Отбасы – босағасы берік, бірлігі бекем киелі шаңырақ

Қыркүйектің екінші жексенбісі – елімізде айрықша жылылық пен мейірімге толы мереке – Отбасы күні атап өтіледі. Мемлекеттің ең кіші, бірақ, ең маңызды ұяшығы болып табылатын отбасы – әрбір адамның өмірдегі сенімді тірегі, асыл қазынасы әрі рухани панасы.

Отаудың іргетасы тек ортақ тұрмыспен емес, бауырмалдық, сыйластық және жауапкершілік сияқты асыл құндылықтармен қаланады. «Отан – отбасынан басталады» деген аталы сөздің астарында үлкен мағына жатыр. Баланың тұлға болып қалыптасуы, ұлттық әдеп пен тәлім-тәрбиені бойына сіңіруі ең алдымен шаңырақтағы үлкендердің өнегесінен бастау алады. Ата-ананың бір-біріне деген құрметі мен балаға деген шексіз махаббаты – келешек ұрпақтың салауатты да өрелі болып өсуіне жол ашады.

Бүгінгі таңда Қаражал қаласында отбасы институтын нығайту, әйелдер мен балалардың құқығын қорғау, сондай-ақ, қоғамдағы рухани-адамгершілік құндылықтарды қайта жаңғырту бағытында жүйелі әрі ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып келеді. Осы орайда, қалада арнайы құрылған жергілікті институттар мен комиссиялардың атқарып отырған үлесі орасан.

Ең алдымен, Отбасын қолдау институты өмірлік қиын жағдайға тап болған шаңырақтарға дер кезінде психологиялық, әлеуметтік және құқықтық көмек көрсетіп, отбасылық жанжалдарды бейбіт жолмен шешудің негізгі орталығына айналды. Ал ұлттық тәрбиенің темірқазығы болған Аналар кеңесі ұрпаққа әдеп пен ізеттілікті дарытып, жас отау иелеріне бағыт-бағдар беретін ақылшы мектепке айналып отыр. Сонымен бірге, гендерлік саясат жөніндегі комиссия қоғамдағы ерлер мен әйелдердің тең мүмкіндіктерін қамтамасыз етуге ықпал етсе, отбасындағы зорлық-зомбылықтың алдын алу комиссиясы тұрмыстық қысымға жол бермеу, зардап шеккен жандарға пана болу және құқықтық қорғау шараларын табанды түрде жүргізіп келеді.

Осы құрылымдардың үйлесімді әрі бірлескен қызметі қаламыздағы жүздеген отбасының іргесі шайқалмай, аман-есен сақталуына үлкен септігін тигізуде. Тұрмыстық мәселелер мен түсініспеушіліктерді дер кезінде анықтап, алдын алу – салауатты да қауіпсіз қоғам қалыптастырудың басты кепілі.

Отбасылық құндылықтарды ұлықтаудың тағы бір жарқын үлгісі – дәстүрлі түрде ұйымдастырылатын «Мерейлі отбасы» ұлттық конкурсы. Жыл сайын өтетін бұл өнегелі сайыс биыл да өз жалғасын тауып, қаламыз үшін үлкен мақтанышқа айналды. Конкурста қаражалдық Сағындықовтар отбасы облыс көлемінде топ жарып, бас жүлдені иеленді. Ендігі кезекте бұл өнегелі шаңырақ республика төрінде қаламыздың атынан өнер көрсетіп, ел намысын қорғайтын болады. Сағындықовтар әулетінің бұл жеңісі – қаламыздағы әрбір шаңыраққа берілген үлкен серпін әрі үлгі-өнеге.

Қазіргі қарбалас заманда Отбасы күнінің берер тағылымы мол. Бұл күн – жақындарымызға тағы бір мәрте сүйіспеншілік білдіріп, уақыт бөлудің, дастарқан басында бас қосып, арқа-жарқа әңгіме-дүкен құрудың тамаша себебі.

Отбасының бүтіндігі мен ынтымағы – тұтас қоғамның тұрақтылығы мен елдің болашағының кепілі. Отбасы күні – бұл жай ғана күнтізбедегі дата емес, ең жақын адамдарымызға мейірім сыйлап, олардың қоғамдағы орнын тағы бір рет ұлықтайтын айтулы сәт. Әрбір шаңырақта сыйластық, түсіністік пен береке салтанат құрғанда ғана еліміздің еңсесі биік болмақ. Қаламыздағы әрбір ошақтың оты өшпей, босағасы берік, ынтымағы бекем болғай!

Жазира СЕЙДҒАБИҚЫЗЫ