Мәдениет – ұлт өмірінің айнасы, ғасырлар бойы үзілмей келе жатқан халықтың рухани келбеті, мейірімі мен парасат-пайымы. Дана халқымыз «Өнер – ұлттың жаны» деп бекер түстемесе керек. Өркениетті ұлт, ең алдымен, тарихымен, өнерімен, әлемдік мәдениеттің алтын қорына қосқан үлесімен танылып, бағаланады.
Иә, қашан да өнер адамдары біз үшін еңсесі биік, жарық жұлдыз, рухы жоғары болып танылған. Халыққа жақын бұл мамандық иелері жайлы жайдан-жай сөз қозғалмаса керек.
Бәрімізге мәлім 2013 жылғы ҚР Президентінің Жарлығына сәйкес 21 мамырда Мәдениет және өнер қызметкерлерінің күні мерекеленеді. Осыған орай, өңіріміздегі өнеріміздің көкжиегін кеңейтіп жүрген өнер адамдарының арасында жан салмай қызмет атқарып жүрген жандардың бірі Қаражал қаласы мәдени-сауық орталығының бағдарлама жасау жөніндегі әдіскері Фарида Түсіпова жайлы болмақ.
Бүгінгі кейіпкерім қазіргі Ұлытау облысы, Жаңаарқа ауданына қарасты Ақтау ауылында 1991 жылы дүниеге келген. Сол ауылдың орта мектебін тәмамдап, Е.Бөкетов атындағы Қарағанды университетінің экономика факультеті туризм кафедрасына оқуға түседі. Кейін жоғарғы оқу орнын тәмамдап, 2011 жылы Қаражал қаласының мәдени-сауық орталығында үйірме жетекшісі болып, алғашқы еңбек жолын бастаған екен. Алайда, өнер ордасына келген соң жас маман тек үйірме жектекшісімен шектеліп қалмай, басқа да жұмыстарға, яғни, концерттік бағдарлама ұйымдастыру, сценарий жазу сияқты әртүрлі қызметке белсене араласып кетеді. Кейін Фарида 2014 жылы қазыналы қаламыздан өз бақытын тауып, шаңырақ көтереді. Әлбетте, тұрмыстағы жас қыздың күйбең тіршілігінен бастап, декреттік демалысы жалғасын тауып, сүйікті ісінен қол үзуге мәжбүр болады. Өз мамандығына деген сүйіспеншілігі соншалық, Фарида кейін өзінің сүйікті жұмысына қайта оралады.
Өнер жолы – даңғыл жол екені бәрімізге мәлім. Мәдениет саласындағы оның ішінде сахна төріндегі әртіс, жүргізушілер әдемі сөйлеп, керемет көрінгенімен оның артында қаншама майталман мамандардың еңбегі елене бермейтіндігі, олардың барын бірі білсе бірі біле бермейтіндігін кейде әділетсіздікке жатқызып жатамын, өз басым. Яғни, журналистика саласындағы дикторлардың артында мықты редакторлар тұрса, мәдениет саласының жүргізушілердің шашбауын көтеріп жүрген мықты сценаристер екенін ұмытпағанымыз абзал. Солардың бірі де бірегейі бүгінгі кейіпкерім, мықты сценарист Фарида сіңілім десем артық емес. Фаридамен сұхбат барысында өзінің жұмысын қадірлейтіні, өзінің ісін мақтан тұтаныны сөзінен байқалып тұрды. Тіпті, кейіпкерімнің қарапайымдылығы соншалық, сахна сыртындағы жұмысы жайлы ауыз толтырып, қызығы мен шыжығы қатар жүретіндігін де әдемі, қарапайым тілде жеткізе алды.
— Тойдың болғанынан боладысы қызық демекші, концерт те дәл солай, болғанынан боладысы қызығырақ мен үшін. Көрермен залда отырып, көп нәрсе байқамауы мүмкін, алайда біз сыртта тұрып, кейде техникалық ақауларды да байқап қалып, соны уайымдап тұрамыз. Тіпті, өнер адамдары өте сезімтал ғой, сахна сыртында тұрып, концерттің әсерлігіне жылап та алатын кездеріміз болады, — деп жымиды Фарида.
Әріптестері жайлы да бірер сөз айтып кеткенді жөн көрген кейіпкерімның бауырмалдығын байқап қалдым. Мереке күндері демалмай, қайта жұмыстары қыза түскеніне қарамастан, бала-шағаға қарамай, жұмыс бабына қатты мән беретін әріптестерін мақтай жөнелді. Расымен, елге қызмет ету жолын бірінші қойған бұл маман иелерінің жан-дүниесін түсіну де оңай емес. Әлбетте, жақындарының қолдауы бұл маман иелеріне ауадай қажет екені бесенеден белгілі. Бүгінгі таңда өз ісінің маманы Фарида Түсіпова Айдын атты ер-азаматтың сүйікті жары, екі баланың бақытты анасы. Дегенмен, кәсіби сценарист болғандықтан шығар, өз ойын тұщымды етіп жеткізе алған кейіпкеріме дән риза болдым.
Рухани байлықты дамытуда және мәдени дәстүрлердің дамуы мен сақталуы ісіне қосқан мәдениет саласы қызметкерлерінің үлесі расымен орасан зор. Еңбектеріңіз жана бергей! Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын!
Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ