Сәуір айының 14-і күні Қаражал қаласында тұрғындармен тұрақты кері байланысты қамтамасыз ету және өзекті мәселелерді дер кезінде шешу мақсатында кезекті есептік кездесу өтті.
Қаражал қалалық мәслихатының депутаты Зәмзагүл Оспанова өз сайлау округінде тұрғындармен жүздесіп, олардың ұсыныс-пікірлерін тыңдады.
Кездесуге облыстық мәслихат депутаты Артем Ким, сондай-ақ тиісті салалық бөлімдердің басшылары мен жауапты мемлекеттік мекемелердің өкілдері қатысып, көтерілген мәселелер бойынша пікір алмасты.
Жиын барысында ол «AMANAT» партиясының «Халықпен бірге!» атты сайлауалды бағдарламасын жүзеге асыру мақсатында Қаражал қаласы бойынша әзірленген Жол картасының орындалысы туралы атқарылып жатқан жұмыстарға тоқталып, тұрғындарға ақпарат берді.
Өз кезегінде тұрғындар да көптен бері шешімін таппай келе жатқан бірқатар мәселелерді көтерді. Атап айтқанда, Мақатаев көшесі бойына балалар ойын алаңын салу қажеттілігі, коммуналдық қызметтердің сапасы, қалаға газ тарту мәселесі, сондай-ақ жаңа кәріз жүйесінің іске қосылуы секілді өзекті тақырыптар қозғалды.
Кездесу барысында қойылған сұрақтарға тиісті жауаптар беріліп, барлық көтерілген мәселелер өз бақылауына алынды.
Сонымен қатар, жауапты сала өкілдеріне мәселелерді жан-жақты зерделеу және кезең-кезеңімен шешу бойынша нақты ұсыныстар берілді.
Мұндай кездесулер халық пен билік арасындағы ашық әрі тиімді диалогты қалыптастырып, тұрғындардың ұсыныс-пікірлерін ескеруге мүмкіндік береді. Алдағы уақытта да осы бағыттағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасын табатын болады.
Өз тілшімізден.
