ӨҢІРДЕГІ ӨЗЕКТІ МӘСЕЛЕЛЕРМЕН ТАНЫСТЫ 

Өткен аптаның сәрсенбінің сәтінде Қаражал-Жәйрем аймағына жұмыс сапарымен Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев келді.

Іс-сапар барысында өңір басшысы Тілектес Досаевтың сүйемелдеуімен «Жәйрем кентіндегі кәріз желілерін қайта жаңғырту» жобасы аясында атқарылып жатқан жұмыстарымен таныстырылды. Қайта жаңартылған кәріз желілерінің ұзындығы 76,424 км. Жәйрем кентінің кәріз желілерін қайта жаңғырту жұмыстары артығымен орындалуда. Осыған байланысты жобаны жоғарыда тұрған бюджет қаражатынан қосымша қаржыландыруға бюджеттік өтінім беріліп, салалық бөлімге тапсырылды. Биыл бюджетті үнемдеу есебінен республикалық немесе облыстық бюджеттен қаржыландыруға мүмкіндік туатынын да өңір басшысы жеткізді.

Одан әрі жұмыс сапары республикалық маңызы бар «Атасу-Қаражал» тас жолын аралаумен жалғасты. Оның жалпы ұзындығы 90 км. Бүгінгі таңда жоба бағасының өсуіне байланысты түзетуден өтуде. Ағымдағы жылдың мамыр айында жоба шыққаннан кейін оны одан әрі жүзеге асыру жалғасады.

Бұдан әрі жұмыс сапары аясында ҚР Парламенті Сенатының депутаттары аймақ тұрғындарымен жеке қабылдау өткізіп, барлық мәселенің шешімін бірлесе отырып қарастырды.

Мәселен, Қаражал қаласының Құрметті азаматы Мешітбай Омар ағамыз Қылыш су қоймасынан тұрмыстық қажеттілікке пайдалануға су тарту және Қылышқа баратын тасжолын жөндеу жөнінде мәселе көтерді. Бүгінгі күні қала халқы Тұзкөл су қоймасынан келетін тұщы суды тұрмыстық қажеттілікке пайдаланып отырғанын және соның алдын алу шараларын қолға алуды Мешітбай аға ұсынды. Расымен, бұл мәселе жылдар бойы жауыр болғаны бәрімізге мәлім. Бұл мәселені міндетті түрде депутаттар қолға алатынын айтып жеткізді. Сондай-ақ, қаламыздың жеке кәсіпкерлер тарапынан да сұрақтар туындады. Яғни, Гүлдана Күзекбаева Қаражал қаласында «Қазпошта» АҚ жеке бөлімін ашу және сол бөлімнің қызметкерлерінің еңбек ақысын көтеру жайлы сөз қозғады. Ал, Қаражал қаласындағы электр энергиясының сапасының төмендігі (Электр энергиясының әлсіз кернеуі) туралы мәселесін жеке кәсіпкер Вера Юн көтерді. Бұл мәселелер бойынша депутаттар тұрғындарға жеке хат арқылы шығуын өтініп, бұл мәселелердің де шешімін қарастыратынын жеткізді. Ал, қала тұрғыны Екатерина Андреевна Қаражал қаласындағы бірнеше мәселе бойынша келіпті. Әсіресе, қаламызда білікті медициналық дәрігерлердің тапшылығы, қаңғыбас иттердің көбеюі халыққа оның ішінде балаларға қауіп төніп тұрғаны жайлы жеткізді. Бұл мәселенің де түйіні шешілетіні жайлы депутаттар тәптіштеп түсіндіріп берді. Ең соңында Жәйрем кентінің тұрғыны, «Жәйрем-Болашақ» КҚК директорының орынбасары Асқарәлі Омаров мырзаның да өтініштері тыңдалды. Атап айтсақ, кәріз құбырларының қақпақтары ұрлануы жөнінде мәселе көтерді.

-Бетоннан құйсақ үгітіледі, кейінгі модельмен шыққан пластмассадан жасалған қақпақтар сынып кетеді, ал темірден салсақ ұрланады, – деп Асқарәлі ағамыз назын жеткізді. Осыған қарамастан 60 темірден жасалған қақпаққа тапсырыс берілгенін және оның ұрланбауына кепілдік жоғын да айта кетті. Осыған заң аясында қандай да бір шешім тауып беруін өтінді. Алайда, депутаттар бұл мәселенің алдын алу жолдарын қарастырды. Яғни, бейнебақылау арқылы немесе полиция қызметкерлерінің көмегі арқылы ұрлық үстіне түсіп, қатаң жазалау керектігін жеткізді. Келесі мәселе -коммуналдық сала қызметкерлерінің жалақысын көтеру арқылы мамандарды тарту керектігін айта кетті. Әлбетте, шешілмейтін мәселе жоқ, оның да түйінін тарқатуды қарастыратынын жеткізді. Жоғарыда айтылған барлық мәселе тек тұрғындарды ғана емес жергілікті билікті де алаңдатарлығы анық.

Бұдан әрі жұмыс сапары аясында Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының депутаттары Қаражал қалалық мәслихатының депутаттарымен кездесті. Жергілікті депутаттар да өңірдегі бірқатар мәселенің шетін шығарып, түйткілді түйінді тарқату жолдарын қарастыруды да өтінді. Әлбетте, өңірдегі яғни, халықтың мұң-мұқтажын тыңдап, Сенат депутаттары жергілікті депутаттарға барлық мәселені бірлесе отырып шешуге шақырды. Тіпті, әрбір мәселенің өз маманын алып келіп, уақыт создырмай сол жерде шешу жолдарын да талқылады.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Серік Шайдаров пен Советбек Медебаев жоғарыда аталған жергілікті биліктің қызметіне оң баға беріп,  Қаражал қалалық мәслихатының депутаттарына сәттілік тіледі.

Мөлдір ХАМИТҚЫЗЫ