Орталық сайлау комиссиясы Қазақстан Республикасының  Президенттігіне кандидат Б. М. Жаңабаевтың  сәйкестігін белгілеу туралы қаулы қабылдады

2022 жылғы 13 қазанда Нұрлан Әбдіровтің төрағалығымен Қазақстан Республикасы Орталық сайлау комиссиясының отырысы өтті. Оған мемлекеттік органдардың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдері, бейнеконференцбайланыс режимінде облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және астананың аумақтық сайлау комиссияларының мүшелері қатысты.

Отырыста Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Бақыт Маратұлы Жаңабаевтың сәйкестігін анықтау мәселесі қаралды.

Күн тәртібіндегі мәселе бойынша Ортсайлауком мүшесі Сәбила Мұстафина баяндама жасады. Ол Қазақстан Республикасы Президенттігіне кандидат  Б.М. Жаңабаевқа қатысты сайлау туралы Конституциялық заңның 59-бабының талаптарына сәйкес ҚР ОСК уәкілетті мемлекеттік органдарға тиісті сұрау салулар жіберілгенін хабарлады. Түскен мәліметтерге сай, Б.М. Жаңабаевқа қатысты Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат ретінде тіркелу үшін кедергілер жоқ екені аңықталды.

Мәселен, ҚР Бас прокуратурасының Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің мәліметіне сай Б.М. Жаңабаев Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатқа қойылатын Конституция мен «ҚР сайлау туралы» КЗ талаптарына сәйкес келеді.

Ұсынылған мәліметтерге сай:

Ішкі істер министрлігі Бақыт Маратұлы Жаңабаев тумысынан Қазақстан Республикасының азаматы болып табылады, Қазақстанда соңғы 46 жыл бойы тұрады;

Мемлекеттік қызмет істері агенттігі мемлекеттік қызметтегі және сайланбалы мемлекеттік лауазымдардағы жұмыс тәжірибесі – 21 жыл;

Әділет министрлігі Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты ұсынған «Қазақстандық футбол әуескерлерінің лигасы» Республикалық қоғамдық бірлестігінің Әділет министрлігінде тіркелгені туралы құжаты бар.

Лингвистикалық комиссияның 2022 жылғы 13 қазандағы қорытындысы негізінде мемлекеттік тілді еркін меңгерген.

Жоғары білімі бар.

Осыған байланысты Ортсайлауком қаулы етеді:

1. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидат Бақыт Маратұлы Жаңабаев Қазақстан Республикасының Конституциясында және «Қазақстан Республикасындағы сайлау туралы» Қазақстан Республикасының 1995 жылғы 28 қыркүйектегі Конституциялық заңында оған қойылатын талаптарға сәйкес екені анықталсын.

2. Қазақстан Республикасының Президенттігіне кандидатты қолдайтын қолдарды жинау үшін қол қою парақтары қажетті мөлшерде берілсін.

Қол жинауды кандидаттың сенім білдірілген адамдары жүзеге асырады. Сенім білдірілген адамдарды тіркеуді аумақтық сайлау комиссиялары ортсайлаукомның 2011 жылғы 21 қарашадағы № 62/108 қаулысымен бекітілген Нұсқаулық негізінде жүзеге асыратын болады.

Отырыс қорытындысы бойынша Орталық сайлау комиссиясында бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің қатысуымен брифинг өтті, онда ҚР ОСК мүшелері БАҚ сұрақтарына жауап берді.