті қызметкер бар. Олар кәсіби біліктілікті арттыру үшін арнайы оқудан өткен.

Сондай-ақ, брифинг барысында футболшылардың жалақысына қатысты орын алған мәселе де оң шешімін тапқаны айтылды.

Досан ДУЛЫҒАЛЫ.